Мәңгілікке ұмтылған рух
Өмірдің өткінші, мәңгілік ешнәрсе жоғын білеміз. Бұл – адамның рухани жетілуінің белгісі. Бірақ сонымен бірге тіршіліктің мәнін сезіну, әр сәттен, әрбір оқиғадан қуаныш табу, барға қанағат ету –өмірге деген құштарлықтың белгісі. Осы екі ұғым – өткіншілік пен мән бірін-бірі толықтырып, адамды сабыр мен шүкірге жетелейді. Түбінде кім-кімнің де тәні топыраққа айналғанымен, адамның ісі мен сөзі, қалдырған өнегесі өз ізін қалдырады, біреудің ізгілікті ісін ұрпағы жалғастырады, біреу еңбегімен, біреу жасаған жақсылығымен есте қалады.Осындай асыл жан Әлима Сағынаеваның балалары, туған-туыстары ғана емес, көзі тірісінде араласқан барша жан сағына еске алады, ол соған лайықты адам еді. Уақыт өтсе де, жүректегі жылу сөнбейді. Өткен өмірдің әр сәті – естелік, жақсыны уақыт ұмыттырмайды, керісінше қадірін арттырады.
Әлима Төлебайқызы 1949 жылы 20 қазанда Тереңөзек ауданының Шаған ауылында дүниеге келген. Өткен ғасырдың 40-шы жылдарының аяғы ауыр кезең еді. Ел соғыстың зардабынан есін енді жия бастаған. Күн көріс қиын, жұрттың жүзі жабырқау, бірақ адамдардың жүрегінде жылылық бар еді. Әлима апамыз да білімге құштар болды. 1956 жылы Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-интернатында оқып, мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы қаржы-несие техникумына оқуға түседі.
Әлиманың әкесі Төлебай Сағынайұлы ауылдық кеңестің кеңсесінде есепші болған, ал анасы Күлжан шаруашылықтың ірі-қара фермасында сауыншы еді. Осынау тамаша отбасында өскен 4 қыз, 2 ұл түрлі мамандықты таңдаса, біздің кейіпкеріміз әке жолын қуды. Ол есеп-қисаптың дәлдігін, тәртіптің қадірін бала кезінен көріп өсті. Әкесі үнемі: «Ең бастысы – өз ісіңді жете меңгеру және таза болу, қалғанының бәрі өз ретімен келеді» деп отыратын. Алғашқы еңбек жолын Тереңөзек кентіндегі мемлекеттік банктің аудандық филиалында қаржыгер болып бастады.
Қарапайым қызметтің өзінде ол үлкен жауапкершілікті сезінетін. Қағазға түскен әрбір сан өмірдің ізі сияқты өрнектелетін. Әкесі секілді тынымсыз еңбек адамға бақыт сыйлайтынын түсінді. Күнделікті тірлікте иығына түскен жауапкершілік жүгін сезіне білді.
Иә, өмір осылай өзінің табиғи заңдылығымен, тіршілік қаракетімен өте берді. Әлима Төлебайқызы 1987-1989 жылдары қаржы-есеп орталығы банкісінде несие бөлімінің басшысы, 1989-1996 жылдар аралығында акционерлік-коммерциялық агробанкі директорының орынбасары, 1996-2001 жылдары сол банкінің басшысы болып қызмет етті. Апамыз ең бастысы елге еңбек ету, өз еңбегіңмен, білім-біліктілігіңмен, ісіңмен халқыңа пайда тигізу деп білді. Бұл адам өмірінің мәнін арттыратын, өз балаларына ғана емес, өскелең ұрпаққа өнеге болатын қасиет.
Абзал жан қызмет барысында қатар құрбылары бүгінде ауданның абыз аналарына айналған Алмагүл Бақтиярова, Ұлмекен Жанәлиева, Гүлбар Әбілова, Әлия Төлеуова және Балшекер Өтегенова тағы басқаларымен сыйластық қарым-қатынаста болды. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Олардың арасынан Ғалым Бакиров бүгінде аудан әкімдігінің бас есепшісі, Айгүл Хабиева Сырдария аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары.
Әлима Төлебайқызы банкінің басшысы болып қиын уақытта жұмыс жасады. Алматы халық шаруашылығы институтын сырттай бітірген ол қаржылық операцияларды ғана емес, қаржы саясатын жақсы білетін тәжірибелі маман еді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттегі, қоғамдағы қиындықтарды еңсеруге бір адамдай атсалысты. Бұл орайда маман ретінде іскерлік, басшылық, жауапкершілікпен қатар ақыл-парасат пен адамгершілік қасиеттің де орны ерекше. Себебі, қабілет пен біліктіліктің шынайы бағасын адамдық қасиет қана анықтайды. Жүрегінде ізгілік ұялаған жанның ісі де, сөзі де, қарапайым адамдардың жағдайын жақсартуға арналады.
Бұл кісі 2001 жылдан өмірінің соңына дейін «Наурыз банктің» облыстық филиалында қарыздарды қайтару жөніндегі маман қызметін атқарды. Асыл жан 2002 жылдың 24 қаңтарында 53 жасында ауыр дерттен өмірден озды.
Адам өмірі ұрпақ жалғастығымен құнды. Ізгі істері мен адал еңбек қызы мен ұлдарының бойында сақталып, сол арқылы екінші өмірі басталады. Әлима Төлебайқызы өмірлік жары Бақтияр Какпановпен 1976 жылы отасып, дүниеге бір қыз, екі ұл әкелген. Бақтияр әкеміз Тереңөзек кәсіптік-техникалық училищеде 40 жылдай уақыт еңбек еткен, директордың оқу-өндірістік орынбасары болған абзал жан еді. Қызы Ғалия Сырдария аудандық білім бөлімінде әдіскер, ұлы Нұрлан аудандық қаржы мекемесінде қаржыгер қызметін атқарса, Ержан Тереңөзек кенті әкімі қызметін абыроймен атқаруда.
Адам өмірі жарық сәуле секілді, белгілі бір уақытта жарқырап көрініп, кейін көзден таса болады. Бірақ сол сәуле мүлдем сөнбейді, өмірде өз ізін қалдырады. Өмірден озған адамның жасаған ісі мен жақсылығы көз көргендердің есінде қалады.
Адам өмірінің мәні – ұзақ жасауда емес, артында жақсы ат қалдыруда. Кімде-кім өз ғұмырында адамдықты ту етсе, оның рухы мен өнегесі естелікке айналып, жүректерге жылулық береді. Апамыз өмірден өткенімен, көңілде қалды, бұл – адам баласының мәңгілікке ұмтылған рухының көрінісі.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі








