Шағандық оқушы миллионер атанды
Жақында Қызылорда қаласында InnoFest Qyzylorda 2025 инновациялық идеялар фестивалі өтті. «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ұйымдастырылған фестивальге ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен танымал тұлғалар мен жастар қатысты.Аймақ дамуына қажетті инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру мақсатын көздеген іс-шарада жаңа есімдер анықталды.
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі аппаратының басшысы Әділхан Мұхамедияров қатысушыларды фестивальдің ашылуымен құттықтады.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бізге жасанды интеллект технологиясын дамытатын, оны күнделікті өмірге енгізе алатын мамандардың жаңа буыны қажет. Жастар ІТ саласын, стартап мәдениетін, жасанды интеллект пен Big Data технологиясын меңгерсе, Қазақстанның болашағы мықты болады» деп, алдағы үш жылда еліміздің цифрлы мемлекетке айналуы керектігін атап өтті. Қызылорда экожүйесі дамыған, цифрлы мүмкіндіктері бар жаңа заманның жаңғырған қаласы ретінде жасанды интеллект жобаларын батыл енгізетін аймақтардың бірі болуы керек. Бұл бағытта цифрлық технологияларды дамытуға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Шын мәнінде, InnoFest – мүмкіндіктер алаңы. Бүгін де араларыңыздан жасанды интеллектті жаңа деңгейге көтеретін, қазақстандық нейрожүйе жасайтын жас ғалымдар мен инноваторлар шығады деп сенеміз. Сондықтан өз идеяларыңызды нақты өнімге айналдырудан қорықпаңыздар! Біз сіздерді әрдайым қолдаймыз! Қатысушыларға сәттілік тілеймін!, – деді Әділхан Мерекеұлы.
Биылғы жобаның жүлде қоры 5 400 000 теңгені құрады. Әр секциядан үздік шыққан жастарға Халықаралық ІТ, Астана ІТ, Қорқыт Ата, «Болашақ» және Ашық университеттерінің оқу гранттары, фестиваль серіктестерінен бағалы сыйлықтар табысталды.
Шабыт пен жаңашылдық мерекесіне өзінің идеясы мен ұшқыр ойын ауданның №37 мектеп-лицейінің оқушылары ұсынып, үздіктер қатарынан көрінді. Бойындағы талантын өнермен, біліммен ұштастырған, инновациялық жобасымен көзге түскен осы мектеп-лицейдің 7-сынып оқушысы Нұрислам Айбекұлы бірінші орын алып, 1000000 теңге сыйлық иесі атанды. Сондай-ақ осы мектеп-лицейдің оқушылары Інжу Амангелдиева екінші орын алғаны үшін 500000 теңге, Ақан Әділхан мен Асылхан Әділхан 300000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Байқауда ерекше жобасымен көзге түскен 5 сынып оқушысы Айару Сәбит және 2 сынып оқушысы Айсезім Сәбит шығармашылық ізденісімен көптің ықыласына бөленді.
Бұл жетістік оқушылардың еңбегі ғана емес, оларға бағыт-бағдар беріп, әр қадамда демеу болған ұстаздары – информатика пәні мұғалімдері Гүлзат Ыбрайым мен Айнұр Нұрланова, тарих пәні мұғалімі Күлайша Асқарова және математика пәні мұғалімі Мирамкүл Молдажарованың табанды еңбегінің жемісі. Жобаны үздік қорғаған оқушылар еңбек пен табандылықтың, ұмтылыс пен үздіксіз дамудың нәтижесін көрсетті. «Әр қадам – жаңа тәжірибе, әр жетістік – жаңа мақсатқа жол» ұстаныммен биік белесті бағындырған сырдариялық шәкірттерді шын жүректен құттықтаймыз.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ









