Ой тудырған оғаш әдеттер
Қиял – Құдайдың адамға берген үлкен нығметтердің бірі. Кез келген адам қиялдай алады. Идеяларын қағазға түсіру үшін қаламгерлер әртүрлі тәсілдер қолданды. Оғаш қылықтарға да барды. Әркімнің өзінше әдісі болды. Мақсаттарына жету үшін түрлі жолдарды таңдады.Кейбір жазушылар төсекте жатып жазуды жөн көрді. Марк Твен, Вуди Аллен, Джордж Оруэлл, Эдит Уортондар үшін төсек пен шабыт егіз ұғымға айналды. Аталған қаламгерлер шалжиып жатқанда зейіндері ашылып, жұмысқа жақсы шоғырланатындарын байқаған. Туындыларының басым бөлігі төсекте жазылған.
Ал Эрнест Хемингуэй, Чарльз Диккенс, Вирджиния Вулф, Льюис Кэррол, Филип Рот секілді қаламгерлерге тікесінен тік тұрып, сағаттап жазу қолайларына жақты. Бойкүйездік пен жалқаулықтарын осылайша жеңді.
Ал Әйгілі «Үш ноян» кітабының авторы Александр Дюма жұмыс барысында түстерге ерекше мән берді. Шығармаларының жанрларын түстерге бөліп тастады. Бір уақытта бірнеше стильдегі шығарма жазуға төселген қаламгер ойы шатаспас үшін қызыл түспен мақалаларын белгілесе, көк түспен фантастикалық романдарын, сары түспен поэзиялық шығармаларын белгілеп, жұмыс үстелін тәртіпке келтірді.
Дэн Браун болса үстелге әдейілеп құм сағат қоятын болған. Құм сусып біткенде орнынан атып тұрып, серпіліс жасап, жүз мәрте отырып-тұруды әдетке айналдырған.
Кино сценарист Аарон Соркин шығарма жазу барысында диалогтардың шынайылығын тексеру үшін әр кейіпкердің образына кіріп, дауыстап оқитын болған. Айнаның алдына барып, өз-өзімен сөйлеседі. Дауласады, жылы лебіз білдіреді, ұрсады, кешірім сұрайды. Шығармада қанша кейіпкер болса сонша образды бір өзі сомдайды. Бірде Аарон өкініштен өзегі өртенген кейіпкерін ойнап жатып, беріліп кеткені сонша, бетін айнаға ұрып, тұмсығын сындырып алады.
Әдетте ақын-жазушылар, сценаристтер мен журналистердің кофеге құмар келетінін жақсы білеміз. Көпшілігі кофені ұйқы ашып, сергу үшін қолданса Оноре де Бальзактің шабытының қайнар көзі кофе болса керек.
Ал қоғам қайраткері, тілші-ғалым Нұртас Оңдасынов үйін жұмыс орнына сәтті айналдыра білді. Таңғы сегізде шайын ішіп алған соң, костюмін киіп, туфлиін жылтыратып майлап, бөлмесіне кіріп кетеді екен. Содан түскі асқа дейін сөздік жазады да, ауқаттанып алған соң, жұбайымен екі сағат серуенге шығады. Сосын бөлмесіне қайта кіріп, кешке дейін отырады. Осындай тәртіппен үйде отыз жыл жұмыс істеген екен. Түрік жазушысы Орхан Памук те костюмге ерекше мән береді. Таңертең үйден костюм киіп шығып, жарты сағат серуендеп үйіне қайта оралып, жұбайымен ресми түрде амандасып, бөлмесіне кіріп, жазуға отырады екен. Міне, қызық!
Фото: ашық дереккөз
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ








