Кредит немесе кіреді ит
«Кредит төлейтін уақыт келді, ақшаны қайдан табамыз?» Міне, осындай сұрақ қазір көп отбасындағы басты мәселе деп айтсақ қателеспейміз. Несиені аларда тегін ақша таратып жатқандай қуанамыз, ал төлерде тыпыршып кететініміз тағы бар. Талай жанды несібесінен айырған сол несиенің жыры бітер емес.
Қазақта «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деген тәмсіл бар. Бірі той үшін, бірі ем үшін, бірі қымбат көлік, тұрмыстық техника, енді бірі соңғы үлгідегі ұялы телефон үшін, тіпті құндыз тон үшін банкке жылдар бойы қарызданып жүруді қалыпты жағдайға айналдырған. Бір айлыққа күн көріп отырған, айлығы-шайлығынан артылмайтын әрбір жанның басында 2-3 несиеден бар. Осындайда көрпеге қарай көсілуді де ұмытып, ретті-ретсіз көп мөлшерде қарызға ұрынатындар да жетерлік. «Несиесі жоқ адам бақытты адам» деген сөз де пайда болды қоғамда. Банкке бас сұғып қызметіне жүгінбеген, өсімақымен несие алмаған адам некен-саяқ.
– Мен өзім көпбалалы анамын. Жолдасым маусымдық жұмыс жасағандықтан кейде қыста жұмыстың көзі болмай да қалады. Үлкен ұлым 4-курс студенті. Қатарынан қалмау үшін оқуға түсірерде кредит алғанбыз. Міне, сол кредитті әлі төлеп келеміз. Қымбатшылық қинаған сәтте, ақша жетпей жатқанда бір несиені жабу үшін екінші несие алып жататынымыз бар, – дейді кент тұғыны Г.Жұманқызы.
Несие – әдетте пайыз төлеу шартымен ақшалай немесе тауар ретінде берілетін қарыз. Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылдың 1 сәуірдегі жағдай бойынша банкте 7 939 000 қазақстандықтың несиесі бар. Қарыздың жалпы сомасы 15 трлн теңгеден асады. Соңғы жылдары қазақстандықтар тұтынушылық несиесін көптеп ала бастаған.
– Соңғы 2 жылда тұтынушы кредиттердің өсу қарқыны байқалады. Егер 2021 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 5,8 трлн теңге болса, 2023 жылы 1 қарашада оның көлемі 13 трлн теңгені құрады, яғни өсім екі еседен асты. Кредит беру көлемінің артуымен қатар проблемалы қарыз алушылардың саны 1 млн 200 мыңға дейін (90 күн ішінде өз қарызын жаба алмағандар) ұлғайды, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева Парламент қабырғасындағы кредит беру кезінде тәуекелдерді азайтуға арналған заң жобасының таныстырылымында.
«Банктің қасынан өтсем несие алғым келіп тұрады» деп қалжыңдасып жататындарды да кездестіреміз. Бұл қазіргі қоғамда дертке айналып бара жатыр ма, әлде тәуелділік пе?Ғаламтордың қарыштап дамыған заманында онлайн несие рәсімдейтіндердің де қатары көп. Онлайн несиенің шырмауына түскендердің көбі – жастар. Олар түрлі себептермен онлайн несиенің көмегіне жүгінеді.
– Онлайн кредиттің шырмауына түскеніме 2 жыл болды. Өзім шәкіртақыдан басқа табыс таппаймын. Жолдастарымның соңғы үлгідегі телефондарына қызығып қаражат көзін таппаған соң онлайн несие алған болатынмын. Кейде уақытылы төлемегендіктен берешегім өсіп кетеді. Оңай олжаны емес, оның өтеуін де ойлаған абзал екен, – дейді аудан тұрғыны Н.Серікбаев.
Асыл дінініміз де саудаға рұқсат етіп, өсімге тыйым салады. Пайыздық мөлшермен берілген немесе алынған қарыздың қайыры жоқтығы айтылды. Бұ дүниедегі қарызыңыз о дүниеде мойныңызға жүк боларын ұмытпаған жөн.
«Кредит» деген сөзің қарап тұрсақ,
«Креді ит» деген сөзден құралып тұр.
Атына заты сай боп осы бәле,
Кіріп алып итіңді шығарып тұр, – деген айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың жыр жолдары еріксіз еске түседі. Алмақтың да салмағы бар екенін есте сақтағанымыз абзал.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА