Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шақшадай басты шарадай еткен кредит

Шақшадай басты шарадай еткен кредит

Бір басына бірнеше несиені рәсімдеп, шақшадай басы шарадай болып жүргендерді көзіміз көріп жүр.

Несиенің адам денсаулығына зияны ұшан-теңіз. Мұны АҚШ-тың ғалымдары дәлелдеп отыр. Кредиттің уақыты келгенде титықтап қалатын адам ағзасына небір аурулар үйір дейді олар. Қарыздың қамыты созылмалы стресс пен ашушаңдыққа әкеп, соңы шаңырақтың шайқалуымен аяқталады екен. Отандық психологтар да несиенің кесірі қандай болатынын айтты.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Күліп келіп, жылап кететін кредит өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғалы қашан. Сол құрғыр несие, несібемізден ғана айырып жатқан жоқ екен. Шашымызды ағартады, басымызды ауыртып, балтырымызды сыздатады. Бұл әлем ғалымдарының сөзі.

Өлсек те, тірілсек те, қарыздың қамытынан құтылу. Бұл еліміздегі көп адамның басында бар жағдай. Ал, АҚШ ғалымдарының сөзіне сенсек, сол несиені жауып біткенше адамның денсаулығы да нашарлай береді екен. Яғни, банктер сізді қарызға ғана емес, сарыуайымға қоса батырады. Оны стресс дейді психологияда.

Камила Күзенбаева, психолог:

"Төлеу кезінде адамдар агрессияға, ашуға бой алдыра бастайды екен. Себебі, ол өзінің қолындағы дүниесін төлейді ғой. Кредит алғаннан кейін адамның көңіл-күйі бұзылады. Көңіл-күй бұзылғаннан кейін стрестің алғашқы стадиялары ғой. Көңіл-күйі бұзылған адамның қай жері әлсіз, сол жері қайтеді, ауруғдушар болады. Тамақ ішу тәбеті төмендейді ғой. Ол асқазанға әсер етеді. Иммунитеті төмендей бастайды".

Сондай-ақ ғалымдар шамадан тыс қарызға батқан адамдардың инсульт алуға бейімділігі 15%-ға артық болатынын анықтаған. Пенде болған соң уайымға салынбай тұрмайсың деп өз-өзіңізді ақтауыңыз мүмкін осы жерде. Бірақ, екі қазақтың бірі "жұмыстан шығып қалсам, сыйақыдан қағылсам, денсаулығым сыр берсе, ипотекамды қайтемін" деген деген қорқыныштың жетегінде өмір сүріп жатқаны өтірік емес. Экономист Дәуренбек Мәжитов мұны індетке балап отыр.
Дәуренбек Мәжитов, экономист:

"Несиеге әуес деген тек қана қаржылық қажеттіліктен туындайды. Бір несие алып, оны жауып, келесі банктен, ол дегенің жаңағы, материалдық тұрғыдан пайдасы жоқ. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, студенттердің арасында, белгілі бір ауру сияқты, эпидемия сияқты".

Несие төлейтін күні келіп жеткенде қалтасында көк тиыны жоқ тұтынушы әбден титықтайды. Ашуланады, жан-жағын жайпайды. Жақындарымен сөзге келеді. Ақыр соңында қарым-қатынас күйреп тынады. Жүзі мен есімін жасыруды өтінген бойжеткен осындай келеңсіздіктің құрбанымын дейді өзін.

Жадыра, қала тұрғыны:

"Бизнес ашамын деген соң, қолдау көрсетейін деп, 2 млн теңгесін алып берген болатынмын. Оған сендім, армандарымыз бір болды. 3-4 айдан кейін оның мінез-құлқы өзгере бастады. Нервничить ете береді, әрбір затқа сөйлесең айқайлап шығады. Қол көтеруге дейін барды".

Осындай қорқыныштардың кесірінен зақымданған ағзаны қайтадан қалыпқа келтіру де оңай емес екен. Қандағы адреналиннің шамадан тыс көрсеткіші иммундық жүйенің жұмысына кедергі келтіреді. Ол дегеніміз, түрлі бактериялар мен вирустар ағзаға екі есе шабуылдай бастайды. Ал уайымға шалдыққан адамның қиындыққа төтеп беру қабілеті де төмендей береді. Ішкілікке салыну, өз-өзіне қол жұмсау аталған фактілердің ақырғы нүктесі. Сонда, сары уайымға салынбаудың жолы қандай деген сұрақты психологқа қойдық.

Камила Күзенбаева, психолог:

"Несиеден қашып құтылмайды ғой, сол себептен, әр табысыңды үш конвертке салып қойып отыру керек. Мынаны несиеге, күнделікті тұрмыс-тіршілігіме, біздің запасқа деген сияқты. Несиеге кірмеуге өзін-өзі дайындау. Жақсы көңіл-күйдегі адам міндетті түрде қосымша табыс көзін табады. Түпсанамен жұмыс жасау адамның өзінің қолында".

Бір басына бірнеше несиені рәсімдеп, шақшадай басы шарадай болып жүргендерді көзіміз көріп жүр. Өтей алса мейлі, ал құтыла алмай, құрдымға кетпесіне кім кепіл?! Ең дұрысы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру дейді мамандар.

kaz.zakon.kz
30 желтоқсан 2019 ж. 442 0