НЕСИЕ ЕМЕС, НЕСІБЕ КӨП БОЛСЫН
Өткен жылдың аяғында бір тойда асаба тілекті жаудырып жатыр. Екі жасқа бақыт тіледі, халыққа байлық тіледі. Әзілін араластырып барлық жақсылықты айтты. Соңынан «Осы жылы барша қауымның несиесі жабылып, келер жылы ешкімге қарыз болмасын» деп еді, ас-судан дәм алып отырған бейғам жұрт айқай-шуға басты. Ысқырып тұрып «айтқаның келсін» десті. Тілектің төресіне құлақ аспаған халық несие десе елең ете қалды. Міне, осыдан-ақ несиенің бүгінгі қоғамның қауіпті кеселіне айналғанын аңғаруға болады.
Алған кезде «мәз» қылатын, содан кейін «таз» қылатын несиеге қазіргі жұрт байланып қалғандай. Нарық заманында әркім «өзім дегенде өгіз қара күшім» дегендей жанталасып баққан. Бұрынғыдай біреуге-біреу көмек көрсету, қысылтаяң шақта қолғабыс ету шет қалып барады. Оның орнына біреу сүрінсе, әрі қарай итеріп тастауға ниет басым бұл күнде. Әртүрлі жағдай болып, қаржы мәселесі бүйірден қысқанда бақыр тиын бере қоятын ағайынның да ауылы алыстағандай. Осындай қоғамға келгенде үстеме пайызбен несие беретіндердің асығы алшысынан түсіп тұр. Көпшілікті қарызға батырып, несібесін несиеден көріп жүргендер жетерлік. Осыдан кейін амалы таусылған қарабайыр халық банкілердің есігін тоздырады. Қысылып барғанда банктегілер күліп қарсы алады. Құдды бір жанашыр секілді. Қажетті соманы қолға ұстатып, шығарып салады. Содан соң бір әзілінде Қанат Әлжаппаров айтқандай «Одан «Kaspi» жақсы, күнде жағдайыңды сұрап тұрадының» кері келеді. Алмақтың да салмағы бар. Сөйтіп, тырмысып жүріп бар тапқан-таянған несиені жабумен кетіп, отбасының берекесі қашады. Ынтымақтың ұйытқысы – ырыс кеткен соң жанұяның құты болмайды. Ол кейде отбасы шырқын бұзып жатқаны да мәлім. Қазір көпшіліктің осы несиені жабу үшін жұмыс жасап жүргендері де өтірік емес.
Бәрі де несиені несібесіне жаратқысы келеді. Әсіресе, тойшыл халық қарызданып той-думан жасауға құмар. Абырой, атақ үшін барын бір-ақ күнде жаратады. Ал бір күндік тойдың мың күндік зардабын кейін барып ұғынып жатады. Бір танысым «Той жасаймын деп қарызға батып, қазір соның әлегімен жүрмін» деп еді. Айтса айтқандай-ақ, банктердің халық күнкөрісін сүліктей соруға негізделген жүйесін көпшілік кеш түсінуде.
Әуелі, несие аларда қомақты қаржыны біраз жылға бөлгенде әр ай бойынша төлейтін соманың онша көп емес екеніне жұрт іштей иланады. Күндердің күнінде, бүгін болмаса да ертең, әлдебір жақтан қомақты ақша тауып, сонымен бірақ күнде қарыздан құтыла салуды да несие алушы өзінше топшылайды. Сол пәтпен бүгін бар ақшаны ертең жұмсап, келер күні қарызды өтеудің қарекетімен күнелтеді. Өсіммен берілген қаржыны әп-сәтте қайтару оңай шаруа емес. Күні кеше есепсіз жұмсалған ақшаның тым үлкен екенін түсінгендер қарыз үстіне қарыз жамап жүргені тағы бар. Ал еті үйренгендер қазір үштөрт банкке берешек болып үлгерген. Мұны Қадыр Мырза Әлі: «…Жаны мұрнының ұшына келген бейшара мұқтаждар үшiн тұйықтан шығудың бiр жолы – қарыз алу. Бiрақ ерте ме, кеш пе, қарызды қайыру керек қой. Бiр ғажабы, қарызды кезiнде қайыра алмайтын адам әдетте сол пәлеңе жоламайды, шыдайды. Қарыз алатындардың көбi – қарызды қайтара алмайтындар. Бiрақ сорлының басқа амалы да жоқ. Не болғанда да алып тынады. Ескi қарызын кезiнде қайтара алмаған сорлы жаңа қарыз алып, бiр қарызының орнын бiр қарызбен жабады. Бiр емес, бiрнеше мәрте солай iстейдi. Сөйтiп жүрiп, қарызға белшесiнен батады. Күндердiң күнiнде тiптен құтыла алмайтын жағдайға душар болады…» – деп дөп басып айтқан.
Қарызды алу бар да, одан құтылу бар. Тіпті ол оқылмай қол қойылған банк келісімшартында ай-күніне дейін міндеттеліп қойған. Алда-жалда жұмысынан айырылып, яки басқа бір қиыншылыққа тап болып, несиесін төлеуді мерзімінен кешіктіріп алуы кәдік. Бекітілген мерзімнен бір күн асса болды, пайыздық үстеменің еселеп өсуіне жағдай туады. Азғантай көрінген қарыз еселенгенде «шықпа жаным шықпа» деп ырзық-несібе несиеге төленіп кете барады. Осылайша, адал еңбекпен табылған ақша бала-шағаның аузынан жырылып, ай сайын өсімқорлардың қалтасына түсуде. Содан күйбің тіршілікпен күйзеліске түсіп, қарызбен қаумаланып, сүреңсіз өмір сүріп жатқандар қатары жетердік. Осының салдарынан өмірден баз кешіп жатқандары қаншама.
Статистикаға жүгінер болсақ, өткен жылы қазақстандықтардың несие бойынша берешегі 6 триллионға жетіпті. Бұл туралы Ranking.kz сарапшылары жария еткен. Олардың мәліметінше, несиенің орташа мөлшері жылдың басынан бері 3,1%-ға, яғни 534 мың теңгеге азайған, несие мөлшерінің бір айда 0,9%-ға азайғаны байқалады. Алайда, несиенің орташа мөлшері азайғанымен берешектің бір адамға шаққандағы мөлшері артып отыр. Яғни, былтырғы жылдың басынан бері несие берешегінің бір адамға шаққандағы орташа мөлшері 5,1%-ға – 908 мың теңгеге дейін артқан. Жалпақ тілмен айтқанда, әрбір қазақстандықдың 1 миллионға жуық несие қарызы бар деген сөз. Бұл өте алаңдатарлық жәйт.
Жалпы, өсіммен ақша табу хақ дінімізге жат. Тыйым да салынған. Мәселен, Хайбар бекiнiсiн азат ету кезiнде түскен аятта пайызға толықтай былайша тыйым салынады: «Сондай өciм жегендер (қабырларынан) жын соғып тұрғандай есеңгiреп тұрады. Бұл олардың: «Сауда да бейне өciм» дегендiктерiнiң салдарынан. Негiзiнде, Алла сауданы халал, өciмдi харам еткен. Сонда кiм Раббынан насихат келгенде тыйылса өткенi өтiп кеттi. Оның ici Аллаға тән. Ал және кiм қайталаса, мiнe солар тозақтық. Олар онда мәңгi қалады. Алла өсiмдi жояды да сауданы арттырады. Әpi Алла барлық қарсы келушi күнәһарды жақсы көрмейдi. Әй, мүмiндер! Алладан қорқыңдар! Егер сенсеңдер өсiмнен қалып қалған (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар). Егер оны iстемесеңдер, (өсiм алғанды қоймасаңдар) бұны Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс деп бiлiңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздерiңдiкi. Зұлымдық етпеген және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар» (Бақара сүресi, 275, 276, 278, 279-аяттар) делінген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) де бiр дұғасында: «Жасаған Ием, менi қарызға батудан сақтай гөр!» – деген. Мұның мәнiсiн сұрағандарға: «Қарызға батқан адам шылп етпей өтiрiк те айтатын болады, жараспайтын түрлi мiнезге барады», – деп түсiндiрген. Сондықтан банктерге жіпсіз байланып, шырмауына ілікпеудің қамын жасау үшін қарызға кірмеудің амалын жасаған абзал. Аста-төк той жасау үшін несие алмай, мына заманда барға қанағат қылған жөн. Кейінгі ұрпақтың қамы да осыған келіп тіреледі. Сол себепті несиеден гөрі несібе көп болсын. Қарызсыз өмірге не жетсін?!
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ