Несиесі көптің мәселесі күрделі
Елімізде экономикалық белсенді 9,2 миллион тұрғынның 7,2 миллионы жекелеген банктен несие алғаны туралы ақпарат бар. Сондай-ақ республика көлемінде несие алған 1,8 миллион адам қарызын дер кезінде өтей алмай жүр. Мұндай мәліметтер ел тұрғындарының тұрмыс тауқыметімен несиеге тәуелді болып қалғанын айғақтайды.
ҚАРЫЗДАНҒАН ХАЛЫҚ, ЕСЕЛЕГЕН АУЫРТПАШЫЛЫҚ
Елімізде екінші деңгейлі 22 банк жұмыс істейді екен. Өз кезегінде несие алуға мұқтаж жандар осы банктердің табалдырығын тоздырады. Ал экономикалық несие тұрғысынан елімізде айтарлықтай өсім байқалады. Несие «қамытын» киген көпшілік бір жылда бірнеше банкке берешек болудан қорықпайды. Сондықтан елімізде ұзақ немесе орта мерзімді несие алушы саны артқан. Алғашқыда әлеуметтік тұрмысын жақсартуға оқталған жұртшылық қолына тиген қаражатты мақсатсыз пайдаланып та жіберуді әдетке айналдырғандай.
Ел тұрғындарының банктерге қарызы экономикалық өсімнен асып кетуі үрей туғызады. Бұл тұрғыда, көпшіліктің той-жиынға байланысты қарызға батуы өзекті мәселеге айналып отыр. Өткенде БАҚ құралдарында жарияланған «Келін кетті, несие қалды» деген тақырыпта жарияланған мақала осыған дәлел. Ашығын айтсақ, банктен несие алып, баласын үйлендірген ата-ананың келіні көп ұзамай төркініне кетіп қалған. Содан қарызданып-қауғаланып жүріп той жасаған отбасында ауыртпашылық жүгі еселеп артқан.
Қазір несие алу жылдам жүзеге асатын болды. Осыған байланысты біз кәсіби маман кеңесіне жүгіндік. Көпшілікке қаржы саясаты бойынша тиімді қызмет көрсетіп отырған «Халық» банкінің атқаратын қызметі барысын тәжірибелі басшы Асылбек Палымбетов айтып берді.
– Қазақта «Қарыз күліп кіріп, жылап шығады» деген тәмсіл бар. Несиеге жүгінетін халықтың көптігі күрделі мәселеге айналды. Тұтыну несиесін жергілікті халық 19 пайыздан бастап алатындығын ескертеміз. Біздің банк арқылы жаңадан несие алуға, басқа банктегі несиесін өтеуге болады. Жеке кәсіпкерлерге «Даму» ұлттық жобасы аясында несие беріледі. Жалпы, 19 пайызбен алынған несиенің 6 пайызын кәсіпкер төлесе, қалған бөлігін «Даму» ұлттық жобасы өтеп береді. Несие берілген азаматтың мүлігі кепілдікке қойылады. Кепілге кесектен салынған үйден басқа дүние-мүлік қойыла береді. Айта кетейік, кепілсіз несие қызмет көрсету бағытына, өндіріс саласына, сауда-саттыққа беріледі. Өйткені, оларда күнделікті есеп-шотында айналым жүргізіліп тұрады. Біздің банктен жұмыс жасайтын 21 мен 65 жасқа дейін және 70 жасқа дейін зейнеткер жеке тұлғалар несие рәсімдейді. Бізде несие алушының күнкөріс деңгейі маңызды рөл ойнайды. Ашығын айтқанда, айлық табысының 50 пайызы күнкөріс үшін жеке тұлғаға қалмаса, төменгі мөлшерде несие тағайындалады немесе мүлдем берілмейді. Банктің басты қағидаты бойынша азаматтың «несие тарихына» аса мән беріледі. Өзге банктегі берешегін уақытында төлемеген жағдайда біздің тарапымыздан сенімділікке кіре алмайды, – дейді «Халық» банкінің Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық басқармасының басшысы.
Сарапшылардың пікірінше, несиелік құқықты шектегенмен, қарыздан тазару мүмкін емес. Бір басында 2-3 несиесі бар жұртшылық тұрмыстық ахуалын түзеуге мұршасы келмеуде. Мәселен, отбасындағы сан түрлі қиындықты жеңу үшін бір жылда сан мәрте несие алатыны бар.
– Тұрмыстың ұсақ-түйек мәселесі таусылмайтыны жасырын емес. Балаларды өсіріп-жеткізуге, баспана салуға, дүние-мүлік алуға қай кезде де қаражат керек. Сондықтан пайыздық мөлшері көп болса да несие алып жатамыз. Бүгінде таныс адамдардан байқайтыным, тәуекелге көп барады. Алдағы уақытта қарыздың өтеуін ойламайды. Үсті-үстіне несие алған жандар жеткілікті. Отбасы болғандықтан түрлі оқиғаға тап боласың. Несие айрандай ұйыған шаңырақтың берекесін қашырып та жатады. Сондықтан үстемелеп ақша алуға тәуелді болмаған жөн, – дейді жергілікті тұрғын Ф.Маратқызы.
НЕСИЕНІ КЕШІРУ – ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫ МА?
Осыдан 3 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының несиесін кешіру жөнінде айтқан болатын. Президент пәрменімен кепілсіз тұтыну несиесі бойынша қарызы кішірілген тұлғалар санатына көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар, мүдегек балалары бар, 18 жастан жоғары мүгедекті қарап отырған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа толған азаматтар енді.
Тапсырма жүзеге асып, 440 мың азаматтың несиесі кешірілді. Қазіргі уақытта тағы да көпшілік арасында несиені кешіру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Сарапшылар «Халықтың несиесін кешіру – қисынға келмейтін нұсқа» екенін алға тартады. Расында, бірнеше жылға созылған пандемия қаржы секторларына да орасан әсерін тигізді. Отандық экономист Мақсат Халық: «Халықтың несиесін үкімет есебінен өтеу халықтың өзіне де тиімсіз болуы мүмкіндігін» айтады. Демек, біреудің қарызын екінші біреу өтеп бермейтіні анық. Сол себепті де түрлі тұрмыстық қажеттілікті өтеу үшін алынған несиені төлеуде тұрғындардың өзі жауапкершілік танытқаны жөн.
– Отбасымызда 3 бала тәрбиелеп отырмыз. Жолдасым екеуміз ай сайын алатын табысымызды жоспарлап жұмсауға күш саламыз. Өз басым осы уақытқа дейін несие алып көрмеппін. Ақиқатына көз жүгіртсек, несиені әрбір адам өзінің шама-шарқына қарап алуы керек секілді. Бүгінде несиені кешіру жайында қозғайтын көпшілік тұрмыстағы күнкөріс жағдайына байланысты шағымданады. Несие мәселесін ақылмен шешкен өзімізге жақсы, – дейді кент тұрғыны Т.Қалдыбекқызы.
ОНЛАЙН НЕСИЕ ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ, АЛАЯҚ АЯМАЙДЫ
Бүгінде онлайн несие рәсімдеуге байланысты түсініспеушілік көп. Сонымен бірге несие төңірігінде қордаланған негізгі мәселе – алаяқтық. Ғаламтор желісі қарыштап өркендей түскен тұста азаматтар онлайн несие рәсімдеп әлек. Азғантай мөлшерден бастап, бірнеше миллион несие алған жандар пайыздық үстеменің құрсауына түседі. Онлайн несиенің бұғауына түскендер ішінде жастар көп екенін айта кетейік. Олар түрлі себеппен жылдам беретін онлайын несиеге бірден жүгінеді.
– Жұмыс барысында бір ақ жаулықты ана келіп жолыққан болатын. Өзінің баласының онлайн несие алып, қарызға батқандығын алға тартты. Несиені уақытылы төлемегендіктен берешегі бірнеше есеге көбейіп кеткен. Жыларман болған ананың жағдайын түсінуге болады. Шәкіртақыдан басқа табыс таппайтын баланың қарызы көбейген. Халық ішінде ағайын-туыстың арасындағы араздық несиеден туындап жатқаны белгілі. Өз кезегінде оңай олжаны емес, оның өтеуін ойлаған абзал, – дейді «Халық» банкінің Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық басқармасының басшысы Асылбек Палымбетов.
Ақпарат көздерінен қаржы пирамидасы салдарынан зардап шеккен жандардың жанайқайын да жиі естіп жүрміз. Сонымен бірге несие рәсімдеу бойынша алаяқтық көбейіп кеткен. Айласына құрық бойламайтын жандар бәз біреуге хабарласып, атынан несие рәсімделіп жатқандығын жеткізеді. «Осындай есеп-шотты бұғаттаймыз» деген жалған мәлімдемеге сеніп көпшілік жеке мәліметті алаяққа айтып қояды. Оның салдары айтпаса да түсінікті.
– Несие төңірігінде туындаған алаяқтық мәселесін кеңінен тарқатып айтқан дұрыс. Кез келген адамға несиені рәсімдеу бойынша хабарласатын алаяқтар ресми тілде сөйлегенді жөн көреді. Осындай уақытта кез келген адам алаяқтан қазақша сөйлеуді талап етіп, сытылып шыға алады. Өз кезегінде өздерін жалған құжатпен банк менеджері ретінде таныстырып, «Ватсап» әлеуметтік желісінен азаматтардан жеке мәлімет сұрайтындар да жеткілікті. Мұндай жағдайда өзіңізді алаяқтан қалай қорғауға болады деген заңды сауал туындайтыны рас. Біріншіден, жеке деректеріңізді жария етпеу керек. Екіншіден, интернетте банктік қызметтерге байланған телефон нөміріңізді көрсетпеңіз. Үшіншіден, ешкімге оның ішінде банк қызметкерлеріне банктік картаның деректемелерін, үш санды CVV кодты, PIN және SMS кодтарды бермеңіз. Егер сізге телефон, интернет, әлеуметтік желі арқылы хабарласып, картаңыздың деректемесін, SMS кодты немесе басқа да жеке ақпаратты сұрайтын болса, сақ болған жөн. Қай кезде де ұялы телефонды қалдырмау керек. Күдікті транзакциялар болған жағдайда шоттар мен карталарды 7111 Call-орталығы арқылы жылдам бұғаттаған жөн, – дейді Асылбек Палымбетов.
ТАРАЗЫНЫҢ ЕКІ ЖАҒЫНДА – СОТ ОРЫНДАУШЫ МЕН БОРЫШКЕР
Бірнеше несие рәсімдеп, ақырында қарызын өтей алмаған көпшілік тығырыққа тірелері хақ. Мұндайда әрбір банктің коллекторлық орталығы қарызын өтей алмай жүрген адаммен жеке-дара жұмыс жасайды. Шарықтау шегіне жеткен мезетте борышкердің ісін сот орындаушыға тапсырады. Әрі қарай несие төлеуге құлықты емес азаматтардың ісін сот орындаушы қарайды.
Соңғы 6 жылда 500-ден аса азаматтың ісін қараған Қызылорда облысы бойынша сот орындаушысы Жандос Тұңғышбаев пікір білдірді.
– Банкінің мерзімді уақытында борышкер несиесін өтемеген жағдайда нотариустің бекітуімен атқарушы жазбаны бізге жолдайды. Біз «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заңына сәйкес мәжбүрлеу шараларын қабылдаймыз. Борышкердің жылжитын және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынады, екінші деңгейлі банктердегі есеп-шоты бұғатталады. Сонымен қатар, заң шеңберінде банкте қарызы болған кісіге нотариалдық іс жүргізуге рұқсат етілмейді. Сот орындаушы ретінде есеп-шоттағы ақшаны арнайы тәсіл арқылы суырып алып, өндіріп алушы банкке аударып береміз. Айта кетейік, атқарушылық іс аяқталғаннан кейін тиісті сот орындаушы өсімпұл алуға құқылы. Қарызды өндіріп беру уақыты 2-6 айға созылады. Негізінен, сот шешімі және өзге де актілерді орындамаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің» 669 бабы бойынша сот орындаушы мемлекеттік органға ұсыныс бере алады. Борышкердің өтеу сомасы көп болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға, автокөлік жүргізу куәлігіне шектеу қойылады, – дейді сот орындаушысы.
Түйін
Шындығында, жүздеген отбасының шырайын кетірген несиенің жыры ешқашан бітпейтіні рас. Қаншама себеп-салдарын анықтағанымызбен, қарыз түбі қайтарылады. Сондықтан қарызға белшеден батпаудың қамын жасап, несие алмаған абзал. Асыл дінімізде пайыздық мөлшермен берілген немесе алынған қарыздың қайыры жоқтығы айтылады.