Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қулығына құрық бойламайды: алаяқтарға тосқауыл бар ма?

Қулығына құрық бойламайды: алаяқтарға тосқауыл бар ма?

Өкінішке орай қазіргі қоғамда алаяқтық мәселесі кеңінен белең алуда. Күніне алаяқтардың құрбаны болған қаншама жанды көріп, естіп жатамыз. Бөтеннің мүлкін заңсыз жымқырып немесе алдау, арбау арқылы иемденіп алу – нағыз алаяқтық.

Адамның сеніміне кіріп, өтірікті шындай етіп жеткізу арқылы оңай жолмен ақша табу – алаяқтардың басты мақсаты. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, ерте ме, кеш пе әйтеуір шындықтың ашылатыны ақиқат.

Алаяқтық қоғамда бұрыннан болған. Қазір де бар. Алайда заман талабына сай  қазіргі интернет желісі дамыған уақытта алаяқтықтың жаңа түрлері көптеп кездесуде. Бұған дейін де басылым алаяқтық ісі туралы түрлі тақырыпта қалам тербеп, арқау еткен болатын. Аудан тұрғындарын алаяқтық және оның алдын-алу жолдары туралы әркез ақпараттандырып отырады. Бүгін де алаяқ­тардың арбауына қалай түсіп қалмау керек және жаңа ғаламтор алаяқтары тақырыбы төңірегінде талқылау  жүр­гізіп,топшыласақ.

Алаяқтық қылмыстары – қаншама жылдан бері келе жатқан қоғам дерті және оның алдын алу үшін көптеген жұмыстар жүргізіліп жатса да азаяр емес. Алаяқтықтың соңы жаза екенін білсе де, оңай жолмен ақша табуды көздегендердің саны азаймай тұр. Алаяқтар заң алдында қатаң жауап береді.

Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 1-4 бөлігі бойынша, алаяқтық қылмыс жасаған жағдайда  қылмыстың жеңіл немесе ауыр түріне қарай 2 жылдан 10 жылға  дейін бас бостандығынан айыру  жазасы бекітілген. Бұл жазадан бөлек  қосымша жаза ретінде кінәлі тараптың дүние мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады. Белгілі бір лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айырылады және 4 мың айлық көрсеткішке дейінгі мөлшерде көлемді айыппұл салу жаза­сы қол­да­нылады.

Интернет алаяқтық көбейіп барады

Қазіргі кездегі кеңінен таралған қауіпті алаяқтық түрі – ғаламтор арқылы алдау. Себебі бүгінгі таңда ғаламтор жүйесін пайдаланбайтын адам кемде-кем. Ғаламтордағы шексіз мүмкіндіктер алаяққа таптырмас табыс көзі. Ғаламтордың пайдасынан бөлек осындай кереғар тұсы да барын ескерсек. Бірнеше жыл бұрын ғаламтордағы алаяқтық хакерлердің ірі қаржы ұйымдарына шабуыл жасап немесе мемлекеттік маңызы бар ақпараттық жүйелерді бұзып, істен шығарумен ғана байланысты болған еді. Ал қазір белгілі бір әлеуметтік желідегі жеке парақшаларды бұзу, сол жеке парақша иесінің атынан таныстардан, жақындарынан  ақша сұрау, әртүрлі жеке басқа қатысты мәліметтер мен хаттарды, отбасылық құпия мағлұматтарды көшіріп алып түрлі мақсаттарға пайдалану, несие алу, ақша бопсалау деген сияқты алаяқтық қылмыстары белең алуда. Ең қауіпті және жаңа алаяқтық түрлеріне тоқтала кетсек.

Онлайн-несие оңай олжа ма?

Сырдария аудандық полиция бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, соңғы уақытта ең көп алаяқтық фактілер бөтен адамның атынан онлайн несие рәсімдеу бойынша тіркеліп, арыздар көптеп түсуде екен. Соның салдарынан банк несиені сол адамның атынан рәсімделді деп есептейді. Алаяққа бар болғаны несие рәсімдейтін адам­ның жеке мәліметтері болса болды. Ғаламтордың дамығаны соншалықты, жеке мәліметтерді табу қазір оңай дүние болып қалды. Сондықтан да жеке мәліметтеріңізді біреуге берерде немесе құжат толтыру барысында мұқият қарап, сақ болғаныңыз жөн. Соңғы уақытта телефонымызға да әртүрлі нөмірлерден банк қызметкерімін деп қоңырау шалатындар қаптап кетті. Банк қызметкері сізге хабарласса, тек банкте жүріп жатқан науқандар мен пайыздық несиелер туралы ғана ақпарат береді. Ал алаяқтар «Телефоныңызға код келді» деп алдап, сол кодты сұрау арқылы немесе жеке басқа қатысты мәлімет беруіңізді сұрап хабарласуы мүмкін. Ол ешқандай да банк қызметкері емес, банк қызметкерінің атын жамылып отырған кезекті алаяқтың бірі. Банк қызметкерлерінің телефон арқылы код сұрауға да, жеке мәліметтеріңізді білуге де құқы жоқ. Соның салдарынан қарапайым халық алаяқтарға жем болып, сан соғып қалуда. Бұл мәселемен құзырлы органдар мұқият мән беріп айналысуда.

«Обналичка» опық жегізбесін

Оңай жолмен табыс тауып жүрген алаяқтардың тағы  бір саласы – онлайн сауда. Бүгінгі таңда үйден шықпай-ақ, керегімізді интернет-дүкендерден онлайн тапсырыс беру арқылы сатып алу мүмкіндігі бар. Иә, онлайн сауданың тиімділігі мен артықшылығы бары анық. Тиімді бағаларды асықпай іздеп табу, акцияларға үлгеру, уақытты үнемдеу деген сияқты артықшылықтары бар.

Дегенмен кемшіліктері де жоқ емес. Қаржы алаяқтарына ұрынып қалу қаупі басы­мырақ. Онлайн сауда кезіндегі алаяқ­тардың алдау амалдарына тоқталайық. Әлеуметтік желілерде немесе сайттарда онлайн дүкендер өте көп. Онлайн дүкендерде өзіңізге керектің бәрін таба аласыз. Киім-кешектен бастап үйге қажетті заттар мен тұрмыстық техникаларға дейін барлығы бар. Жақсы дүниелерді табуға да болады. Алаяқтар онлайн дүкен атынан жалған парақша ашып, өте арзан заттармен, акциялармен, ғажайып жеңілдіктермен және «зат саны шектеулі» деп адамдарды еліктіріп, сатып алуға қызықтырады. Онлайн сатып алу кезінде алдын ала төлем міндеттелінеді. Төлем жасалынған соң алаяқтар бірден сізді бұғаттап, байланыстан із-түссіз жоғалып кетеді. Сондай-ақ кейде онлайн сатып алу барысында тапсырыс берген тауарыңыздың сайттағыдай болмай шығуы әбден мүмкін. Сапасыз әрі суреттегіден мүлдем басқа тауар келетін жағдайлар жоқ емес. Онлайн сатушы сапасыз тауарды сатып жіберіп, қайтадан қайтаруға бас тартуы мүмкін. Бұндай жағдайда e-tutynushy.kz платформасына жүгіне аласыз. Бұл платформа тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы шағымдарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін  сатушыдан ресми құжаттарды, сатып алғаннан кейін төлем жасалғандығын растайтын чек беруін талап етіңіз. Қандай жағдай болмасын сізде растайтын чек болу қажет. Сол арқылы кез келген мәселеде дәлел ретінде қолдана аласыз. Сонымен қатар онлайн сауда барысында карта енгізу арқылы төлем жасауда қырағылық танытқаныңыз абзал. Қауіпсіздік функцияларын енгізіп, картаңызға аз мөлшердегі лимит орнатыңыз. Онлайн сауда жасау кезінде мұқият болғаныңыз жөн, әйтпесе алаяқтардың құрығына түсіп қалуыңыз әбден мүмкін.

«Обналичка жасаймын, төмен пайызбен» деген хабарландыруларды әлеуметтік желілерден барлығыңыз көрген боларсыздар. «Обналичка» – бұл заттай та­уарды ақшаға алмастыру. Яғни, несиеге рәсім­делінген тауардың ақшасын қолма-қол ақшаға айырбастау болып табылады. Ал алмаған тауардың несиесі белгілі айларға бөліп төленеді. Бұндай заңсыз қызметті көр­сеткен қызметкер өз қызметі үшін белгілі бір мөлшерде өз пайызын алады. Ал пайыз соммасы несиенің мөлшеріне байланыста болады. Екеуара келісімнен кейін, келісілген соммадан «обналичка» жасалынған соң, өзіне тиесілі мөлшердегі ақшаны алып қалып, қалғанын  сіздің шотыңызға аудару қажет. Ал алаяқтар ақшаны шотыңызға аудармай зым-зия жоғалып кетеді. «Обналичка» қызметі соңғы уақыт талайды тақырға отырғызуда. Заң қызметкерлерінің айтуынша, несиеге алынған тауардың қаражатын қолма-қол ақшаға айырбастаумен айналысу заңсыз деп танылған. «Заңға қайшы әрекет еткен азамат бас бостандығынан айырылады немесе үлкен сомада айыппұл төлейді»дейді заңгерлер.

Аудан тұрғындары арасынан да алаяқ­тарға «жем болып», қыруар ақша жоғалтып, сан соғып қалғандары бар. Бір кейіпкеріміз алаяқтарға алданып, 200 мыңдай ақшасынан айырылған. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде резонанс тудырған болатын. Аис Муратова атымен көпшілікке танымал болып, еліміздің түкпір-түкпірінен қыз-келіншектерді Қытай мен Қазақстан арасында арзан тауар әкеліп беремін деп ақша жымқырып, алдап кеткен. Алданғандардың санында шек жоқ, 5000-нан асып жығылады. «Тауар аламын» деп жіберген ақшаның мөлшері де аз емес, шамамен 30 миллиардқа жуықтап отыр. Сатып алушылар ақшаны өз еріктерімен алаяқтың шотына аударғандықтан және «перевод» чегі ғана болғандықтан заңды түрде бұл мәселені дәлелдеп шешу қиындау болып тұр. Заңгерлердің айтуынша, алаяқ жауапкершіліктен қашу үшін алдын ала барлығын ойластыруы мүмкін. Бұл мәселе қазіргі таңда құзырлы органдар мен заңгер­лердің жіті бақылауында.

Оңай ақша көздегендердің айласы

Алаяқтық жолмен ақша тауып жүрген­дердің тағы бір түрі –  әлеуметтік желілерде  «сіз ақша ұтып алдыңыз» деген белгісіз біреуден хабарлама келуі. Олар міндетті түрде жалған есім арқылы жазады. Хабарламада «ұтысыңызды алу үшін сілтемені басыңыз» деп тұрады. Сол сілтемеге өту арқылы сіздің есеп шотыңыздың немесе басқа да банк карточкаңыздың нөмірін бұғаттап, ақша шешіп алуы әбден мүмкін. Кей кезде «бағалы сыйлық ұтып алдыңыз, сізге сыйлықты жіберу үшін жеткізу қызметін төлеңіз» деген сияқты да хабарлама келеді. Қазіргі заманда тегіннен тегін біреу қолыңызға ақша ұстата салып немесе бағалы сыйлық жібере салмайды. Осы жағдайда көбінесе жас жеткіншектер мен жасы үлкен кісілер алданып қалып жатады. Мұндай хабарламалар күніне қанша адамға жолданатыны белгісіз.

Алаяқтық жасау – ала жіпті аттау

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер­де мұқтаждарға көмек ретінде  қайырым­дылықпен ай­на­лысып жүрген қайырым­дылық қорлары көбейіп кетті. Бұл істе де алаяқтардың жымысқы істері әшкере болып жатыр.   Қайырымдылық қор сайтының немесе парақшасының тура көшірмесін жасап алады. Белгілі бір мұқтаж жанның тұрмыстық жағдайы төмен, жетім-жесір, көпбалалы отбасы деген сияқты жалған ақпарат беріп, суретін немесе видеосын жүктеп, реквизит қойып қояды. Ал бұндай ауыр жағдайларды көрген қайырымды жандар бірден көмек қолын созуға тырысады. Көмек көрсеткісі келген жандар осыған сеніп қалып, қаржылай көмек ретінде сол реквизит бойынша ақша жібереді. Сонымен қоса ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне көмек керек деп жалған ақпарат беріп, ақша жинап жүрген алаяқтар да азаяр емес. Мұқтаж жандардың атын жамылып табыс табу барып тұрған көргенсіздік екені сөзсіз. Соңғы жылдары бұндай алаяқтық өте көп белең алуда. Сондықтан  қайырымдылық қорларына ақша аударатын кезде өте мұқият жіті тексеріп, шынымен мұқтаж жан екеніне көзіңізді жет­кізіп қана жібергеніңіз абзал.

«Alayaq.net» жобасы

Бүгінде халықтың цифрлық сауаттылы­ғының төмендігіне байланысты қулығына құрық бойламайтын алаяқтардың алдау әдістері таусылар емес. Осыған орай алаяқ­тардың құрбаны болмас үшін көптеген сақтық шаралары жасалуда. Солардың бірі – жақында ғана іске қосылған «Alayaq.net» порталдық жоба. Бұл жоба арқылы 90-ға жуық алаяқтық жоспарды құрықтаған. «Alayaq.net» – алаяқтыққа қарсы күрес жолдары және халық арасында қаржылық сауаттылықты арттыру үшін бағытталған. Бұл порталда «Алаяқты қалай тез тануға болады?», «Alayaq.net қалай жұмыс істейді?», «Алаяқтар қалай алдайды?» деген сияқты сұрақтар бойынша қолжетімді ақпарат алу­ға болады. Сонымен қатар қандай да бір алаяқтың құрбаны болсаңыз, осы порталда оқиғаны хабарлауға мүмкіндік бар. Ең бас­тысы бұл жобаның маңыздылығы – порталда түрлі алаяқтық әдістерді қалай тез анық­тауға болатыны жайлы егжей-тегжей түсіндіріледі.

Алаяқтан қалай сақтанамыз?

Оңай ақша табу жолын ізде­меңіз. Көп жағдайда алаяқтар оңай әрі тез арада ақша табу жолдарының сан­ал­у­ан түрін ұсынады. «Оңай жолмен табыс та­ба­мын» деп алаяқтың қақпанына түсіп қалмаңыз. Жылтыраған жарнамадағы арзан дүниеге қызығып, алаяқтардың біріне түсіп қалмай, сақ болуға кеңес береміз. Телефо­ныңызға таныстарыңыздың атын жа­мылып ақша сұрап хабарлама жіберуі мүмкін. Бұл жағдайда танысыңыздың өзі ме, әлде кезекті алаяқтың бірі ме екеніне көз жеткізу жолын қарастырыңыз. Банк картаңыздың, телефоныңыздың, әлеуметтік желі мен поштадағы құпия сөзді қарапайым туған жылыңызбен байланыстырып қоймай, қиын құпия сөз ойлап тауып, күрделірек етіп койғаныңыз жөн. Ақпарат кеңістігінде жұмыс істеу барысында абай болыңыз. Алаяқ­тарға алданып қалмас үшін ең бастысы ғаламторды сауатты пайдаланып, қар­жылық сауаттылығыңызды арттыру қажет. Жеке ақпараттарыңызды ешқайда жариялап, тіркемеңіз. Кез келген адамның сөзіне сене беруге болмайды.

Түйін

Күннен күнге ғаламтор жүйесі дамыған сайын алаяқтардың қитұрқы амалдары да көбеймесе азаймай тұр. Олардың басты мақсаты – оңай, арам жолмен ақша табу. Адамның сеніміне кіріп, осы саланы әбден жіліктеп шағып меңгеріп алған. Олар көбінесе сенгіш, аңқау адамдарды көздейді. Себебі, бұндай адамдарды алдау оңайға соғады. Алаяқтардың көбеюіне адамдардың сауатсыздығы, оның ішінде осы ғаламтор жүйесін дұрыс пайдалана алмауы да ықпалын тигізеді. Бұл мәселемен құқық қорғау органдары жұмыс жасауда және алаяқтар туралы мәлімет беріп, адамдарға сақтық шаралары туралы әрдайым ескертіп отырады. Алаяқ қылмыскерлер кез келген уақытта айла тәсілдерін пайдаланып, алдап кете алады, сондықтан қай уақытта да ғаламтор жүйесі болсын, басқа да жағдайларда  аса сақ болып, қырағылық танытыңыз. Сақтансаңыз, сақтайды!

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: opennews.kz
20 қаңтар 2024 ж. 232 0