Интернет алаяқтық: айлакерлерге арбалмаңыз
Қазіргі уақытта ғаламтор желісінде алаяқтыққа баратын жандар қатары жеткілікті. Алаяқтық іс-әрекетке оқталатын адамның қулығына құрық бойламайды. Негізінен, интернет алаяқтыққа заманауи технологияны пайдаланып жасалатын қылмыстық іс-әрекеттің бірі жатқызылады. Жалпы, интернет алаяқтық барысында қылмыс жасаушы ақпараттық жүйенің көмегімен бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау, сенімін теріс пайдалану жолымен біреудің мүлкін құқықсыз иемденеді.
Бүгінде интернет алаяқтарымен күрес жүргізу құқық қорғау органдарының негізігі қызметі саналады. Әккі алаяқтар ұрлық пиғылдарын заманауи технология, яғни смартфон, компьютер арқылы интернет желісін қолданушының қаражатын ұрлау бойынша жүзеге асырады. Осы күні көпшілік жекелеген қызмет түрлерін ғаламтор желісінен алуға бейім. Соның салдарынан алаяқтық қылмысының саны арта түсуде. Алаяқтыққа барған жандар әлеуметтік желі қолданушысының жеке ақпаратын алып, басқа тұлғалардың есеп-шотына қаражат аудару үшін әрекеттенеді.
Өз кезегінде аталған мәселеге қатысты ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды Сырдария АПБ-нің криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Руслан Аймағанбетов кеңінен тарқатып айтты. Тәртіп сақшысы интернет алаяқтық қылмыс түрі соңғы 3 жылда өсім алып келе жатқандығын жеткізді. Аудан бойынша 2020 жылы 1 дерек, 2021 жылы 5 дерек, 2022 жылы 4 дерек анықталған.
– Алаяқтық қылмысын болдырмау және алдын алу мақсатында жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Сонымен бірге халық көп шоғырланатын жерлерге арнайы баннер ілінген. Жұртшылыққа интернет алаяқтығының нақты факторын көрсететін жадынама таратылды. Тәртіп сақшылары өзіне бекітілген аумақ тұрғындарына әлеуметтік желі арқылы сақтық іс-шарасын түсіндіруге міндеттелген. Жалпы, аудандық полиция бөлімінің негізгі міндеті – ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқықбұзушылыққа қарсы күрес болып табылады. 2022-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау және интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында ауыр қылмыстарды алдын алу мен ашуға бағытталған материалдық-техникалық жарақтандыру іс-шаралары қарастырылуда. Жерігілікті басылым мен бұқаралық ақпарат құралдарына алаяқтық қылмысты болдырмау жөнінде арнайы мақала, бейнеролик жарияланды. Дегенмен, профилактикалық іс-шаралар халықтың назарынан тыс қалып, алаяқтық қылмысы азаймауда. Алдағы уақытта аталған бағыттағы қылмысты насихаттайтын алаяқтардың желідегі парақшаларын анықтау және құрықтау бойынша жұмыс жоспары жасалған. Кешенді және келісілген профилактикалық, жедел іздестіру іс-шаралары мен арнайы операция өткізу қарастырылған, – дейді Руслан Аймағанбетов.
Бұл ретте, аудандық полиция бөлімі облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, интернет желілерін тексеру бойынша арнайы іс-шара жүргізіп келеді. Интернет алаяқтық қылмысы негізінде мониторинг жасалып, зерттеп-зерделеу жұмысы ұдайы бақылауда болатындығын ескертеміз.
Б.ОРДАБЕКОВ