Алаяқтың арбауына түспеңіз!
«Өтіріктің түбі – бір-ақ тұтам» – дейді дана халқымыз. Абай атамыздың өзі бес дұшпанның біріне жатқызған «өтірік» дейтін жағымсыз қасиетті бойына сіңіріп, алаяқтықпен адам арбаушылар соңғы уақытта тым көбейіп кетті. Айлакерлер түрлі жолмен айласын асырып, талай жанның қалтасын қағып, сан соқтырып кетіп жүргенін естіп те, көріп те жүрміз. Мұндай алаяқтық фактілерді ауыздықтау үшін кім көрінгенге сенім білдірмей, барынша сақ болған жөн.
Алаяқтықтық деген ұғымның мәнін толық зерделеуіміз үшін, ең алдымен, бұл ұғымға анықтама беріп өткеніміз артықтық етпес. Алаяқтық дегеніміз – алдау-арбау тәсілдері арқылы, өзге адамның мүлкіне заңсыз ие болу арқылы жүзеге асатын қылмыс түрі. Қазақстан Республикасында адамды заңсыз алдап-арбауға байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартатын арнайы заң қарастырылған. Ата Заңның 190-бабында, алаяқтық жасаған адамға бір мың айлық көлемінде айыппұл салынып, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылу мүмкін екендігі айтылған. Ал, ауыр көлемдегі алаяқтық іс-әрекет үшін бес жылдан он жылға дейін темір торға тоғытылып, мемлекттік қызметтер атқару құқығынан да шеттетіледі. Дегенмен, осындай қулығына құрық бойламайтын қылмыскерлердің арбауына түсіп қалмай, керісінше олардың алаяқтық әрекеттеріне тосқауыл болуға септігімізді тигізуге тырысуымыз қажет. Қазіргі таңда кибер-алаяқтардың құрбанына айналып, қалтасы қағылғандардың қарасы көп.
Мәселен, белгісіз нөмерден хабарласқан азамат Қызылорда қаласының тұрғынын 600 мың теңге көлемінде ақша салса, үш бөлмелі үйге қол жеткізетіндігі жайында айтқан. Бір апта бойы мазалаған мәселенің шешімін таппаққа «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкке» хабарласқанда, бұл ақпараттың негізсіз екендігі анықталып, сақ болуға шақырған. Сол себепті, сізге белгісіз адамдар әлеуметтік желі немесе ұялы байланыс құралдары арқылы телефон шалып, қомақты қаражат немесе бағалы сыйлықтар ұтқаныңыз жөнінде айтса немесе пәтер, несие алып беріп, жұмысқа орналастыруға уәде еткен жағдайда, ең алдымен, қарапайым сақтық шараларын еске түсірген абзал. Белгісіз жанның әркеті көңілге күдік ұялатса, ең алдымен оның кім екендігін анықтап, қажет болған жағдайда жеке басын растайтын құжаттарын талап ету керек.
Сонымен қатар, бейтаныс адамға ақша беріп, белгісіз құжаттарға қол қоймаған дұрыс. Алаяқтық факторлар байқаған жағдайда, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген абзал. Қазіргі қоғамда оңай ақшаға кенелгісі келген басбұзарлар, алаятықтың түрлі жолын ойлап табуда. Сондықтан «Бұл не деген батпан құйрық, айдаладағы жатқан құйрық», демекдей, мол олжаға кенелемін деп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау қажет.
Ж.АНШАЕВА