Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтардың арбауынан сақтан!

Алаяқтардың арбауынан сақтан!

Бүгінде интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Дегенмен, өңірде алаяқтардың арбауына алданып, сан соғып қалған азаматтар қатары азаймай тұр.

Осыған орай, облыстық полиция департаменті ғаламтор желісі арқылы жасалатын қылмыстарды болдырмау және дер кезінде алаяқтық істерді анықтау мақсатында «Киберпол» жедел тергеу тобын құрып, қажетті шараларды қолға алды. Бұл жөнінде Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов хабарлады.

-Әдетте алаяқтар жалған интернет хабарландыру орналастыру, ғаламтор арқылы сауда жасау, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстыру арқылы халықтың сеніміне кіруді қалайды. Бұдан бөлек, жаңадан пайда болған алаяқтықтың түрі – тауарлық несиені рәсімдеу арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру да белең алып барады. Осылайша халықты несие алдыруға шақырып, қомақты қаржысын иеленіп, ізін суытады. Осыған ұқсас жағдайлар өткен аптада тіркелген болатын. Жалпы өңірде жыл басынан бері алаяқтық дерегі бойынша 500-ден астам қылмыстық іс анықталған. Оның 441-і ғаламтор желісі арқылы жасалғаны дәлелденді. Осы орайда, алаяқтық қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция департаментінің қызметкерлері халық көп шоғырланатын базар аумақтарында, ірі сауда орталықтарында және демалыс орындарында облыс тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Алаяқтардың алдауына түспеу үшін жеке деректерді, банк карта номерін, смс кодтарды, белгісіз сайттар мен күмәнді сілтемелерді ашуда және бөтен адамдарға жіберуде сақ болу қажет. Сонымен қатар «TeamViewer», «AnyDesk» немесе «Remote Desktop» деп аталатын арнайы бағдарламаларды орнатпауға шақырамыз, - деді департамент бастығының орынбасары Ілияс Байжұманұлы.

Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
21 шілде 2023 ж. 122 0