Мәдениеттің құтты ұясы
Мәдениет – адамзат өмірінің айнасы. Сондықтан да адамзат тарихының өркендеуі тікелей мәдениетке байланысты. Бұл ретте, Тереңөзек кенті клубы қызметкерлері мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, тұрғындардың өркениетке ілесуіне өзіндік үлестерін қосып келеді.
Негізінен, Тереңөзек кенті клубы 1957 жылы асар әдісімен салынған. Колхоз кезеңінде бой көтерген мәдени нысан сол кездің өзінде колхозшылардың өнермен сусындауына ерекше ықпал еткен. Кейіннен О.Мәлібаев ауылдық клубы болып өзгеріп, халыққа қызмет көрсетті. Ал 2014 жылдан бастап Тереңөзек кенті клубы болып ауыстырылып, бүгінде мәдениет қызметкерлері түрлі бағыттағы іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп келеді. 120 орындық клуб үйі салынғаннан бастап Закида Бапанова, Маржан Досболаева, Әсия Досжанова, Рысты Ахметова, Бақтияр Мырзашев, Садық Раймов, Ермеккүл Шүкірбаева, Әсемкүл Нұрманова, Абдурайым Тоқаяқов, Гүлфайруз Смайловалар басқарып, ауылдың мәдени өміріне араласып, елеулі еңбек сіңірді.
Қазіргі таңда клуб жанынан 4 үйірме жұмыс жасайды, атап айтқанда ән, көркемсөз, драма үйірмелері және «Ару ана» әжелер ансамблі. Тереңөзек кенті клубында көптеген аудандық, облыстық деңгейдегі шараларды өткізіп келеді. Сонымен қатар, аудандық байқаулар, концерттік бағдарламалар, ойын-сауық кеші, дөңгелек үстел, қайырылымдық шаралар, акциялар қалың көрермен назарына ұсынылуда. Үйірме мүшелері аудандық, облыстық, республикалық байқауларға, конкурстарға қатысып жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бұл жұмыстар клуб директоры Рүстембек Байділдаев бастаған Ғалия Сансызбаева, Ержан Жунусов, Эльвира Қожанова, Гаухар Аяпова, Айткүл Сағымбаева, Гүлбира Бисембаева, Ерболат Алматовтардың жұмысының нәтижесі.
Ауыл клубы жанынан құрылған «Ару Ана» әжелер ансамблі әрбір мереке сайын ауылдың алты ауызын, халық әндерін орындап, көрермен көзайымына айналған. Әжелер ансамблінің құрамындағы Жұмакүл Көшербаева, Роза Шахметова, Нағила Мұқанова, Зияш Үсенова, Гаухар Аяпова, Айша Сапарова, Айман Әбілдаева, Ғалия Сансызбаева, Бақыт Әбдіразақова, Рсалды Дүйсенбекова, Алтын Нұртаева, Құндызай Айманова, Роза Агатаева секілді ардақты ана, қадірлі әжелер өз өнегелерін көрсетіп, құрметке бөленуде.