Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әжелер ансамблі жүлдегер атанды

Әжелер ансамблі жүлдегер атанды

Облыс орталығында «Ақ жаулығым – тұмарым» тақырыбында әжелер ансамбльдерінің облыстық байқауы өтті. Оған Сырдария ауданынан Тереңөзек кенті клубы жанынан құрылған «Ару Ана» әжелер ансамблі қатысып, өнер көрсетті. Сырдариялық әжелер өздерінің өнерлерімен жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Іс-шараға Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев бастаған ардагерлер мен өнерсүйер қауым қатысты. Байқау шарты үш кезеңді қамтыды. Осы кезеңдер бойынша жоғары деңгейде өнер көрсеткен «Ару Ана» әжелер ансамблі ауданымыздың намысын абыроймен қорғап, көпшілікке үлгі-өнеге көрсетті.

Әжелер ансамблі «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» кезеңінде қазақтың бесікке салу дәстүрін көрсетті. Ал «Қолөнер – зор өнер» кезеңінде әжелеріміз қолдан жасалған құрақ көрпешелермен және басқа да бұйымдармен таңдай қақтырды. Сондай-ақ «Ән – халық мұрасы» кезеңінде халық әні «Сәулем-айды» жоғары деңгейде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Ардагер ұстаз Жұмакүл Көшербаева жетекшілік ететін әжелер ансамблінің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген құрметті жандарды облыстық байқауда жеткен жетістігімен құттықтаймыз!

Айта кетейік, Сырдария аудандық музей қызметкерлері облыстық байқау барысында ауданның қолөнер шеберлерінің туындыларынан көрме ұйымдастырды.

А.Ибрагимұлы
01 тамыз 2023 ж. 403 0