Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 10000 қадам денсаулықты нығайтудың кепілі

10000 қадам денсаулықты нығайтудың кепілі

Қазір күн сайын 10 мың қадам жасауды меже етіп қойғандар көп. Бұны көп адам күнделікті дағдыға айналдырған. Жаңа технологияның игілігі шығар, олар жасаған қадамының санын есептеп жатпайды, оны қолындағы ұялы телефон айна-қатесіз есептеп береді. Бұл межені «денсаулықтың кепілі» деп санайтын халықтың саны күн сайын біздің ауданда да артып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Саламатты өмір салтына ден қойғандар жасайтындар қадамдарын есептеп жатса, орталық стадион алаңында күнделікті дене шынықтырумен айналысатындар да денсаулыққа көңіл бөлетіндердің қатарынан. Бірақ олардың дені орта жастан асқан аға буын өкілдері. Жастарды мұнда таңалеукімнен кезіктіру арагідік. Арнайы спорт түрімен айналысатындары болмаса, стадион алаңында шынығып жүргендердің арасында әйел адамдардың белсенділігі жоғары.

– Күнделікті стадионға келіп жаяу жүрумен айналысуды дағдыға айналдырғанымызға 3-4 жылдың жүзі болды. Таңертең ертелетіп тұрып таза ауада серуендеп, баяу жүріспен осында келеміз. Қатарымызда жасы үлкейген әйелдер де бар. Сондықтан біздерге күнделікті 10 мың қадамды бағындыру түк те емес. Қазір қадамымызды есептеуді де қойдық. Әдепкіде қызығып күні бойы жасаған қадамдың есебін жүргізетінбіз. Енді міне, қанша қадам жасап жүргеніміз өзімізге мәлім. Жалпы дене белсенділігін арттыру адамның денсаулығына өте пайдалы, әрі көңіл күйді де көтереді. Күні бойы сергек жүруге көмектеседі. «Спорт – денсаулықтың кепілі» деп бекер айтылмаған. Өзімізге ыңғайлы спорт түрімен айналысып келеміз. Арасында жарысты да ұйымдастыратын ағалар бар. Саламатты өмір салтын ұстану адамның ерік жігеріне байланысты. Мұнда келіп бір рет жаттығу жасайтындар оны міндетті түрде дағдыға айналдырады. Стадионға қойылған түрлі жаттығу жасайтын құралдардың да түр түрі бар. Сондықтан барша тереңөзектіктерді қатарымызға қосылуға шақырамыз, – дейді Айымжан есімді кент тұрғыны.

Саламатты өмір салтын ұстанудың негізгі шарты күнделікті белсенділікпен өлшенеді. Таза ауада серуендеу күш-жігеріңізге, сана-сезіміңіздің сергек болуына әсер ететін факторлардың бірі. Мамандардың зерттеуі бойынша жаяу жүру арқылы кемінде 5 мың қадам жасасаңыз ағзаңыздың толыққанды жұмыс істеуіне оң әсерін тигізіп, денсаулығыңыздың нығаюына әкеледі.

Жұмысбасты адамның күнделікті дағдысына назар аударатын болсақ, жұмысты жасау мен оның нәтижелі етіп орындаудың арасы жер мен көктей. Күнделікті жұмыс жасайтын адам жұмысының жемісін көруі үшін физикалық және психикалық денсаулықтың маңызы болатынына мән бере бермейді. Сондықтан күніне жаяу жүру арқылы физикалық жағдайыңыздың жақсаруына күшіңізді жұмсау әлдеқайда тиімді.

Кентте жасы сексеннен асқан қарт кісі бар. Қария өмір бойы спортты серік етіп келеді. Аманкелді ақсақалдың айтуынша ұзақ өмір сүрудің кепілі спортпен шұғылдану. Әрине, үлкейген кісі шама шарқынша дене белсенділігімен айналысуы тиіс. Қарапайым ғана мысал, ақсақал күнделікті жаяу жүру арқылы денсаулығын нығайтады.

– Жас кезімде футболмен айналыстым. Қазір де допты тебуге шамам келеді. Бірақ жасымызға қарай шұғылданғанды жөн көремін. Жылдың төрт мезгілінде де ерте тұруға дағдыланып, кент көшелерін түгел жаяу аралап келемін. Адамның ой-санасы таза болуы үшін денінің саулығы маңызды. Қартайған адамдар дәрі-дәрмекті көп  пайдаланады. Ал бұл денсаулықты түземейді. Керісінше ағзаның жұмысын тежейді. Оның орнына дұрыс тамақтану мен дене белсенділігін дұрыс жолға қойсаңыз өмір жасыңыз ұзарады. Дәрігерлер соңғы жылдары жүрек-қан тамырларының көбейгенін де дене қозғалысының азаюымен байланыс­тырады. Сондықтан жасымыз да, кәріміз де денсаулықтың қадірін біліп, бір уақыт таза ауада серуендеп, жаяу жүруге мән берейік. Бұдан өкпеңіздің де жұмысы жақсарып, бұлшықеттер де нығая түседі, – дейді Аманкелді қарт.

Шын мәнінде күнделікті стадионға барып, таңертеңгілік уақыттың 1 сағатын дене белсенділігіне бөлетін кісілерге қарасаңыз көңіліңізге қуаныш ұялайды. Олардың арасында күйзеліс туралы немесе өмірдің қиыншылығын әңгіме ететіндерді кезіктірмейсіз. Жүріс тұрысындағы жинақылық пен ой сергектігі болашаққа нық сеніммен қарайтындардың қатарынан екенін аңғартады. Ал осы қадамға жұмыс істейтіндер дағдыланса, ерте тұрып бой сергіту күні бойы жүйелі жұмыс істеуіне көмектесіп, жұмыс өнімділігін арттыратынына да көз жеткізетініңізге кепіл береміз.

Сонымен, күніне 10 мың қадам сіздің өмір салтыңызды қалыптастыруға серпін беретін меже екенін біліңіз. Бұл деніңізге саулық, яғни пайда әкелетін қарапайым әрі қолжетімді әрекет. Осы дағдыңызды қызғылықты әрі пайдалы етудің тағы бір жолы жаныңызға серік тауып, межені бағындыруға ойланбастан кірісіңіз. Денсаулықты нығайтудың тамаша жолында белсенді болайық, оқырман!

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден
02 желтоқсан 2023 ж. 264 0