Жаяу жүру – мың бір дертке дауа
Соңғы жылдары адамдар аз қозғалатын болды. Ал аз қимылдау дертке шалдықтыратыны дәлелденген. Ресми дерек бойынша әлемде аз қозғалудың салдарынан зардап шегетіндер саны жылдан-жылға артқан. Сонымен қатар адамдардың арасында қозғалыссыз жұмыс істеу дағдысының көбеюі түрлі дерттің өршуіне әкелетіні сөзсіз.
Медицина саласының мамандары күнделікті жеткілікті мөлшерде қозғалыстың болмауы адам ағзасына кері әсерін тигізіп, ағзаны қартаюға әкеледі дейді. Бұл дегеніміз адамның өмір жасы да біршама қысқарады деген сөз. Сондай-ақ соңғы кезде көп кездесетін жүрек-қан тамырларының ауруы да аз қозғалыстың салдары. Ең өкініштісі, қозғала қоймайтын адамдардың дені семіздікке бейім келеді. Нәтижесінде ағзаның қызметі нашарлап, барлық жүйенің жұмысы тежеледі. Сондықтан қандай да болсын дерттің алдын алу үшін адамдар неғұрлым жаяу жүрудің пайдасын білгені жөн. Себебі, жаяу жүру – нағыз табиғи жаттығу, адам өмірін ұзартатын таптырмас ем. Күнделікті адам кем дегенде 30 минут жаяу жүрсе, денсаулыққа пайдалы екендігін сезінеді. Әсіресе артық салмақтан арылғысы келетіндер жаяу жүруді дағдыға айналдыруы керек. Ең бастысы жаяу жүру арқылы артық калориядан арылудың тиімділігі зор. Сондай-ақ егде кісілерге жүгіру қиын соғатындықтан жаяу жүру спортымен шұғылдануды әдетке айналдырса, тәбеті де ашылып, қан айналымы жақсара түседі.
Сырдариялықтар биыл 100 жасқа келген қарт Яхия Тасыровты жақсы біледі. Қария осынша жасқа келуінің құпиясын таза ауада көп болуымен және жаяу жүрумен байланыстырады. Күніне 4-5 шақырым жаяу жүретін майдангер денсаулығына да шағымдана бермейді. Жаяу жүрудің арқасында қарттың жүрісі тың, қимылы ширақ, бойын сергек ұстайды.
– Таңертең ерте тұруға қалыптасқанмын. Қартайғанда адам ұйқышыл келеді дейді. Бірақ мен бұл сөзбен келіспеймін. Күніне 7-8 сағаттық ұйқы жеткілікті. Қалған уақытта таза ауада жүргенді ұнатамын. Ауыл арасына жаяу жүремін. Мені көріп жаныма көлікпен тоқтап, баратын жеріме жеткізіп тастайық дейтіндер көп. Бірақ мен көбіне көлікке мінбеймін, рақметімді айтып, жаяу жүре беремін. Жаяу жүру – спорт. Қазір жасым жүзге келді. Сондықтан қимыл-қозғалыстың көзі жаяу жүру деп есетеймін. Буындарымызға да пайдалы, тыныс алу жолын реттейді. Аса бір алып бара жатқан ауру болмаса дәрі-дәрмек ішпеймін. Дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстанамын. Қазір жастар көбіне кеңседе отырып жұмыс істегісі келеді. Таңның атысынан бастап, кешке дейін бір орнында тапжылмай отыруға жалықпайды. Ал бұл өз кезегінде денсаулығына зиян екенін түсіне бермейді. Жалпы жасты да, кәріні де жаяу жүруге шақырамын, – дейді батагөй ақсақал Яхия Тасыров.
Ғалымдар жаяу жүрудің орасан зор пайдасы туралы мыңдаған жыл бұрын дәлелдеген. «Жаяу жүру – адам үшін ең бірінші медициналық көмек» деп медицина атасы Гиппократ айтқан дейді. Соның негізінде жаяу жүрудің бірнеше артықшылығын анықтаған.
Біріншіден, зерттеулер көрсеткендей, күнделікті жаяу жүру бір ғана жүрек қан-тамыр ауруын 31 пайызға азайтады. Екіншіден, көп қозғалмайтын адамға қарағанда жаяу жүретін адамдардың өмір сүруі 32 пайызға артқан. Мәселен, күнделікті сіз 2 шақырым жаяу жүретін болсаңыз, өміріңіз 22 пайызға ұзаратыны дәлелденген. Үшіншіден, жүргізілген тәжірибе қорытындысында науқас адамның өзінде апта сайын 3 рет 30 минуттан жаяу жүрсе, жүрек ауруынан туындайтын өлім 26 пайызға, басқа аурулардан келетін өлім 20 пайызға азайған.
– Жаяу жүру тек қана адам өмірін ұзарту мен жүрек ауруын азайтатын қасиетінен бөлек адамның ағзасына көптеген пайдасын тигізеді. Атап айтқанда, қант диабеті, депрессия, ішектің қатерлі ісігі, семіздік, буын аурулары, ақыл-есі кем болу секілді аурудың жолын кеседі. Қазір әлемде ғана емес елімізде де осы ауруға шалдыққандар саны артып келеді. Әсіресе, балалар арасында семіздіктің көбеюі дабыл қағарлық жағдай. Көптеген фасфуттарға тәуелді болған жас ағза емі ұзаққа созылатын ауру түрлеріне әкелуде. Ал артық салмақпен күресудің жолы жаяу жүруде екенін айтқым келеді. Жасы үлкейген әйел адамдардың арасында аяқ, тізе ауруларының көбеюі де аз қозғалыстың салдары. Сондықтан неғұрлым көбірек қозғалыс болса, адамның дені сау болады. Жалпы жаяу жүру – мың бір дертке дауа болатын табиғи ем, – дейді дәрігер-терапевт А.Қозбағарова.
Кейбір адамдар жаяу жүруден гөрі жүгірудің пайдасы неғұрлым көп екенін алға тартуы мүмкін. Осы ретте мамандар тарапынан жаяу жүрудің артықшылығы туралы айтылған пікіріне құлақ түрейік:
– Жүгіру мен жаяу жүрудің айырмашылығы жылдамдықта ғана емес. Жаяу жүрген кісінің кем дегенде бір аяғы жерде тұрады. Ал жүгіргенде аяқ кезекпен ауада қозғалады. Жылдамдық артқан сайын аяқ та ауада соншалықты көп қозғалады. Ал жоғары ұшқан зат жерге қайтып түседі. Бұл жерде адамның аяғы жерге тигенде адамның омыртқасы өз салмағынан 3 есе ауырлықты көтеруге мәжбүрленеді. Сондықтан жарақат алудан сақтану үшін омыртқасы ауыратын адамдарға жүгіру денсаулығына зиян. Жалпы, жаяу жүру кезінде жарақат алуы 1-5 пайыз болса, жүгіруде жарақат алу 20-70 пайыз аралығында. Жаяу жүру зат алмасу процесін жақсартып, иммунитетіңізді көтереді. Америкалық онкологиялық орталық күніне 1 сағат жаяу жүрген әйелдердің сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күресуге қауқары бар екенін айтады. Жаяу жүру үшін тек ыңғайлы аяқ киім мен ынта болса болды, – дейді «Жастар денсаулығы орталығы» бөлімінің дәрігері А.Байниязова.
Сонымен қатар жаяу жүрудің пайдасы баспалдақпен көтерілгеннен кем түспейді. Баспалдақпен көтерілу – қарапайым жаттығу жасағанмен пара-пар. Әр баспалдаққа көтерілген сайын адам өмірі 5 минутқа ұзарады екен. Ал артық салмақпен күрескіңіз келсе күн сайын баспалдақпен 30 минут жүріп өтсеңіз болды. Осылай көп калорияны жұмсау арқылы артық салмақтан соғырлым оңай арыласыз. Есте ұстайтын нәрсе – баспалдақпен көтерілу мен түсудің екі түрлі жаттығу екенін ұмытпаңыз. Көтерілу кезінде буыныңыз бен бұлшықет нығаяды. Өкпенің жұмысы жақсарады. Инсульт алу қаупін 30 пайызға төмендетеді. Дегенмен екі жаттығудың да денсаулықты нығайтатуға пайдасы зор.
Сонымен күнделікті жаяу жүруге асығыңыз. Жаяу жүру арқылы түрлі аурудың алдын алып, миыңыз сауығатынын ұмытпаңыз. Яғни ұзақ өмір сүрудің негізі – спорттың жаяу жүру түрімен тұрақты айналысып, саламатты өмір салтын ұстану арқылы өзіңізге өмір сыйлайсыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ