Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаяу жүру – өмір сүру

Жаяу жүру – өмір сүру

Соңғы жылдары адамдар аз қоз­ғалатын болды. Ал аз қимыл-қозғалыс адамды өлімге дейін әкелетіні дә­лелденген. Ресми дерек бойынша әлем­де адамдардың 4 пайызы, яғни 433 мың адам аз қозғалудың салдарынан зардап шеккен. Қозғалыстың болмауы – бір орнында отырып жұ­мыс істейтіндердің көбеюдің салдары. Сағаттап, бір орнында тапжылмай отыратындардың үлесі осы күні 60 пайыздан асқан.

Мамандардың пікірінше, қозғалыстың болмауы адам ағзасын қартаюға, жүрек-қан тамырларының ауруына, семіздікке әкеледі. Ағзаның қызметін нашарлатып, барлық жүйенің жұмысын тежейді. Сон­дықтан адамдар неғұрлым жаяу жүрудің пайдасын білгені жөн. Себебі, жаяу жүру – табиғи жаттығу, адам өмірін ұзартады. Күнделікті адамның 30 минут жаяу жүруінің өзі денсаулыққа пайдалы екендігі дәлелденген. Әсіресе, артық салмақты адамдар үшін жаяу жүрудің пайдасы орасан зор. Бұл – ең бастысы, артық калориядан арылудың тиімді тәсілі. Тіпті, жүгіруді қиын көретіндер жаяу жүру спортымен күнделікті шұғылданса сағатына 250 ккал жұмсайды.

Сырдариялық Амангелді Сматұлының жасы сексенге келді. Саламатты өмір салтын ұстанатын қария күнделікті 5-6 шақырым жаяу жүруді әдетке айналдырған.
– Жаяу жүру – спорт. Жасымыз үлкейгендіктен жүгіру қиын бізге. Ал жүру өте пайдалы. Қан айналым реттеліп, тынысым кеңейеді. Таза ауада күн сайын жаттығу жасап, кент ішін жаяу жүріп өтемін. Баратын жеріме жаяу барамын, көлікке мінбеймін. Қанша шақырым жер болса да жаяу жүргенді ұнатамын. Жас кезімде футболмен айналыс­тым. Қазақша күрестен чемпион атанғаным да бар. Жас­тайымнан спортпен айналысқандықтан және әлі күнге дейін спорттан ажырамағандықтан өзімді сергек сезінемін. Дәрі-дәрмек ішпеймін. Жасты да, кәріні де жаяу жүруге шақырамын. Көлікпен жүру немесе бір орнында оты­рып, күнұзағына жұмыс істеу денсаулыққа зиян, – дейді қимылы ширақ, көңілі сер­гек ақсақал.

Амангелді Сматұлы ұзақ жасаудың сыры күнде­лікті жаяу жүруімен байланысты дейді. Адам ағзасы үнемі қозғалыста болғандықтан ас қорыту жүйесінен бастап, қан айналымы жақсаратынын дәрігерлер дәлелдеген.

Ғалымдар жаяу жүрудің орасан зор пайдасы туралы мыңдаған жыл бұрын, яғни «Жаяу жүру – адам үшін ең бірінші медициналық көмек» деп медицина атасы Гиппократ айтқан дейді. Соның негізінде жаяу жүрудің бірнеше артықшылығын анықтаған.
Біріншіден, зерттеулер көрсеткендей, күнделікті жаяу жүру бір ғана жүрек қан-тамыр ауруын 31 пайызға азайтады. Екіншіден, көп қозғалмайтын адам­ға қарағанда жаяу жүретін адамдардың өмір сүруі 32 пайызға артқан. Мәселен, күнделікті сіз 2 шақырым жаяу жүретін болсаңыз, өміріңіз 22 пайызға ұзаратыны дәлелденген. Үшіншіден, жүргізілген тә­жірибе қорытындысында науқас адамның өзінде апта сайын 3 рет 30 минуттан жаяу жүрсе, жүрек ауруынан туындайтын өлім 26 пайызға, басқа аурулардан келетін өлім 20 пайызға азайған.
– Жаяу жүру тек қана адам өмірін ұзарту мен жүрек ауруын азайтатын қасиетінен бөлек адамның ағзасына көптеген пайдасын тигізеді. Атап айтқанда, қант диабеті, депрессия, ішектің қатерлі ісігі, семіздік, буын аурулары, ақыл-есі кем болу секілді аурудың жолын кеседі. Қазір әлемде ғана емес елімізде де осы ауруға шалдыққандар саны артып келеді. Ал онымен күресудің жолы жаяу жүруде екенін айтқым келеді, – дейді дәрігер-терапевт А.Қозбағарова.

Кейбір адамдар жаяу жүруден гөрі жүгірудің пайдасы зор деп пікір білдіруі мүмкін. Осы орайда дәрігер жаяу жүрудің жүгіруден артықшылығы туралы: «Жүгіру мен жаяу жүрудің айырмашылығы жылдамдықта ғана емес. Жаяу жүрген кісінің кем дегенде бір аяғы жерде тұрады. Ал жүгіргенде аяқ кезекпен ауада қозғалады. Жылдамдық артқан са­йын аяқ та ауада соншалықты көп қозғалады. Ал жоғары ұшқан зат жерге қайтып түседі. Бұл жерде адамның аяғы жерге тигенде адамның омыртқасы өз салмағынан 3 есе ауырлықты көтеруге мәжбүрленеді. Сондықтан жарақат алудан сақтану үшін омыртқасы ауыратын адамдарға жүгіру денсаулығына зиян. Жалпы, жаяу жүру кезінде жарақат алуы 1-5 па­йыз болса, жүгіруде жарақат алу 20-70 пайыз аралығында» дейді.
Сонымен қатар, жаяу жүрудің пайдасын бас­палдақпен көтерілу толықтыра түседі. Баспалдақпен көтерілу – қарапайым жаттығу жасағанмен тең болса, әр басқыш Сіздің өміріңізді 5 минутқа ұзартады. Ал артық салмақпен күрескіңіз келсе күн сайын бас­палдақпен 30 минут жүріп өтіңіз. Яғни көп калорияны жұмсау арқылы артық салмақтан соғырлым оңай арыласыз. Баспалдақпен көтерілу мен түсудің екі түрлі жаттығу екенін ұмытпаңыз. Көтерілу кезінде буын мен бұлшықет нығаяды. Өкпенің жұмысы жақсарады. Сондай-ақ, инсульт алу қаупін 30 па­йыз­ға төмендетеді. Дегенмен екі жаттығу да ден­саулықты нығайтатынын есте сақтаңыз.

Сонымен күнделікті жаяу жүру арқылы ден­саулық нығаяды. Түрлі аурудың алдын алып, ми сауығады. Демек, ұзақ өмір сүрудің кепілі – спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстануда екенін ұтытпаңыз. Жаяу жүру – өмір сүру!

Бибісара ЖАНӘЛІ
09 қазан 2021 ж. 583 0