Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі
Бірде ұзақ жасаған қарт кісіден «ұзақ жасаудың сыры неде?» деп сұрағанымызда, ол кісі «дене белсенділігінде» деген болатын. Шын мәнінде қозғалыс – ол өмір. Үнемі қозғалыста болу – денсаулықты нығайтады, көңілді сергітеді. Бұрынғының адамдары таң атпастан ұйқыдан оянып, мал-жанының жағдайын жасауға кіріскен. Ал Қазір жұмыстың бәрін техникаға артып, екі қолды босаттық. дене белсенділігінің азаюы денсаулыққа кері әсерін тигізуде.
Дене белсенділігімен қатар «адам жанының саулығы – дұрыс тамақтануда» дейді дәрігерлер. Олардың айтуынша, денсаулықтың 60 проценті адамның өмір салтына, тек 10-15 проценті ғана денсаулық жүйесіне байланысты екен.
Жалпы адамның денсаулығын өмір бойы нығайтып, сақтайтын ең негізгі фактор ол – тамақтану. Егер адам мейлі ол жас болсын немесе қарт кісі болсын, дұрыс тамақтанса, инфаркт, инсульт, обыр, қант диабеті сияқты созылмалы инфекциялық емес аурулардың айтарлықтай алдын алады. Дүниежүзі денсаулық ұйымы ұсынған тамақтанудың 12 қағидасы жазылған кітапшада – ең бірінші адам тұтынатын ас әртүрлі және құрамында өсімдік өнімі көп, ал ет тағамдары аз болуы қажет деп жазылған. Сонымен қатар көкөніс пен жемісті тәулігіне бірнеше рет тұтыну ұсынылады. Сүт өнімдерінің де пайдалы тұстары көп. Ал майсыз ет, балық, құс еті тиісті мөлшерінде ғана өте пайдалы тағам болып есептелінеді. Десек те бұл өнімді бұршақ тектес азықпен алмастыру әлдеқайда денсаулыққа тиімді екені аталған қағидада айтылған. Сонымен қатар күнделікті ас тұзын тұтыну мөлшерін тәулігіне 5 грамнан аспауын қадағалаған жөн. Алкогольден мүлдем бас тарту, тағамды қауіпсіз және гигиеналық тәсілмен әзірлеу – ұйымның ұсынған дұрыс тамақтанудың негізгі қағидасының бірі.
Дені сау қарт адамдарының тамақтануының басты қағидасы ретінде ас үлесінің энергиялық құндылығының нақты энергия шығынына сәйкес келуін негізге алады. Бұл ретте қозғалысы аз кісілердің соғұрлым жеңіл қорытылатын тағамды тұтыну қажеттігі маңызды. Жалпы жасы ұлғайған кісілердің тағамы склерозға қарсы бағытталуы, яғни өсімдік текті азық-түліктің басым болуы ескерілуі керек дейді мамандар.
Сонымен қатар қарт кісі шөлдемесе де күніне жеткілікті мөлшерде су тұтынып, шайнауы қиын азық-түлікті үккіштен өткізу немесе ұнтақтағыш, еттартқыш көмегімен тарту ас қорытудың бірден-бір жәрдемшісі. Ал заттаңбадағы азық-түлік құрамы туралы ақпаратты мұқият оқу қажеттігі көптеген қауіпті фактордың алдын алады. Қарт кісілердің дене салмағының артық еместігіне немесе қажетсіз салмақтың артық төмендемегеніне көз жеткізу үшін мезгіл-мезгілмен салмақ өлшеп тұру айтылады. Жоспарсыз салмақ тастаған жағдайда дәрігер кеңесіне жүгінген абзал.
– Ауданның денсаулық сақтау саласы биылғы жылдан бастап енгізілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша кепілдендірілген 15 санаттың қатарында қарт кісілердің денсаулығын қадағалап, оларға тегін ем-шара жүргізеді. Учаскелік дәрігерлердің назарында барлық егде жастағы адамдардың денсаулығы жіті бақылауда тұрады. Сондықтан қандай да бір дерттің алдын алуда дәрігерлік кеңес беріліп, өмір жасын ұлғайту мақсатында дұрыс тамақтанудан басталатын профилактикалық шараны белсенді түрде жүргізу әрбір учаскелік дәрігер мен учаскелік медбикенің міндеті, – дейді аудандық аурухананың жалпы тәжірибелік бөлімшесінің меңгерушісі Жанар Жұмабаева.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, саламатты өмір салтын ұстану, дене белсенділігін арттыру, дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі.
Бибісара ЖАНӘЛІ