Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зорлық-зомбылық – дәстүрімізге жат

Зорлық-зомбылық – дәстүрімізге жат

Қоғам тағы да дүрлікті. Бұл жолы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел адам көз жұмды. Әрине, осы уақытқа дейін қаншама әйел ер азаматының қорлығын көріп жатса да бұлай жарияға жар салынбайтын еді. Бұл жолы жағдай ушықты. Елімізге белгілі шенеуніктің өз әйелін ұрып өлтіруі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Әлеуметтік желі көздері елордада болған жағдай туралы жарыса жазды. Оқиға кезінде мерт болған жас келіншектің қаза табуы көпшілікке ой салды. Бұл – үлкен қасірет.

Отбасы болған соң «Ыдыс аяқ сылдырамай тұрмайды» деген сөз бүгінде елді елеңдетпейтін жаңалық болды. Құдайдың құтты күні ұрыс-керіс болып, жанжалдың соңы әйеліне қол көтерумен аяқталатын оқиғаларға құлағымыз да, көзіміз де үйреніп кеткен. Елімізде берекесі кеткен отбасылар көбеймесе, азаймай тұр. Оның себебі туралы ойланғанымызда ең алдымен ер азаматтың ішкілікке жақын болуы мен тұрмыстың ауыртпалығы, жұмыстың жоқтығы мен ақшаның жеткіліксіздігі дейміз.

Көп жағдайда жанжал отбасылардың ажырауымен аяқталып жатады. Осындай халді басынан өткерген Айгүл есімді замандасымыз жақында 5 жыл отасқан жарынан ажырас­ты.

– Күйеуімнің ішетінін біле­тінмін. Бірақ отбасын құрғандықтан, балалар дүниеге келген соң қоятын шығар деп үміттендім. Өзі тұрақты жұмыс істемеді. Менің тапқан таянғанымды сұрап, ішімдігіне жұмсады. Күнде ұрыс-керіс болған үйде қандай береке болсын. Ақыры жұмыста жүргенімді қызғанатын болды. Үйдегі қарт анасының қой деп айтқанына да көнбеді. Бізден жасырынып қолына түскен затты сатып ішетін болды. Талай рет қол да көтерді. Ақыры балаларға да тыныштық бермеді. Бір күні балаларға кесірі тиіп кетер деген қорқыныш болды. Мұндай қорлыққа шыдамадым. Ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Біраз күн өткенде кешірім сұрап, үйге қайтуымызды өтінді. Ант-су ішкеніне сеніп қайтатынбыз. Бірақ бұл жағдай неше мәрте қайталанды. Бір-екі рет полиция да шақырттық. Ақыры оңалмасына көзім жеткенде ажырасып кеттім. Ауылдық жерде күйеуінен зорлық көретін келіншектер көп. Бірақ ұят деп, ешкімге айтпайды. Балаларымның әкесі деп шыдайды. Бұл дұрыс деп ойламаймын. Отбасым, әйелім деп жаны ашымайтын еркек сұмдық жағдайға да баруы мүмкін, – дейді жалғызбасты келіншек.

Мұндай жағдайдың жас отбасылар­дың арасында көптеп орын алуын­ үлкен кісілер ата-баба дәстүрін сақтамаудан, жүрегінде иманның жоқтығынан деп түсіндіреді.

Қоғамдағы бұл келеңсіздікті адамның пиғылының өзгеруінен дей­міз. Жастардың салт-дәстүрімізді ұмытып бара жатқандығы осындай күйге жеткізуде. Ата-әжелеріміздің сый­ластығы мен жарасымды ынтымағы жетпей жатқан тәрізді. Қандай да бір мәселе туындаса, оны үлкендер өзара шешіп, отбасылардың татулығын, беріктігін ойлайтын. Қазір жас отбасылардың «өзіміз шешеміз, араласпаңыздар» деудің салдары үлкен қателікке әкелуде. Соңы ушықпай, ерлі-зайыптылардың көңілдері жараспай екіге кетсе «жақсы болыпты» дегенге дейін жеттік. Себебі өлімге дейін апарумен аяқталу мүмкін деп ойлаудың өзі қорқынышты.

Әлеуметтік желіні шулатқан бір ғана жағдай көп адамға сабақ болуы тиіс. Бұл күн сайын зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан әйелдердің жан айқайы. Жұдырығын қару деп білетін ер азаматтарды тезге салатын арнайы заң қатаңдатылуы керек. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел-аналарды панасына алатын орталықтар бар. Бұл мәселені түбегейлі шешудің жолы емес. Әйел қашанға орталықты паналайды. Айналып сол зәбір көрсеткен отбасына оралады немесе ажырасады. Ал ер азаматтар әйеліне қол көтерерде бір сәтке ойланып, әйелінің орнында анасы немесе қарындасы болса не істер едім деп ойланса, ақылға келер ме еді?

Тоқсан ауыз сөздің түйіні: қым-қиғаш жағдайдан шығудың жолы – ашуды ақылға жеңгізу. Жарасымды отбасы болудың кілті – ынтымақ пен бірлікте.

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден
21 қараша 2023 ж. 262 0