Отбасындағы жанжал қоғам ахуалын бұзады
Қоғамда зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыру күрделі мәселеге айналды. Бүгінде отбасындағы жанжал салдарынан нәзік жандылар мен балалар зардап шегуде. Сонымен бірге отбасы мүшелерінің ішімдікке салынуы – түрлі тұрмыстық түсініспеушілікке әкеп соқтыруда. Ерлермен қатар, әйел затының тәртіпке бағынбауы жиі кездесуде. Әрине, зорлық-зомбылыққа төзбеушілік көзқарас таныту арқылы отбасындағы келеңсіздіктерді тежеуге болады.
Негізінен, сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдардың шамамен 30 пайызын әйелдер мен балалар құрайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларында зардап келтірушіге ескерту, айыппұл немесе 15 күнге бас бостандығынан шектеу түрінде әкімшілік жаза қолданылады екен. Кейбір отбасылық дау-дамайлар қайғалы оқиғалармен аяқталатыны өкінішті. Мұндайда зәбір көрсетуші жауапкершілікке тартылады.
Әлеуметтік желіде күн сайын отбасынан кетіп қалу, балаларын тастап кету, тұрмыстық мәселеге байланысты зәбір көрсету жағдайларына жиі ұшырасамыз. Түрлі отбасылық дау-дамайларға араша сұрайтын халықтың көпшілігі ерлі-зайыптылардың ортақ түсініспеушілік салдарынан балалар қиындыққа тап болатындығын жасырмайды. Осындай ауыртпалық жүгін көтерген балаларға тығырықтан шығу жолдарын көрсету керек.
Аудан көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында тиісті іс-шаралар жүзеге асуда. Бұл рете, аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты Нұрбол Байжанов жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайлы айтып берді.
– Өмір бір орында тұрмайтыны рас. Күнделікті тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жоспарлы түрде жұмыс жасап келеміз. Жыл басынан бері 102-ге телефонына отбасы жанжалы туралы 87 адамнан хабарлама келіп түсті. Оның ішінде, 47 адамға қорғау нұсқамасы қойылса, 40 тұлғаға сот Қаулысымен шара көрілді. Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қоры жанындағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Орталыққа биыл 3 азаматшаны жолдаған болатынбыз. Бүгінде түрлі санаттағы көмектер оларға жасалуда. Балаларына сапалы білім алуына зор мүмкіндік қарастырылды. Жалпы, 6 ай уақыт ішінде, 8 отбасына әлеуметтік көмек көрсеттік. Сонымен бірге республикалық «Тұрмыс», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбындағы іс-шаралар аясында профилактикалық түсіндірме жұмысы жүргізілді. «Отбасы» іс-шарасы негізінде аудандағы білім ошақтарында оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Өткен жылы отбасы жанжалынан бірнеше жыл отасқан әйеліне ер азаматтың дене жарақатын салғандығы анықталды. Зайыбына зәбір көрсеткен ер азамат 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгінде үйінен кетіп қалған бір азаматшаны кері қайтарып, әлеуметтік қолдау жүргізілуде, – дейді Нұрбол Өмірғалиұлы.
Аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобынын инспекторы, полиция лейтенанты Нұрбол Байжанов отбасы мәселелерімен өткен жылдан бері айналысып келеді. Күнделікті бақылауда тұрған отбасылармен байланыс орнатып, тәртіп бұзбауға шақырады. Түрлі санаттағы жанжал туындаған уақытта қандай іс-шаралар жасау керектігі жөнінде ауыл әкімдеріне семинар-кеңес өткізген. Ішкілікке салынған адамдарды оңалту үшін медицина, психолог мамандарының көмегіне жүгінген. Осылайша, тәжірибелі маманның арнайы профилактикалық іс-шаралардан бөлек, отбасы жанжалын болдырмау мақсатында тәжірибелік жұмыстарды жалғастырытынына сенеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ