Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи кезеңдегі жүйелі жұмыстар

Тарихи кезеңдегі жүйелі жұмыстар

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның Ұлттық валютасы теңге айналымға енгізілді. Осы сәттен бастап Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық Банкі – эмиссиялық банк болып қайта құрылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің эмиссиялық қызметін оның құрылымдық бөлімшелері, яғни Есеп-айырысу кассалық орталықтары – Агроөнеркәсіптік коммерциялық банктерді, сбер­банктерді, поштаны эмиссиялық қызметі арқылы жаңа теңгемізбен қамтамасыз етіп отырды.

Ұлттық Банкінің Тереңөзек Есеп-айырысу кас­салық орталығы және Агроөнеркәсіптік Банкі А.Әлиакбаров көшесі №14 мекен жайда Қажыман Асанов Мемлекеттік Банкті басқарып тұрған тұста 1972 жылы пайдалануға бе­рілген ғимаратта орналасқан болатын. Осы ғи­маратқа 1993 жылы 15 қарашасында та­ңер­теңгі сағат 07.30-да кіріп, содан 17 қараша күні сағат 08.00-де жұмыстан шығып, бар болғаны 50 минутқа үйге барып, сағат 09.00-де жұмыста болдық.

1993 жылы 17 қарашада таңертең Банк ғимаратынан шыққан кезде ең бірінші қалың жауған қарды аяғымызбен басқан кезде аяздан сықырлап тұрған аппақ қарды көрдік. Сол жылы қар өте қалың жауды, биіктігі ұмытпасам 15-20 сантиметрге дейін жетті. Ең бірінші болып теңгелер фанерден жасалған жәшіктерге сыртында ағылшынша «The national valuta Republik of Kazakhstan» деген жазуы бар, целофан пакетке қатарласып салынған күйде Тереңөзек ауданының есеп-айырысу кассалық орталығына жеткізілді. Ескі ақшаны, кеңестік рубльді қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 08.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды. Қарашаның 15-інен бастап 20-сына дейінгі уақыт, сомды теңгеге ауыстыру үшін берілді. Тура алты күнде халық қолдағы ақшасын тәу­елсіз елдің валютасына айырбастауы керек еді. Ол кезде 1 теңгенің құны 500 рубльге тең болды. Халық 500 сомға 1 теңге алып жатты. Ұлттық Банкінің орнатқан лимиті 100000 рубльді теңгеге ауыстыру, ол теңгеге шаққанда 200 теңгені құрады. Қағаз ақшасын қапшықтап жинаған ағайын енді теңгенің кезегіне тұрды. Бұл күндер әр тұрғынның есінде деп ойлаймын. «Шөп» ақшаны жинап, сақтағанды шығарып, қолға жаңа купюраны­ ұстап көргендер төл теңгені бірнеше күн қызықтаған.

Ұлттық Банктің облыстық басқармасында, аудандардағы есеп-айырысу кассалық орта­лықтарында, екінші деңгейлі банк филиалдарында (АӨКБ), аудандық сберкассаларда жұмыс науқаны қызып жатты. Есеп-айырысу кассалық орталығының кассалары тәулігіне 22-24 сағатқа дейін тұрғындар қаржысын ауыс­тырып жаттық. Оған қосымша аудан әкімдігінде уақытша айырбастау пункті ашылды.

Осы тұста атап өту керек, Тереңөзек ауданында төл теңгені қолына ең бірінші болып ұстағандар, Ұлттық Банктің тарихында қалған Тереңөзек Есеп-айырысу кассалық орталығының бастығы Жарылқасын Дайрабай, орынбасары Ғалия Емелбекова,­ бас есепші Мехребану Сырмаханова, бас есепшінің орын­басары Айгүл Хабиева, есепшілер Қаншагүл Қараманова, Эльмира Алданазарова, несие бөлімінің қызметкері Асылбек Палымбетов, касса меңгерушісі Ұлбосын Жамансариева, кешкі кассаның кассирі Гүлмира Алашбаева, іс жүргізуші Гүлнар Исаевалар еді. Агро-Өнеркәсіптік Банк бастығы Марияш Садықова, орынбасары Әлима Сағынаева, бас есепші Сәрсенкүл Аймаханова, бас есепшінің орынбасары Роза Абдраманова, несие бөлімінің бастығы Роза Тұрмаханова, несие бөлімінің қызметкелері Ғалымжан Бакиров, Катя Беркімбаева, есеп­шілері Рәш Алашбаева, Гүлнар Ізбасарова, Бақыт Назарбаева, іс жүргізуші Дана Әкімжановалар да тарихи кезеңдегі жауапты жұмыстың басы-қасында жүрді. Осы аталған қызметкерлер 6 тәулік бойы аяғынан тік тұрып, уақытпен санаспай жұмыс істеді. Ескі ақша түні бойы есептеліп, сұрыпталып, жөнелтуге даярланып жатты. Әр жаңа күннің таңғы сағат 10.00-ге дейін ескі ақшаның есебі рубльмен, ал жаңа теңгеміздің есебі жаңа Ұлттық валютада екі түрде Ұлттық Банкінің қосымшасына сәйкес облыстық Ұлттық Банк басқармасына жөнелтіліп жатты.

Сол жылдардағы облыстық Ұлттық Банкінің басшысы Ниязбек Маханжанов, бас есепшісі Райхан Назаркулованың есімдерін де ерекше­ айтып өткен жөн. Олар өз мамандығының майталмандары болатын.
Еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп Ұлттық Банктің 1 теңгенің рубльге шаққанда ресми түрде белгілеген теңгерімі 500 рубль болса, 1 АҚШ доллары 4,75 теңге болып бекі­тілді. 1993 жылы 15 қараша тұңғыш төл тең­геміздің айналымға енген күні. Ұлттық валютамыз – теңге тәуелсіз Қазақстан егемендігінің айрықша нышаны болып табылады. Бұл күнді қаржыгерлер мен банк қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өту дәстүрі қалыптасып келеді.

Егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыру, бүгінгі қол жет­кізген жетістіктерді нығайта түсу, ұлттық валютамыздың құндылығын сақтау және қар­жылық тұрақтылыққа қол жеткізу – барша қазақстандықтар үшін аса жауапты мүмкіндік. Ата-бабамыздың қаны мен тері сіңген киелі топырақтағы тәуелсіздіктің басты ны­шандарының бірі – төл теңгеміздің айтулы мерекесімен құттықтаймын. Ел дамуы жолындағы жұмыстарымыз жемісті болғай!

Айгүл Хабиева,
Сырдария аудандық
қазынашылық басқармасы
басшысының орынбасары
Фото: el.kz
14 қараша 2023 ж. 228 0