Теңге – Тәуелсіз елдің валютасы
1993 жылы елімізде айтулы оқиға орын алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында, қараша айында ұлттық валюта – теңге қолданысқа енгізілді.
Ұлттық валютаны енгізуге байланысты құрылған мемлекеттік комиссия ең алдымен оның тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдамада жаңа валютаны енгізу мерзімі, айырбастау пунктеріне тасымалдау тәсілдері, қолма-қол ақшаны айырбастау лимиті мен коэфициенті, валюта бағамы, т.б. мәселелер нақтыланды.
Тарихи оқиға 1993 жылдың 12 қарашасымен тұспа-тұс келді. Осы күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Маңызды құжатта «Республика аумағында 1993 жылдың 15 қараша күні ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілсін, ал 1993 жылдың 18 қарашадан бастап теңге заңды төлемге айналады» деп көрсетілді.
Елбасы Жарлыққа қол қойған күннен бастап ақпарат құралдары жаңа валютаның суретін жариялай бастады. Теңгеде еліміздің тарихи тұлғалары бейнелгені қуанышты жағдай болатын.
Бір теңгелік қағаз банкнотта – әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгеде – атақты ақын Сүйінбай Аронұлы, бес теңгеде – күйші Құрманғазы, он теңгеде – ғалым Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгеде – ұлы ақын Абай Құнанбайұлы, елу теңгеде – Әбілхайыр хан, жүз теңгеде – Абылай хан бейнелері көрініс тапты.
Осыдан жиырма сегіз жыл бұрынғы күнді еске алсақ, қарашаның 15-нен басталған орыстың рублін теңгеге айырбастауға тура 6 күн уақыт берілді. Осы күн аралығында айырбастау пункттеріне асыққан халық қолда бар ақшасын ұлттық валютаға айырбастап үлгерді. Халық 500 сом ақшасын 1 теңгеге айырбастады. АҚШ валютасының долларға шаққандағы құны – 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.
Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап ел егемендігінің бір белгісі ретінде халыққа қызмет жасап келе жатқан теңгенің өмірге келгеніне де 28 жыл болды.Қазақ елін әлемге танытқан, ел абыройын асқақтатқан төл теңгеміз осы жылдар ішінде өзінің тұрақтылығын, өзіндік бағытын арттырды.
Ұлттық валюта уақыт өткен сайын бірнеше рет қайтара жаңғырды. Бұл теңгенің ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы нақты қадам ретінде айшықталған-ды.
Айта кету керек, жыл сайын 15 қарашаны «теңгенің туған күні» деп, халқымыз атаулы күнді ерекше қуанышпен атап өтеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ