Электронды жүйе іске қосылады
Қазіргі уақытта елімізде барлық саланы цифрландыру қызметіне көңіл бөлініп келеді. Азаматтардың құжаттарын электронды жүйеге көшірудің маңыздылығын көпшілік сезінуде.
Арнайы порталдың көмегімен кез келген құжат қолжетімді екені белгілі. Осы ретте, келер жылы азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өткізеді. Бұл дегеніміз – кез келген адамның жеке куәлік алған сәтінде саусақ ізін көшіру кезеңі қосылады.
Дактилоскопия – саусақ мөрінен қылмысты адамды анықтау әдісі. Он екі жасқа дейінгі балалардан басқа, еліміздің барлық азаматы мен Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуден міндетті түрде өтуі керек. Ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар ерікті негізде саусақ ізін тіркесе болады.
Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАК облыстық филиалының Сырдария аудандық бөлімінде дактилоскопиялық тіркеуге арналған арнайы аппарат орнатылды. Көші-қон полициясының маманы Талғат Сәдібеков электронды базаның жұмысын алдағы уақытта жүзеге асыратын болады. Осы ретте жеке куәлігінің мерзімі біткен сырдариялық Перизат Туманова мен Амандық Қиясов дактилоскопиялық тіркеуден өтті.
– Жалпы, ҚР азаматтарын міндетті дактилоскопиялық тіркеу туралы заңды орындау үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеу енгізілетіні мәлім. Жеке куәлік алған азаматтардың саусақ ізін көшіруге 5-10 минут уақыт кетеді. Аталған шара заңсыз құжаттау фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік бермек. Жеке басты куәландыратын құжаттарға қосымша дактилоскопиялық параметрді енгізу үшінші тұлғалардың, оның ішінде қылмыскерлердің құжаттарды пайдалану мүмкіндігін болдырмайтынын айта кетейік, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАК облыстық филиалының Сырдария аудандық бөлімі директорының орынбасары Мақпал Кершеева.
Бұл ретте, көші-қон полициясының маманы Талғат Сәдібеков жаңа жүйенің тиімділігін көпшілікке түсіндірді.
– Аталған шара жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жетілдіруге бағытталған. Бұл өз кезегінде заңсыз құжаттандыру фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, дактилоскопиялық тіркеу қазақстандықтар үшін басқа елдердің мемлекеттік шекараларынан өту рәсімін жеңілдетеді, – дейді Т.Сәдібеков.
Айта кетейік, 2021 жылы «дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң күшіне енген еді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ