Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аталы сөз ел бірлігіне үндейді

Аталы сөз ел бірлігіне үндейді

Аудандық газеттің 2023 жылғы 9 қыр­­­­­­күйектегі №71 шығарылымында тыл­ және еңбек ардагері, «Сырда­рия­ ауданының Құрметті азаматы­» Ра­қымжан қажы Бәйменовтің «Құн­ды­­­­­­­лықтарымыз құлдырамасын!» та­қы­рыбындағы көлемді мақаласы жарияланды.

Есімі ауданға белгілі қадірменді қарттың мақаласы көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматқа ой салары анық. 95 жасты алқымдаған ақсақал сүбелі сөз айтып, ұлт болып ұйысуға тіл мен салт-дәстүрдің, елдің ауызбірлігінің маңызы зор екенін айтады. Мен де мақаланы толық оқып шықтым.

Осындай салиқалы да салмақты сөз айтуға қарияға бүгінгі күні елде орын алып жатқан түрлі ахуал себеп болғаны белгілі. Тентегін тезге салатын ауыл ақса­қалдарының ақыл-кеңесі мен аталы сөзіне құлақ асатын ұрпағымыздың бүгінгі жай-күйіне алаңдамасқа болмайды.

Елдің ішінде отырып ауыл үлкендері ретінде елдің ауызбірлігіне қосар үлесіміз – ол саналы ғұмырымызда көріп-білгеніміз бен атадан құлаққа құйған есті сөздерімізді айтып отыру.

Қай кезде де мемлекетте бейбітшілік пен тыныштық болса, ол ел көркейеді. Күлтегін бабамыз «Тату елге тоқшылық нәсіп» деп бірлігі бекем елдің ғана алға қарай дамуы табыс әкелетінін айтқан. Міне сондықтан ел ішіндегі ауызбірлік өте маңызды. Ауданымыздың құрметті қариясы «Бүгінгі қоғамда кездесіп жатқан етектілердің ердің орнын басып, дау шешіп, бөріктілердің босағадан аттай алмай отырған жағдайын көргенде, естігенде ертеңгі ұрпақ үшін алаңдамасқа болмайды» деп жетесіне жеткізе айтып отыр. Мұны ақсақал бекерге айтып отырған жоқ. Соңғы кезде көзіміз көріп отырғандай әйел адамдар қисынды-қисынсыз әрекетке барып, ер адамның алдына шығып, дау-дамай туғызуда. Бұл біріншіден, отбасының берекесін қашырса, екіншіден, сол елдің ауызбірлігіне нұқсан келіп, іріткі салушылардың қол шоқпарына айналып отыр.

Ел мен жердің киесі болады. Егер де сол қасиетті жерде келіспеушілік пен араздастық орнаса, түгел бір мемлекеттің құлдырауына әкеледі, елдің іргесі сөгіліп, ырыс пен ынтымақ ыдырайды. Сондықтан құлағымызды есті сөзге түріп, тұтастығымыз бен бірлігімізді сақтауда үлгі болып, келешек ұрпағымызға көрсеткен өнегеміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы тиіс. Киелі Сыр өңірінің тұрғындары бірлік пен ынтамақтастықта өмір сүретін қоғамның бір бөлігі екенін көрсетуі керек. Басқа амалға, қисынсыз әрекетке жол жоқ.

Ата-бабамыз «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деп бекерге айтпаған. Қасиетті Сыр өңіріндегі ең көрікті ауыл Нағи Ілиясов ауылының байырғы тұрғыны ретінде менің саналы ғұмырым осы ауылмен, ауданмен байланысты. Осы ауданда еңбек етіп, отбасылы болып, көгеріп-көктедім. Қазіргі уақытты бұрынғымен салыстыруға мүлде болмайды. Біз еңбек еткен қоғамда қиындықтарды жеңуге қара күш жұмсалса, қазір барлық жұмысты техника атқарады. Тек қана еңбексүйгіштік пен жауапкершілік айнымас қағида болып қалды. Ел азаматтарының арқасында ауылымыз жылдан жылға гүлденіп, еліміздегі қалаға айналған ауыл дәрежесіне жетті. Мұндай ғажайып ауыл тұрғындары үшін күнделікті көрініс болып қалғанымен, ауылымызды сыртынан танып біліп жүрген қаншама азаматқа бір рет көзімен көрудің өзі арман. Ал осынша керемет сұлулықтың ар жағында қанша жылғы еңбек пен қаражат жатыр. Осынша игілікті істің басы қасында талмай ізденіп қажыр-қайратын жұмсап жүрген, азаматтық іс тындырған Еңбек Ері Абзал Ералиевтей азаматтардың ұшан-теңіз еңбегі жатыр. Туған жердің бір ғана перзенті осынша игілікті істің басы-қасынан табылып, ауылдың гүлденуіне, дамуына күшін салды. Қарасаңыз, аймақтағы жеті ауданның ішінен Тәуелсіздік жылдарында біздің ауданнан ғана Еңбек Ері шықты. Сондықтан біздің бағымызға орай осындай азаматымыз тұрғанда ауданымыздың жаман аты ешқашан шықпауы керек. Себебі атымызға сын болатын бөліну, ауызбірліктен жұрдай болу секілді жаман әдет қанға тез сіңеді. Олай болмас үшін жастарымыз бен әйел-аналарымыз елдің тыныштығына, бейбіт өміріне сызат түсірмеуі керек.

Жалпы қоғам ішіндегі орын алуы мүмкін бүлік пен алауыздықтың алдын алу мен тоқтату әрбір мұ­сыл­­манның міндеті саналады. Рақымжан қажы ма­қаласында имандылық туралы да сөз қозғап, қоғамның бір­лігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту иман­ның кемелдігінен болмақ деген пікір ай­та­ды. Пі­кір өте орынды айтылып отыр. Осы ретте «Алтау ала бол­са ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, тө­­бедегі келеді» деген халық даналығын еске ала­мыз. Көк Туымыздың ас­тына бірлікпен жиналып, ті­лі­міз бен дінімізді қас­тер­леп, ел мен жерімізді көздің қа­­рашығындай сақтасақ, ұлт болып ұйысатынымыз анық.


Төребек ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы
Фото:zharar.com
16 қыркүйек 2023 ж. 293 0