Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қариялар құрмет құшағында

Қариялар құрмет құшағында

Аудандық мәдениет үйінде «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесіне ар­налған салтанатты іс-шара өтті. «Қарты бар ел – қазыналы ел» тақырыбындағы мере­ке­­­­­­­­­­лік салтанатқа аудан әкімі М.Ергешбаев, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев қатысып, ауданның ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Қарияларды ардақтайтын атаулы күнде аудан әкімі М.Ергешбаев ардагерлерді мерекемен құттықтады.
– Біз – әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақ­таған текті елдің ұрпағымыз. Ардагерлерді құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу – біздерге бабадан сіңген қасиет. Алыптарға алтын бесік болған Сырдария ауданының өсіп-өркендеуі жолында әр алуан салада нағыз еңбектің үлгісін көрсеткен ардагерлерімізге құрметіміз әркез ерекше. Атап айтқанда, денсаулық саласында қажырлы еңбек еткен Рүстем Садықұлы, Астрахан Қожахов, Шынтас Зетов, талай шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан білім саласының майталманы Жоламан Ерманов, Ұлмекен Шанайқызы, Анар Ізбасарова, мәдениет майталмандары Алма Бақтиярова, Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасов, егін даласында ерлермен қатар жүріп еңбек етіп, есімі ел-жұртқа танылған күрішші-механизаторлар Бексұлу Синаева, Рысты Өкшебаева, Райкүл Жалғасбаева, үздік сауыншы атанған Сәуле Өмірзақовалар секілді еңбектен бақытын тапқан қазыналы қарттарымыз айта берсек ауданымызда көп. Қазіргі таңда аудан бойынша 4000-нан аса зейнеткер болса, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровтың арамызда жүруі, көпшілікке ақ батасын беруі – біз үшін қуаныш. Мұнан бөлек, аудан бойынша 150-ден астам тылда қажырлы еңбек еткен ардагер бар. Олардың әлеуметтік жағдайы, күнделікті тыныс-тіршілігі, тиісті қол­даулар мен жеңілдіктерге ие болуы – әркез басты назарымызда. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы толағай табыстарымыз бен бағындырған белестеріміздің астарында Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бар екені белгілі. Сондықтан өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіріп, алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін, – деген аудан басшысы ел бірлігін сақтаудағы ардагерлердің алар орны айрықша екеніне тоқталды.
«Қариялық – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» дегендей, ақылы толысқан, өмірлік тәжірибесі мол қариялар қай кезде де қоғамның ұйытқысы болып, ел ішінде береке-бірліктің сақталуына бастамашы болып келеді. Мәселен, ертеректе ел ішінде орын алған келеңсіздіктерді халыққа сөзі жүретін қариялардан құралған билер кеңесі арқылы шешіп отырған. Бұл сол кездің өзінде қарттарға деген құрметтің жоғары екенін білдірсе, бүгінгі қоғамда да елдің ынтымағын ардақты ардагерлеріміз сақтап отыр.
Билер кеңесінің лайықты жалғасы ретінде ауданда, әрбір ауылда қоғамдық кеңестер құ­рылып, оның төрағасы ретінде құрметті қа­риялар сайланған. Оның құрамында да елге еңбегі сіңген ардагерлер, ақ жаулықты аналар елдегі мәселелердің оң шешімін табуына себепкер болып отыр. Жалпы, елдің ынтымағын сақтап, берекелі істе бірлік танытуға үндейтін сырдариялық ардагерлерге аудан орталығында «Ардагерлер» кабинеті жұмыс жасайды. Ауыл­дық округтерде Қоғамдық кеңес және ардагерлерге арналған кабинеттер іске қосылған. Сонымен қатар, алдағы уақытта ардагерлер демалатын арнайы орын ашуды жоспарлануда. Қарияларға құрмет көрсету, қолдау іс-ша­ралары әркез жүзеге асырылып келеді.
Мерекелік құттықтаудан соң қариялардың құрметіне аудан әкімінің ықылас күлі сахнаға қойылды. Мұнан соң «Сыр жастары» драма үйірмесінің қатысушылары қазыналы қарт­тарға арнап жыр шумақтарын оқып, іс-ша­раға қатысқан ардагерлерге сый-сияпат жасалды. Мерекелік салтанатта ауданның көркем­өнерпаздары «Анаға сәлем», «Әке туралы жыр», «Қаздар қайтқанда», «Уақыт», «Туған жер» және Шәмші әндерін шырқап, ардақты ардагерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Іс-шара соңында құрметті қариялар Орталық алаңда естелік суретке түсті.
Салтанатты іс-шарадан кейін аудан әкімі М.Ергешбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, «Сырдария ауданының құрметті азаматы», бата­гөй қария Яхия Тасыров пен тыл ардагері, «Сырдария ауданының құрметті азаматы», қазыналы қарт Рақымжан Бәйменовті арнайы барып мерекемен құттықтады. Ардақты ар­дагерлердің ауданның өсіп-өркендеуіне қос­қан еңбектерін атап, бүгінде өмірлері жас ұр­пақ­қа өнеге екенін айтып, ардақты ардагерлерге сый-құрмет көрсетті.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
02 қазан 2021 ж. 735 0