Құндылықтарымыз құлдырамасын!
«Ел іші – алтын бесік» деген. Түгел елдің тентегін өз ішімізден тыйып, бұзығын тура жолға салып, көпті көрген ақсақалдар ақылымызды айтып, аға буын кейінгіге оң бағыт нұсқамасақ, ұлт болғанымыз қане, ұлылығымыз қане? Ғасырға жуық өмір өрнегімде нені көрдім, көңілге не түйдім? Салмақты сөзді саралап кейінгі буынға аталы сөз қалдырудың сәті түсіп отыр екен. «Ақылды алғанға, үгітті ұққанға айт» деген дана халқымыз. «Айтушыдан тыңдаушы зор болсын» деген тағы бар. Аудан айнасына айналған газет бетінен арнайы орын алып, сөз айттық, ойлы оқырман, құлағың сал!
95 жасқа келгенде көңілді күпті етіп, қолға қалам алғызған – ұлттық құндылығымыздың бүгінгі жайы мен жапсары. «Ұлттық құндылық» ұғымын айтқанда ең әуелі ойға оралары Отан мен тіл, салт пен дәстүр болуы мүмкін. Ең басты құндылық, бұл – елдің ауызбіршілігі мен татулығы. Жоғарыда айтып өткен ұғымдардың барлығы адами құндылықтардан бастау алатын дүниелер. Бүгінгінің адамы – өркениетті қоғамның негізі. Десек те, солай екен деп, басты адами құндылықтарды кейінгі орынға ысыруға әсте болмайды.
«Әке тұрып, ұл сөйлегеннен, Ана тұрып қыз сөйлегеннен без» дейтін қазақ ер мен әйелдің өзіндік орнын да жақсы білген. Бұл мәселе төңірегінде асыл дінімізде де жетесіне жеткізе жазылған. Бүгінгі қоғамда кездесіп жатқан етектілердің ердің орнын басып, дау шешіп, бөріктілердің босағадан аттай алмай отырған жағдайын көргенде, естігенде ертеңгі ұрпақ үшін алаңдамасқа болмайды. Елге жаман ат келтіретін, іріткі салатын, бірлікті бұзатын істерден әуелі өзіміз тыйылып, сосын барып өзгеге ақыл айтуымыз керек. Әйтпесе, бұрынғы қазақ пен бүгінгі қазақтың арасында алшақтық басым болып бара жатыр. Әсіресе, менбілермендікке салынып, жасы үлкен ер адамдардың алдына шығып, негізсіз сөздер мен пікірлер айтып жүрген әйелдер бірлікті ғана емес, берекені де қашыруда. Сондықтан ер де, әйел де өз орнын білуі керек. Қазаққа, өзі шыққан отбасы мен әулетке ұят келтірмеуді ойлауы қажет.
Негізі, қазақ қоғамында да, дінімізде де әйел адамның орны мен рөлі ерекше. Халқымызда ұлы аналар, әулие әйелдер тізімін толықтырып, күні бүгінге дейін үлгі-өнеге болып айтылып келе жатқан қыз балалар, әйел аналар аз емес. Қаракерей Қабанбай батырдың жары Гауһар анамыз, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, ел ішінде «Домалақ ана» атанған Нұрила, одан бөлек Тұмар мен Зарина ханымдар, Айғаным мен Күнбике тәрізді аналардың ерін сыйлап, ер азаматының алдына түспей, ұят пен арды шетке ысырмай-ақ елдің ертеңінің жарқын, ұрпақтың ұлағатты болуына үлесін қосып, есімдері әлі күнге дейін ұрпақ жадында сақталып отырған жайы бар. «Мықты ердің артында ақылды әйел тұрады» деген сөз қазақ әдебиетінің көрнекті жауһарларында да, тарихи деректерде де кездеседі әрі дәлел де жоқ емес. Бірақ бұл сөздің астарына терең мән берген жөн.
Бұрынғының салты мен санасына қарасақ, тіпті ері үйге кіргенде әйелі орнынан тұрып, күтіп алатын болған. Бұндай көрініс бұрынғының күнделікті тұрмысынан бөлек көрнекті тұлғалардың өмірін тәпсірлеген туындыларда да көп кездеседі. Ер – түздің тағысы болса, әйел адамның рөлі бала тәрбиесімен, ер-азаматымен тікелей байланыста айтылады. Бүгінгі таңда әйел адамдар да ер адамдармен қатар қызмет қылып, еліміздің түрлі бағытта дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бұл бір жағынан орынды да. Себебі «Білім алу ер адамға да, әйел адамға да – парыз» деген ғибратты сөз бар. Сол айтпақшы қазіргі таңда қызмет қылып, ел дамуына үлес қосса, ғылым қуып, мемлекеттің өркендеуі жолында елеулі еңбек етсе, айып жоқ. Тек ер адам мен әйел адамның қоғамдағы рөлі ауыспауы керек. Ауысқан екен, елді құрдымға сүйрейтін нағыз сор сол болмақ.
Қазақ халқы – түбі тереңде жатқан тарихи халық. Біздің өзімізге тән тарихымыз да, мәдениетеміз де, салт-санамыз да жетерлік. Осы салт пен дәстүр, мәдениет пен руханиятты жоғалтып алмаққа ең алдымен ауызбіршілік пен халықтың ынтымағы керек. Орыстың ойшылы Сперанскийдің «Қазақтар шөлейтте өсетін балтамен ұрып сындыра алмайтын сексеуіл ағашы сияқты, сексеуілді тек бір-біріне ұрып сындыруға болады. Қазақтарды да бір-біріне айдап салып, әлсіретіп барып құлдықтың қамытын кигізе аламыз» деген екен. Ауызбіршілік – ұлттығымыздың, бейбітшілігіміздің жарқын көрінісі. Біз ұлы халықтың ұлағатты ұрпағы ретінде бұрынғы салтымызбен, ұлттық түсінігімізбен бұндайға жол бермеуіміз керек. Бірлік – бақыттың кілті болмақ.
Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Бірлік – тағылымы мол сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы көп баяндалған. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер» деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар» деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.
Ертеден халықтың бірлігі мен татулығын ту еткен би-шешендердің жұдырықтай жұмылған елдің ынтымағын көтере айтқан әділ төреліктері күні бүгінге дейін ел арасында ауыздан ауызға тарап келеді. Әйтеке бидің «Адам бірге туыспау керек, туысқан соң сөз қуыспау керек» дегені, Бәйдібек бидің «Бәріміздің түбіміз бір емес пе? ... Одан-дағы ынтымақ, бірлік, достық, сыйластықты сақтайық. Тірлік басқа болса да, тілек бір, бармақ басқа болса да білек бір» деп келетін нақыл сөздерін дәлелге тартуға болады. Ал, текті Төле бидің «Алакөз болу ағайын адамға лайық па» деп келетін шешендік сөзінен де осы ойды аңғару қиын емес. Сондай-ақ әл-Фараби өмірі бойына «Бақытты қоғам» концепциясын тәспірлеп өткен. Оның басты негізі – халықтың ауызбіршілігі деп тұжырымдаған. Біздің айтпағымыз да, толықтай сөзіміздің тобықтай түйіні де – осы.
Ел мен елдің, жер мен жердің татулығы, тұтастығы қай заманда да маңызды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп Майқы би айтпақшы, ел ішін ұйыстыратын да, жарастыратын да – өзіміз. Білге қаған «Түркіні бұзар тәтті сөз» дейді екен. Сөз түзу болса, іс оңалар, іс оң болса, ел іші алтын бесікке бөленер. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда береке мен бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп, тату тірлік құрғанға, табиғат пен қоғамдағы әр жаратылыс өз орнына жайласып, бір-бірін толықтырып тұрғанға не жетсін! Нағыз ғанибет деген сол шығар, сірә! Менің 95 жасқа келгендегі пікірім, ойым, кейінгі буынға айтқан ақыл-кеңесімнен аудан халқы нәтиже шығарып, бірліктің, ынтымақтың, берекелі істің туын биікке желбіретеді деп сенемін. Ең бастысы, құндылықтарымыз құлдырамасын, қазақтығымыз жоғалмасын!
Рақымжан қажы БӘЙМЕНОВ,
тыл және еңбек ардагері,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы