Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Салауатты өмір салты – денсаулық кепілі

Салауатты өмір салты – денсаулық кепілі

Салауатты өмір салты (СӨС) — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады.

Салауатты өмір салты – «Салауатты» - парасатты, байыпты, ақылды, ойлы, білімді, сабырлы деген ұғымды білдіреді. «Өмір салты» - дегеніміз, әрбір жеке адамнан бастап, бүкіл қоғамның қалай еңбек етіп, қалай тұрмыс құрып, бос уақытында қалай демалатыны, яғни олардың қалыптасқан өмірі. Адамның өмір салты қандай болса, өзі де сондай болғаны.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының деректері бойынша адам денсаулығының:

53-55 пайызы – адамның өмір сүру салтына, өз денсаулығын күте білуіне;

18-20 пайызы – сыртқы қоршаған экологияның әсеріне;

18-20 пайызы – тұқым қуалаушылыққа;

8-10 пайызы – денсаулық сақтау саласына, яғни медицинаға байланысты.

Салауатты өмір салтының негізгі қағидалары:

Дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану, шынығу;

Қоғамдық және жеке бас гигиенасын сақтау;

Тиімді тамақтану;

Зиянды әдеттерден аулақ болу (темекі, арақ, есірткі);

Жарақаттанудың алдын алу;

Жұқпалы аурулардың алдын алу;

Репродуктивті денсаулық;

Күйзелісті (стресс) жеңу.

Денсаулықтың мықты болуы, көбіне адамның өзіне байланысты.

«Денсаулық – зорбайлық» - дейді дана халқымыз. Тек ойлап қарасаңыз, денсаулық – адам баласына табиғат сыйлаған ең басты байлық. Егер әр адам ақылға салып, табиғаттың өзіне сыйлаған мүмкіндіктерін орынды пайдаланып, гигиеналық тәртіпті бұзбай жүрсе, денсаулығына зиян келтірмей, ұзақ өмір сүрген болар еді.

Салауатты өмір сүрудің, тазалықты сақтаудың белгілі ережелерін білмейтін жанкемде-кем. Бірақ оған көпшілігіміз күнделікті өмірде аса мән бермейміз. Неге? Оның басты себебі, өз бойымызда қалыптасып қалған жалқаулықты жеңетін күш жігердің әлсіздігі.

Аурулардың болуына көбіне табиғат та, басқа да кінәлі емес, тек адамның өзі ғана кінәлі. Көбінесе ол жалқаулықтан, қомайғайлықтан, ал, кейде өзінің қисынсыз қылықтарынан ауырады. Дені сау болуы үшін, адамның өзі жиі және айтарлықтай күш жұмсауы керек.

Денсаулықты сақтаудың бірден-бір дұрыс жолы: зиянды жат қылықтарға (арақ ішу, темекі тарту т.б.)үйренбей, салауатты өмір сүру, аурудың айықпас сырқатқа айналуына жол бермеу немесе алдын ала сақтандыру шараларын қолдану болып табылады. Медицинаның түпкі мақсаты да осы.


Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда тиімдірек. Адамдардың көпшілігі өз ағзасының кез келген ауруға күресетін табиғи күші бар екенін ескере бермейді. Өз ағзасына билік жүргізіп үйрену – кез келген аурудың алдын алудың бірден – бір кілті. Әрине, оған жас кезінен әрекет жасауың керек. Бұл тәсілді медицина тілінде – адамның өзін-өзі шынықтыру немесе тәрбиелеу тәсілі деп атайды. Бірақ, өкінішке қарай көп адам күнделікті тіршілікте өз ағзасының осы қасиеттерін сақтап дамыту орнына, керісінше оған өзі қияна жасайды.

Еліміздің кез-келген азаматы Салауатты өмір сүру үшін - парасатты, зерделі, білімді болуы керек, әсіресе денсаулық жайында білімді болғаны жөн.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, салауатты өмір сүрейік!


Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
04 қараша 2026 ж. 62 0