Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 11 қарашадан бастап жаңа Stadler пойыздары жолға шығады

11 қарашадан бастап жаңа Stadler пойыздары жолға шығады

5 қарашадан бастап Астанадан Алматы мен Семейге қатынайтын жаңа Stadler вагондарынан жасақталған пойыздарға билет сату басталады. Алғашқы рейстер елордадан 11 және 13 қараша күндері жолға шығады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жаңа вагондармен толықтырылған №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» және №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойыздарына билет сатылымы басталатынын хабарлады.

Компания мәліметінше, алғашқы пойыз Астанадан Алматыға 11 қарашада, ал Семейге қатынайтын пойыз 13 қарашада жөнелтіледі.

Жаңа вагондар Мемлекет басшысының жолаушылар вагондары паркін жаңарту жөніндегі тапсырмасы аясында шығарылып жатыр. Бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Оларды кезең-кезеңімен қолданысқа енгізу жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Жаңа вагондардан жасақталған пойыздарды іске қосу – жолаушыларға қолайлы жағдай жасаудың маңызды кезеңі. Вагондар паркін жаңарту компания жұмысының негізгі бағыттарының бірі», деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Жаңа вагондар қандай жабдықтармен қамтылған?

Stadler Kazakhstan зауытында өндірілген вагондар Қазақстанның климаттық жағдайы мен жолаушылар тасымалының заманауи талаптарына бейімделген.

Купе вагондары 40 адамға, ал плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған. Әр вагонда ауа температурасын реттеу жүйесі, жеке жарықтандыру шамдары, 220 В электр розеткалары, USB және USB-C қуаттау ұяшықтары орнатылған. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесі қарастырылған.

Ерекше қажеттілігі бар жолаушылардың жайлы сапар шегуіне де жағдай жасалған. Бұдан бөлек, пойыз құрамында ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тіскебасарлар ұсынатын буфет вагондары болады.

Пойыздардың жүру кестесі

№3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызы күн сайын қатынайды:
  • Астана қаласындағы Нұрлы жол станциясынан сағат 13:10-да шығып, Алматы-2 станциясына келесі күні 08:30-да жетеді.
  • Алматы-2 станциясынан сағат 12:12-де жөнелтіліп, Нұрлы жол станциясына келесі күні 07:03-те келеді.
№153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызы айдың тақ күндері жүреді:
  • Нұрлы жол станциясынан сағат 16:40-та шығып, Семейге келесі күні 06:10-да жетеді.
  • Семей станциясынан сағат 15:00-де жолға шығып, Нұрлы жолға келесі күні 05:05-те келеді.
Билеттерді 5 қарашадан бастап bilet.railways.kz сайты арқылы немесе теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 нөмірі арқылы алуға мүмкіндік бар.

Жоба Үкімет пен «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – теміржол тасымалының қауіпсіздігі мен сапасын арттырып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау.


Сурет: ҚТЖ

05 қараша 2026 ж. 57 0