Ел қызығатын ерекше мектептер
Мектеп десе көз алдымызға күнделікті білім алып жүрген алтын ұя ордамыз еске түседі. Қырық бес минут сабақ пен қоңыраудың қызығы, бала махаббат, хат алмасу секілді ұғымдар бірден ойға оралады. Алайда, әлемде одан да қызықты дүниелер бар. Білім берумен ғана шектелмейтін ерекше мектептерге назар салайық, ендеше!
Вирджиния штатының Рестон қаласындағы Террасет мектебін көпшілік «Жер асты оқушылары» деп атайды. Бұл мектептің салынуына өткен ғасырдың 70 жылдары Америкада болған үлкен дағдарыс себеп болған. Сол дағдарыс нәтижесінде, өзін-өзі жылытатын, қуатты үнемдейтін мектеп қажеттілігі туындапты. Міне, бүгінгі күні осы ғимараттың білім ордасына айналғанына 50 жылға жуық уақыт өтіпті. Жер астында орналасқан бұл мектеп өзін жылытып қана қоймай, салқындата да алады екен.
Ал Канадада 1972 жылы Альтернативті Альфа мектебінің негізі қаланған. Бұл мектептің басты ерекшелігі балаларға сабақ беру тәсілі өзге мектептерге қарағанда басқаша болуында. Идеясы да айрықша. Айталық, мектепте сабақ кестесі мүлдем жоқ, барлығын оқушылардың өздері белгілейді. Ұстаздары әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, қызығушылықтарына сәйкес көмек көрсетеді. Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейтіндіктен, күнделікке де баға қойылмайды. Әр сынып балалардың жасына емес, олардың қызығушылығына сәйкес құралады.
Ерекше мектептер қатарында Камбоджадағы Тонлесап өзенінің үстінде орналасқан Кампонг Луонг мектебі де бар. Ол су үстінде орналасқанымен ерекше. Бұл аймақтағы тұрғындар суда жүзетін мектепке таң қалмайды екен. Себебі, дүкен, үй, ғимарат атаулысының барлығы дерлік судың үстінде орналасқан. Аталмыш мектепте бүгінде тек 90-ға жуық оқушы білім алып жатыр деген дерек бар. Оқу ордасында бір-екі ғана сынып бар екен.
Ал, сіз үңгірде орналасқан білім ордасы туралы білесіз бе? Біз үңгірдегі мектептің Қытайда екенін таптық. Қытайдың Гуйчжоу провинциясының тұрғындары өте қарапайым тұрмыста өмір сүреді. Осы қарапайымдық олардың ұзақ уақыт бойы білім алуына кері әсер еткен. Яғни, билік халықтың сұранысына көңіл аудармаған. Сөйтіп, провинция тұрғындарының ең алғашқы мектебі 1984 жылы ашылған. Онда да үңгірде салынған. Себебі мектеп ашуға қаражаттары болмағандықтан, оны жергілікті халық өз еңбектерімен үңгірден жасаған. Алғашқыда мектепте бір ғана сынып болады деп жоспарланған. Ал бүгінде мектепте 200-ге жуық бала оқиды. Әр бала үңгірдегі мектепке 6 сағат бойы жол жүріп келеді. Білімге деген құлшынысты осыдан-ақ аңғаруға болады.
THINK Global мектебіне оқушылар ғана емес, жасы үлкен аға-әпкелеріміз де қызығуы мүмкін. Себебі, әр жаңа оқу жылы сайын мектеп оқушылары жаңа елге көшіп отырады. Қарапайым тілмен айтқанда, оқушылар 12 жыл ішінде 12 мемлекетте өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ әр оқушыға мектеп әкімшілігі тарапынан Macbook, iPad және iPhone сынды құралдар үй тапсырмасын орындау үшін беріледі. Мұнымен қатар, білім алушылардың мектеппен байланыс орнататын және өздеріне ғана тиесілі әлеуметтік желілері болады.
Америкадағы «Әлеммен қарым-қатынасқа түсу» мектебінде кез келген оқушы оқи алмайды. Және бұған білім мен икемділіктің еш қатысы жоқ. Барлығын лоторея билеті шешеді. Ал лотореяға қатысу үшін мектептің ресми сайтына кіріп, анкета толтыру керек. Лоторея бітісімен, бақытты жандардың есімі жарияланады. Бұл мектептегі білімді негізгі деп айтуға келмейді. Оқушылар әр сабақта ерекше көңіл күйге бөленіп, өзін дамыту мүмкіндігіне ие болады. Білім бағдарламасын арнайы психолог және невролог мамандар құрастырған. Олардың ойынша, бала позитивті көңіл күйде болған кезде ғана материалды жақсы қабылдайды.
Ерекше мектептер легі мұнымен шектелмейді. Біз газетіміздің алдағы уақыттағы «Сенбілік бетінде» де осындай қызықты мақалаларды жариялайтын боламыз.
Гүлжан ЕСЕНБЕК