Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақтөбеде Мақатаев атында жаңа мектеп ашылды

Ақтөбеде Мақатаев атында жаңа мектеп ашылды

Ақтөбедегі Қызылжар ауылында 300 балаға арналған жаңа мектеп ашылды. Білім ордасына ақиқық ақын Мұқағали Мақатаевтың есімі берілген. Заманауи үлгіде салынған жаңа ғимаратта оқушылар үшін барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Ақтөбедегі М.Мақатаев атындағы №73 жалпы білім беру мектебінде бүгін алғашқы қоңырау соғылды. 300-ге жуық оқушы жаңа білім ордасының табалдырығын аттады. Мектеп 2 қабатты. 21 оқу кабинет бар. Спорт зал, 100 орындық асхана, еңбек сабақтарына арналған екі кабинет, мұғалімдер кабинеті мен мәжіліс залы бар. Мұнда арбаға таңылған балалар да келіп, білім ала алады. Заманауи ғимараттың іші мен сыртында пандус бар. 2-қабатқа көтерілетін жеделсаты да салынған.
«Мектеп заманауи үлгіде салынған. IT бағдарламасы бойынша компьютерлермен жабдықталған. Кең жолақты интернет желілері орнатылған. СОндай-ақ, білім ордасында IT жүйесі орнатылған кітапхана да бар. Мұғалімдерге тапшылық жоқ. Балаларға білім беретін барлық педагог қызметкерлер түгел»,-деді М.Мақатаев атындағы №73 орта мектебі директорының міндетін атқарушы Артур Мұхамбетжанов.
Бұған едйін ауылда тек 150 орындық Қызылжар орта мектебі ғана жұмыс істеді. Мектепке сыймаған оқушылар автобуспен өзге аудандарға қатынап оқитын. Енді міне, бұл проблема шешілді. Қызылжарлықтар үшін ерекше қуаныш.
«Жастар қазіргі заман талабына сай білім алу керек. Облыста 26 мектеп салынып жатыр. 15-і биыл пайдалануға беріледі. Тоғызы мереке күндері ашылады. Ауылдарыңызда үлкен қуаныш. Қызылжар дамып, өркендеп келе жатқан елді мекен. Ата-аналарға көп нәрсе байланысты. Әр ата-ананың міндеті бар. Ұстаздар жаңа мектепке сай жақсы білім мен тәрбие беру керек»,-деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
М.Мақатаев атындағы №73 мектепте екі аусымда толық 600 баланы қамтиды. Жаңа оқу ордасына "Қарғалы" тұрғын үй массивіндегі 4-мөлтек ауданда тұратын балалар да қабылданып жатыр. Құрылысы 18 айда аяқталған мектепке 880 миллион теңге қаржы Ақтөбе облысының бюджетінен бөлінді.
Жыл соңына дейін ашылатын 15 мектеп облыстағы 2 апатты, 2 ескі, 14 үш ауысымды мектептің мәселесін шешіледі. Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның сөзінше, биыл 64 білім беру мекемесінің жөндеуден өтуіне 1,5 млрд теңге бөлінді. 1-қыркүйекте аймақта 140 мыңға жуық оқушы мектепке барады. 16 мыңнан астамы мектеп табалдырығын аттайды.
Фото: Автордікі



Әсел АБАТ
30 тамыз 2018 ж. 1 308 0