Гүл өсіру оңай жұмыс емес
Алқапта жайқалған гүл десе Нағи Ілиясов және Бесарық ауылы бірден ойға оралады. Аталған екі ауылдағы әсем гүлдерге қарасаңыз, көзіңіз тояды. Соңғы уақытта ауылдармен қатар кент орталығында да гүл өсіру жұмыстары жолға түсті. Орталық алаңдағы «Алтын сағаттың» айналасындағы гүлдерге көпшілік жоғары баға беруде.
Аудандық газет редакциясына түрлі ұсыныстарымен соғып тұратын газеттің тұрақты оқырманы Шанбай Ермеков өткен аптада мекемемізге келді. Айтуынша, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің ауласындағы гүлдерді өсіруге көп тер төгіпті. Сол туралы мақала жазылса деген ойымен бөлісті.
– Гүлдер мен талдарды суару үшін кейде таңғы 6-да жұмысқа кірісемін. Қазір күн ыстық. Кейде гүлдер солып қалады. Ол енді табиғаттың заңдылығы, бірақ мектеп басшылығының гүл өсіру жөнінде талабы қатты, сол тапсырманы орындау үшін жұмыс жасап келемін, – деді бізбен әңгімесінде ол.
Мектеп-лицей кенттің кіреберісінде орналасқаны белгілі. Сондықтан ауласы таза, әдемі болғаны дұрыс. «Сырт көз – сыншы» демекші, ауданға келген, кеткен адамның назары бірден білім ордасына ауады. Ал мектеп-лицей ауласындағы гүлдер Нағи Ілиясов және Бесарық ауылындағыдай ерекше болмаса да жұмысшы қызметкерлердің еткен еңбегі көзге көрініп тұр. Ыстық күні гүл өсіру, оны баптап, суару оңай емес. Мұны күнделікті осы жұмыспен айналысып жүрген Шанбай Ермеков те растайды.
– Қазір оңай жұмыс жоқ. Оның үстіне гүл өсірудің қиындығы көп. Бұрын кент әкімдігінде жұмысшы болып істедім. Ол кезде де тазалықты сақтау, талдарды суару секілді жұмыстарды атқардық. Аудандық газет әркез біздің жұмысымызды насихаттап келеді. Газеттің әр нөмірін тұрақты түрде оқимыз, – деді ол.
Уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың еңбегі адал екені анық. Бір қарағанда жәй ғана орындалған жұмыс секілді әсер беретін гүлдер мен талдардың өсуінде қаншама маңдай тер жатыр. Ендеше, аудан ажарын, кент келбетін көріктендіруге үлес қосып жүрген барша азаматтардың жұмысына сәттілік тілейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ