Зорлық-зомбылыққа жол берілмейді
Әке– қамқор, ана – мейірбан, бала – бақытты. Өкінішке орай, мемлекеттегі барлық отбасы қамқорлықтың не екенін сезініп, жанашырлықтың қандай болатынын біле бермейді. Керісінше, отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, кімнен көмек сұрарын білмей шарасыз жағдайда күн кешіп жатқандар аз емес. Тіпті, отбасындағы ұрыс-жанжалға, әкенің ұрып-соғуына әбден үйренген әйел-балалар зорлық-зомбылықты қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандар, расында да тұрмыстық зорлықтың құрбанына көбінесе әлеуметтік аз қамтылған топтар қартайған ата-ана, әйелдер мен балалар душар болады.
Сөздің қадірін білетін бабаларымыз «Отбасынан бас кетсе, қазаннан ас кетеді», «Үй ішінен жау шықса,тұра қашып құтылмассың» деген тәмсілді тегіннен-тегін айтпаған. Расында, отбасының қорғаны әке болса, алтын қазығы ана. Осы ретте шаңырақтың шайқалуына түрткі болатын негізгі себептің бірі ер-азаматтың озбырлығынан орын алатынын айта кеткеніміз жөн. Өкінішке орай, қазақы менталитетпен тәрбиеленген орталарда отбасындағы кемсіту, қорлау, зорлық көрсету әрекеттері көбінесе жабық күйінде қалып жатады. Өйткені, отбасының бүлінгенін қаламайтын әйелдер шаңырақты сақтау үшін күйеуінің соққысын көпшілікке жария ете бермейді. Ажыраса қалса ұл-қызы өзгелерге жалтақтап өседі деп қауіптенген аналар одан гөрі жұбайының озбырлығына шыдауды дұрыс санайды. Осының кесірінен күнделікті еркіндігі шектеліп, құқығы тапталған әйелдердің өмірі өкінішпен өтеді. Отбасын сақтауды басты орынға қойған әйелдер баланың да құқығын шектейтінін түсіне бермейді. Шындығында бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейді. Дөрекілік, күш көрсетудің күнделікті қайталануы балалардың бағдарын өзгертіп, зорлық-зомбылық пен қылмысты тудыратынын ұмытпау керек.
Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Зорлық-зомбылық азаматтардың құқын бұзатын, бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Мұны әрбір адам бала жастан түсінуі керек. Ұл-қызының озбырлық құрбаны болмағанын қалаған ата-ана тәрбиеге ерекше мән бергені дұрыс. Ол үшін алдымен өзі әлімжеттікке, тұрмыстық зорлыққа жол бермеуі шарт. Әкенің жұдырық жұмсап, күш көрсеткенін көріп өскен ұл ертең өз отбасында зорлық-зомбылық жасамасына кепілдік жоқ. Сондықтан, аналар отбасын сақтау үшін қорлыққа шыдай берудің соңы өз ұлының зорлықшы, қыздарының көнбіс болып қалыптасуына ықпал ететінін ұмытпағандары абзал.
«Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» заңға сәйкес зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бірнеше түрге бөлінеді. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мемлекеттің даму деңгейі мен мәдени хал-ахуалына қарамастан, әлемнің барлық елдерінде кездесетін мәселе. Бұл кеселге тосқауыл қою үшін елімізде кешенді шаралар жүргізіліп келеді. Мұндағы бірінші бағыт тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алуға бағытталған. Екіншіден соңғы жылдары отбасында озбырлыққа жол бергендерге тағайындалатын жауаптылық күшейтілді. Оның реті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Қылмыстық кодексте дәйектелген.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамның жеке бас құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жаза ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап ауырлатылды. Яғни отбасында жанжал шығарып, жақындарының тыныштығын бұзғандар 5 тәулік мерзімге (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы) қамауға алынады. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алу және зардап шеккендерді қорғау үшін жасалған. Ал отбасылық-тұрмыстық қатынастағы жәбірленушіге қол жұмсап және денеге зақым келтіргені дәлелденгендер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабының 1-1-бөлігіне және 73-2-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес 15 тәулік мерзімге қамаққа алынады. Бұл баптардағы айыппұл түрлері ескерту берумен алмастырылды. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берген адамға айыппұл салу отбасының бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Әкiмшiлiк жауаптылықтан тараптардың татуласуына байланысты босату осы Кодекспен тараптардың татуласуына байланысты бір жыл ішінде әкімшілік жауаптылықтан босатылған адамдарға қолданылмайды.
Жәбірленушінің кешірім беруімен әкімшілік жауаптылықтан босату әкімшілік құқық бұзушылықтарды алғаш рет жасалған жағдайда ғана жол беріледі.
Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық түріндегі құқық бұзушылықтар бойынша істі қозғауы жәбiрленушiнiң арызы бойынша ғана емес, құқық бұзушылықтың анықталу фактісі бойынша да істі қозғау қарастырылған. Егер отбасында үнемі ұрып-соғу орын алса, тұрмыстық зорлыққа жол берген адамға қатысты ҚК-нің 110-бабы (қинау) қолданылады. Аталған баптың бірінші бөлігіне сәйкес кінәлі тұлға 2 жылға дейін, ал екінші бөлігінде 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Заңдағы мұндай тегеурінді тетік отбасының тыныштығын қорғап, ана мен баланың жайлы өмір сүруіне жағдай жасауды көздейді.
Дәурен ЕРАЛИЕВ,
Сырдария аудандық
сотының судьясы
Сырдария аудандық
сотының судьясы
Фото: ашық дереккөзден