Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы не білеміз?

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы не білеміз?

Еліміз егемендігін алғалы бері әйелдердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауда және тұрмыстық қылмыстардың алдын алу саласында оң нәтижеге қол жеткізді. Мемлекетіміз 1997 жылдан бастап әйелдердің ар-намысын қорғайтын, құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, бірдей конституциялық қағидаларды жүзеге асыруды көздейтін, әйелдердің жағдайларын жақсарту туралы мемлекеттік саяси Концепциясын іске асыруда.
1998 жылы 29 маусымда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» Конвенциясына қосылды. Осылайша, өзіне Қазақстандағы әйелдерді кемсітудің барлық түрінен қорғауға міндеттеме алды. Дәл осы жылы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентімен әйелдер және отбасы істері жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылды. Елбасымызбен Ұлттық комиссия қызметінің негізгі бағыттары: әйелдердің саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан алға басуы, әйелдердің және олардың отбасының денсаулығын жақсарту, сондай-ақ, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою атап көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында адамды және оның абыройын қорғау жайлы қағида бар. Соған орай 17- бапта: «Ешкім зорлықты, азапты, басқа да қатаң адамның абыройына кір келтіретін қарым-қатынасты немесе жазаны шекпеуі тиіс» деп жазылған. Көптеген мемлекеттерде тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау бағытында заңдар қабылданған.
2009 жылы 12 желтоқсанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңы күшіне енді. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы қылмыстардың негізгі алдын алу шаралары әйелдерді қорғау екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Айта кететін тағы бір жайт, отбасындағы зорлық-зомбылық барлық әлеуметтік топтар мен ұлысқа, түрлі жас деңгейіне, қала мен ауылға бірдей дәрежеде қатысты. Бұл мәселе әйел мен ер адамның, үлкендер мен кішілердің отбасы құруындағы бірінші кезеңдерінде уақыт өте пайда болуы мүмкін. Тұрмыстық қарым-қатынас аясындағы қылмыстардың отбасындағы ұрыс-керіс, қызғаныштан туған жанжал мен бір-бірін түсінбеушілік, шиеленіскен қарым-қатынас, психикалық аурудың асқынуы, сонымен қатар, ішімдік пайдаланған жерде бой көтеретіні белгілі.
Отбасы-тұрмыстық қатынас саласы бойынша келіп түскен өтініштердің 90 пайызында зардап шегуші – әйел адамдар. Әйелдерге қатысты зорлықтың шарттары мен себептерін ескере отырып, олардың алдын алу шаралары ұйымдастырылады. Мәселен, әкімшілік жауапкершілікке тарту, қорғау нұсқамасын шығару, профилактикалық әңгімелесу, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары, құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу. Ерлі-зайыптылар, туысқандар, бірге тұратын адамдар арасында нәзік жандарға зорлық көрсетудің ең негізгі себебі – маскүнемдік болып табылады. Осындай жағдайларда жиі туындайтын бір мәселе бар. Ол – тұрмыста зорлық көрген әйелдер өзіне қол жұмсаған адаммен бір шаңырақтың астында тұрғылары келмейтіндігі. Ал, ақшасыз қаңғып қалғысы келмейтін әйелдердің дені қорқыныштан, болмаса, баспанасыз қалмауы үшін, түптеп келгенде, отбасы берекесін сақтап, балаларының болашағы үшін көбіне сол зорлыққа шыдауға бел байлайды. Ең бастысы жұбайларына материалды тәуелді болған нәзік жандар зорлық-зомбылыққа шыдайды. Зорлықтан зардап шегушілердің көбісі түрлі себептерге байланысты полицияға хабарласуға асықпайды. Бірі отбасы жағдайының төмендігін ойласа, енді бірі бұл қадамы онсыз да берекесі кеткен шаңырағын одан ары шайқалтып кетер деп қауіптенеді. Ал үшіншілері араздасудың ақыры ақшасыз қалдырар, далада қалармын деген күдікпен көмек сұрамайды. Осыған орай, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап құқық қорғау органдарына хабарласқан әйел адамдар санының артуын, оларға қатысты құқық бұзушылықтың артуы деп емес, әйелдердің активті позициясы, олардың зорлықтан қорғану шаралары туралы ақпараттануын, құқық қорғау органдарына артқан сенімдері деп қарастыру қажет. Тұрмыстық зорлық мәселесі бұл қоғам мәселесі және барлық алдын алу субъектілерінің бірігіп жұмыс атқаруы арқасында ғана оң нәтиже көрсетеді.

С.Бишекова,
Сырдария АПб-нің ЖПҚб-нің
ӘЗЗҚт-ның инспекторы
полиция лейтенанты
13 сәуір 2019 ж. 2 812 0