Кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде
Еліміздегі әрбір өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға арналған кешенді жоспар жасалады. Жалпы, аймағымызда аграрлық саланы дамытумен қатар, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейтуге күш салынуда. Осы күні кәсібін бастаған кез келген адам қуатты табыскерге айналу үшін аянып қалмайды. Ал, бизнес ашып, кәсібін дөңгелеткен жандар көптеген мемлекеттік бағдарламаның игілігін көреді. Осы ретте, Сырдария ауданы бойынша кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстарды саралап көрмекпіз.
Қуатты, дамыған елдерде бизнес көшбасшылары инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қаймықпайды. Ал ауданымызда осы жылдың 6 айлық көрсеткіші негізінде 3378 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде, 138 шағын және орта кәсіпкерлікті заңды тұлға, 1525 жеке кәсіпкер, 1715 шаруа және фермер қожалығы құрайды.
Есепті мерзімде мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 133 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында құны 76,0 млн теңгенің 11 жобасы, Ұлттық жоба шеңберінде екінші деңгейлі банктерден құны 136,0 млн теңгенің 3 жобасы, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасы шеңберінде 36 адамға 49,7 млн теңге қайтарымсыз грант, «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламаласы негізінде 408,8 млн теңгенің 66 жобасы қаралған.
Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Қызылорда филиалы арқылы құны 520,5 млн теңгеге 15 ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтары мақұлданып, ел игілігі үшін берілген. Биыл жыл соңына дейін құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ жеңілдетілген несие алу үшін 2,7 млрд теңгені құрайтын 395 жобаның құжаты қаржы ұйымдарының қарауына ұсынылып отыр.
– Сырдария ауданында кәсіпкерлік саласының жұмысын ширату үшін жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Күн сайын шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысам деген жандар қатары көбейіп келеді. Жергілікті бизнес грант иегері атанып, сан кәсіпті игеру үстінде. Көбіне, инновациялық жобаларды іске асыру – маңызды рөл ойнайды. Сырдариялықтар мал шаруашылығымен қатар, шағын және орта кәсіпті меңгеруде. Халықтың сұранысын қанағаттандыратын жобалар өз жемісін көрсетуде. Қай кезде де, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде азаматтарға кәсібін кеңейту үшін барлық мүмкіндік қарастырылады. Өз кезегінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау күн тәртібінен түспейді, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Салт-сананың негізі – елдің қолданған кәсібінде» деген болатын. Ендеше, әрбір өз кәсібін жандандырып, ел экономикасын молайтуға септігін тигізген кез келген бизнес иесінің кәсібіне береке берсін демекпіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ