Кибербуллингпен күрес: жаңа заң қабылданды
Елімізде «Онлайн-платформалар және онлайн жарнамалар туралы» заң қабылданды. Мемлекет басшысы қол қойып бекіткен заң Сенат отырысында қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге және жекелеген заңнамалық актілерді негізгі «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған. Яғни, заңның мақсаты – Қазақстан Республикасында онлайн-платформалардың қызметі үшін құқықтық негіз құру. Жаңа заң туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз парақшасында жазып, түсіндірме жасады.
«Баршаға белгілі, әлеуметтік желілер бүгінде негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналды. «Қоғам тынысының барометрі» атанған масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті. Мәселен, күні кеше ғана Reuters Institute жариялаған биылғы «Дижитал жаңалықтар есебі» бойынша әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайған» деп жазды министр.
Сондай-ақ бұл заңның Орталық Азияда алғаш рет қабылданып отырғанын тілге тиек етіп, «Жалпы, бұл заң жобасы бірінші кезекте азаматтардың құқығын қорғауға, онлайн-ортаны қауіпсіз және ашық түрде дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда барлық онлайн платформалар интерфейсті қазақ тілінде пайдалануға мүмкіндік бермейді. Заң жобасы аясындағы басты мәселе – мемлекеттік тілдегі онлайн-платформалар интерфейсін дамыту. Жарнамалық мазмұнды орналастыратын пайдаланушылардың жарнаманы таңбалау (арнайы белгі қою) қажеттілігіне ерекше мән беріледі» деп пікір білдірді Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Заң аясында көлеңкелі экономика үрдісін азайту және онлайн алаяқтықпен күресу бойынша қажетті шаралар қабылданады. Сондай-ақ қабылданған заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды іске асыру үшін онлайн платформалармен тиімді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді. Және де құжатта онлайн-платформаларда жалған ақпаратты таратуға және орналастыруға тыйым салу, сондай-ақ онлайн-платформаның меншік иесіне оны жою бойынша талаптар енгізіледі. Сондай-ақ заңда онлайн ортаны қауіпсіз және ашық түрде дамыту ескерілген. Азаматтардың өтініштері негізінде буллинг пен өшпенді риториканы қамтитын мазмұнмен күресуге мүмкіндік беретін нормалар енгізілген.
«ТТ» ақпарат