Праймеризге тіркеу басталды
Nur Otan партиясы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында жоспарлаған праймеризді онлайн түрде өткізуге тіркеу басталды. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлаған.
– «Қазақстанның партиялық-саяси даму тарихында алғаш рет ол жалпыреспубликалық партияішілік масштабта өтеді. Праймериздің негізгі мақсаты – партиялық тізімдерді бәсекелі және айқын негізде қалыптастыру. Нұротандықтар еліміздің барлық аймағында қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын өздері анықтайды», – делінген жазбада.
Коронавирусқа байланысты партияішілік сайлау онлайн-форматта өтеді. Саяси кеңес мүшелері де праймериз өткізу ережесіне енгізілген тиісті толықтыруды қолдаған.
Қоғам арасында праймериз ұғымына байланысты сауал көп. Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова партия филиалының «Фейсбук» желісіндегі ресми парақшасында праймериз өткізу тәртібі мен негізгі ережелері туралы түсіндірді.
– Еліміздің партиялық-саяси даму тарихында алғаш рет жалпы республикалық көлемде өткелі отырған праймериздің негізгі мақсаты – партиялық тізімдерді бәсекелі және айқын негізде қалыптастыру. Яғни, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде нақты және мықты көшбасшыларды анықтау, – деп атап өтті Л.Төрешова.
Мұнымен қоса тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, 100-ге жуық азамат тамашалады.
Майя ҚОЖАБАЙ