Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Антына берік ер есімі жырға қосылды

Антына берік ер есімі жырға қосылды

Ер жүрек ұл Талғат Қозыбаевтың есімі аудан, ­облыс жұртшылығына жақсы таныс. Айбарлы полиция ­қыз­меткері – ел тыныштығын күзету жолында мерт болған қаһарман ұл.

Жыл сайын сырдариялықтар өзінің батыр ұлын еске алып, мәдени-көпшілік іс-шара өткізеді. Бұл жолы Тереңөзек кенті әкімдігінің және аудандық мәде­ниет және спорт бөлімінің қолда­уымен, Тереңөзек кенті клубының ұйым­дастыруымен аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің ие­гері, полиция аға лейтенанты, Талғат Есентайұлы Қозыбаевтың туғанына 45 жыл толуына орай өткен мүшәйра «Антына берік ер Талғат» атты тақырыпты арқау етті.

– Мүшәйра өткізудегі мақсатымыз – ел тыныштығын күзетіп қаза болған қаһарман ұл, полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Есентайұлының жалынды, намысшыл, ержүрек қасиеттерін ұрпаққа үлгі етіп, жастарды патриоттық сезімге баулу, жазба ақындардың өнерін шың­дау, – деді клуб меңгерушісі Рүстем Бай­ділдаев.

Алдымен мүшәйраға қатысуға кел­ген ақындар №131 Т.Қозыбаев атын­­дағы орта мектептің алдында ор­наласқан бейбіт күннің батыры Тал­­ғат Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқта­рын қойып, тағзым етті.

Ауданның жазба ақындары мүшәй­раның шарты бойынша әр елді мекеннен келген 19-35 жас аралығындағы бір-бір талапкер екі өлеңнен оқыды.

Бірінші кезеңде жазба ақындар Тал­ғат Қозыбаевқа арнау арнаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өз шы­ғар­машылығынан бір өлең оқыды. Ақындарға Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудан­дық филиал төрағасы, Қазақстан Журналисттер Одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітов, ардагер-журналист, Қазақ­стан Жур­­налистер Одағының мүшесі Мейрам­бек Шілдебаев, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы «Мәдениет саласының үз­дігі» төс­белгісінің иегері, Сырдария ау­дандық мәдениет үйінің әдіскері Гау­һар Сарсенбаева қазылық етті.

Іс-шара барысында ер жүрек полиция аға лейтенанты Талғат Қозы­баевтың әкесі Есентай Қозыбаев бей­біт күні қарақшының қолынан қаза тап­­қан ұлының есімін мәңгі қалдыру мақ­сатында жыл сайын түрлі іс-шаралар өтетінін айтып, алғысын білдірді. Жас ақындарға сәттілік тіледі.

Екі кезеңді қамтыған жазба ақындар мүшәйрасында қазылар алқасының ше­шімімен тереңөзектік ақын Ақтолқын Абылаева бірінші орын, Шаған ауылынан келген ақын Ақерке Балманова екінші орын, ақжармалық Наурызбек Төребеков пен Қалжан ахунның ақыны Гүлімай Серікбай үшінші орынды өзара бөлісті.

Талапкерлер Алғыс хат, диплом мен бағалы естелік сыйлықтармен марапатталды. Айта кету керек, жүлдегерлердің естелік сыйлықтарына «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев демеушілік жасады.

«ТТ» ақпарат
30 мамыр 2023 ж. 367 0