Ұлық мерекемен құттықтады
"16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні" мерекесіне орай аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың үйіне арнайы барып, ата-анасын ұлық мерекемен құттықтады.
Талғат Қозыбаев небәрі 25 жасында қызмет бабында қайтыс болып, ол өшпес ерлік көрсетіп, қызметіне ғана емес, Отанына, Антына адал екенін танытты. Жыл сайын Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған республикалық турнир, басқа да тағылымды іс-шаралар өтеді. Талғат Есентайұлының перзенті Алмат әке жолың қуып, ҚР ІІМ Б.Бисенов атындағы Қарағанды академиясының тергеуші мамандығы бойынша білім алуда.
Кездесу барысында аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев ержүрек батырдың қызмет бабында атқарған елеулі еңбектерін тілге тиек етті.
– Полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев қай кезде де қызмет бабында адалдықты, әділдікті ту етті. Оның ерлігі мәңгілік жадымызда. Біз оның ерлігін ұмытпаймыз. Қашанда оның адал қызметін жас ұрпаққа, әріптестерімізге айтудан жалықпаймыз, – дейді бөлім бастығы.
Өз кезегінде Талғат Қозыбаевтың ата-анасы құқық қорғау саласының негізгі қызметін жоғары бағалап, аудандық полиция бөлімінің ұжымына алғыс айты.