Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектептегі музей

Мектептегі музей

Тереңөзек кентіндегі №131 қазақ орта мектебіне ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, мектеп түлегі Талғат Қозыбаевтың есімі берілген. Небәрі жиырма бес жасында өшпес ерлік көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз еткен бейбіт күннің батырына осындай құрмет көрсетілді. Полиция аға лейтенанты Талғат Есентайұлы Қозыбаев атындағы мектепте оның музейі де жасақталған.
Осыдан 17 жыл бұрын Тартоғайда орын алған оқиға көпшілікке ауыр тиді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қырағы сақшы қылмыскер қолынан қаза тапты. Жәбірленушіні құтқарамын деп өз денесін оққа тосты. Сөйтіп өз антына берік болған сырдариялық қаһарман ұл қызмет бабында ерлікпен қаза тапты.
Өз сертіне адал полиция аға лейтенантының ерлігі үшін 2005 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік «Айбын» ордені табысталып, рухына тағзым етілді. Сондай-ақ Шиелі ауданы Тартоғай ауылында және аудан орталығында оның есіміне көше аты берілді. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысымен өзі оқыған №131 орта мектепке оның есімі берілді. Ал 2007 жылы мектеп ауласында ескерткіш орнатылған. Оның авторы – елімізге белгілі мүсінші Жәркен Исмағұлов.
Мектептің екінші қабатында Талғат Қозыбаевқа арналған музей бар. Музейдің іші қыршын кеткен қаһарманның балалық шағынан бастап қызметтік бабына дейінгі кезеңін қамтитын фотосуреттермен жасақталған. Мектеп қабырғасында жүргенде алған мақтау қағазы, қызмет барысындағы қырағылығы үшін берілген Құрмет грамотасы, арнайы дипломдар да музейге қойылған. Оған қоса бұл жерден Т.Қозыбаев киген қызметтік киімін де көруге болады. Сондай-ақ оның ерлігі туралы жазылған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітовтың «Жалындап өткен жиырма бес» кітабы да тұр. Қырағы сақшының есімі енгізілген «Сыр өңірінің сақшылары», «Сыр бойының сақшылары» жинақтарын да музейден табасыз. Музейге өзі тұтынған спорттық құралдары да қойылған.
– Біздің мектеп жасындай жарқ етіп, ел тыныштығы үшін батырлық көрсеткен бейбіт күннің батыры Талғат Қозыбаевтың есімімен аталады. Оның ерлігі жөнінде біз әрбір мектеп оқушысына насихаттап келеміз. Сол мақсатта мектепте музей жасақталған. Музейді өскелең жас ұрпақ көріп, білім ошағы сондай қаһарманның есімімен аталатынын мақтанышпен айтады. Әр жыл сайын Талғат Қозыбаев атындағы күрестен турнир ұйымдастырылады. Сол турнирдің ашылуында көпшілік мектепке келіп, тағзым етеді, музейді көреді. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Нұржан Анасов.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
18 ақпан 2020 ж. 1 005 0