Данқты батырдың рухы асқақ
№131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектепте ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған іс-шара өткізілді. Оған аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев, бөлім бастығының орынбасары Ербол Жанәлиев, даңқты батырдың ата-анасы Есентай Қозыбаев пен Шынар Қозыбаева, мектеп директоры Айнұр Әлиева, тәртіп сақшылары қатысты.
Іс-шара барысында жиналғандар қызмет бабында қаза тапқан, кейін ҚР Президенті Жарлығымен «Айбын» орденінің иегері атанғанм Талғат Қозыбаевтың ескертішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен бірге аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев көпшілікті қос мерекемен құттықтады.
– Тереңөзек топырағынан түлеп ұшқан біздің мақтанышымыз Талғат Қозыбаевты еске алу іс-шаралары жыл сайын жалғасын табуда. Оның ерлігін ешқашан әріптестері мен өскелең ұрпақ ұмытпайды. Қос мерекеде айбынды ұлдың мәртебесін биіктетіп, ерлігін еске алу біздің парызымыз. «Орныңда бар оналар» деген қазақта жақсы сөз бар. Көзсіз батырлығымен көзге түскен Талғат Есентайұлының ұлы Алмат ішкі органдарында қызмет етуде. Біз оның болашағынан көп үміт күтеміз, – деді бөлім бастығы.
Өз кезегінде №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектеп директоры Айнұр Әлиева даңқты батырдың жүріп өткен жолына тоқталды. «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшелері патриоттық өлеңдер оқыды. Ал ардақты жандар Есентай Қозыбаев пен Шынар Қозыбаева іс-шараны ұйымдастырушыларға жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ