Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлер – елдің қорғаны

Ерлер – елдің қорғаны

Туған жер, Отанды қорғау – ер жігітке артылған міндет. «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп Ата Заңда көрсетілген осы бір мағыналы ұғымды өскелең ұрпақ жастайынан бойына сіңіріп өсуі керек. Патриотизм – өз еңбегін, күш жігерін туған жері мен Отанын көркейтуге жұмсау деген ұғымды білдіреді. Өз елінің патриоты өз Отанын қорғай біледі.

Еліміз мамыражай өмір сүріп жатқа­нымен кез кезген қиындыққа дайын болуы қажет. Сондай уақытта ауыртпалық ер азаматқа артылатыны анық. Ал оған дайын болмаса, ерге сын. Сондықтан өзін елдің, отбасының қорғанымын дейтін жі­гіттер Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскери өмірді көруі тиіс. Онда төзімділікке, шыдамдылыққа, ептілікке бе­йімділеді, әскери ұрыс тактикаларын мең­гереді. Ең бастысы, онда темірдей тәр­тіп бар. Ал тәртіп бар жерде ерлік те, елдік те, ынтымақ-бірлік те, абырой-атақ та бар екені ақиқат. Қолына қару ұстауға қау­қарлы болған жігіттер қандай жағдай болмасын елді қорғай алады.

Қазір жан-жақтағы мемлекеттерде ахуал қалыпты емес. Оның салдары біздің елге де әсер етуі мүмкін. Сол себепті де енді ғана дамып келе жатқан мемлекетіміздің егемендігіне қол сұғылмауы керек. Оған жас ұрпақ әскери міндеттен жалтармауы тиіс. Осыған байланысты елімізде жастар­дың әскер қатарына баруы үшін көптеген қолдаулар жүзеге асырылып жатыр.

Расында, қазір әскерге шақырту келсе, бармаудың амалын жасайтындар қатары көбейіп барады. Бұлай әскери міндеттен қаша берсе, ел қауіпсіздігін қорғайтындар қатары да сиреп қалары анық. Былтырдың өзінде ауданда әскери шақырту барғанда 50-ге тарта жігіт аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің маңайына жоламаған.

Енді әскерден жалтарып жүрген жастар үшін ҚР Қорғаныс министрлігі жеңілдіктерді жүзеге асыруда. Яғни, олар әскери міндетін өтесе, өздері қалаған жоғары оқу орындарына тегін түсу мүмкіндігін қарастырып қойды. Бұл туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі жасақтау тобының бастығы, капитан Бейбіт Жағал ақпарат берді.

– Мерзімді әскери қызмет өткерген, әс­кери оқу орындарына түсуге ниет білдірген және оқуға түсетін жылы оқуға қабылдау жылының 30 сәуіріне дейінгіні қоса алғанда жиырма төрт жасқа толмаған азаматтар мерзімді әскери қызмет аяқталған сәттен бастап бір жылдан кешікпей тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органының бастығына жүгінеді. Жергiлiктi әскери басқару органының бастығы ҚР ҰҚО туралы Заңға сәйкес арнайы тексеру бо­йынша жұмысты және Әскери-дәрiгерлiк сараптама жүргiзу қағидаларына сәйкес, алдын ала медициналық куәландырудан өтудi ұйымдастырады. Арнайы тексеруден өткен, денсаулығына байланысты оқуға жарамды азаматтар оқуға қабылдау жылының 30 шілдесіне дейін әскери оқу орнына құжаттарын тапсыру және қорытынды ме­дициналық куәландырудан өту үшін келеді. Содан соң өздері қалаған оқу орындарына оқуға түсу үшін құжаттар тізбесін жи­нақтайды. Ең басты шарт – жоғары білім алғысы келетін азамат мерзімді әскери міндетін өтеген болуы керек, – дейді капитан Бейбіт Жақсыбекұлы.

Иә, мемлекет тарапынан жастардың ел қорғаны болуы үшін барлық жағдай жасалып-ақ келеді. Тек ер жігіттер елін қорғауға құлықты болса болғаны. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Қуыс кеуде болғаннан артық қорқыныш та, қор­лық та жоқ» дегеннен асырып айтудың да керегі болмас.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
06 мамыр 2023 ж. 346 0