Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру маңызды
Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызмет саласындағы заң талаптарын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және әдеп нормаларын нығайту мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Семинарға аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мейрамкүл Бибітова, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Берікбол Байхожаев және облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадыр, мекеме басшылары қатысты.Мәжіліс барысында аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруда заңдылықты сақтау мен әдеп қағидаттарының маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы негізгі байланыстырушы буын. Сондықтан әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен атқарып, заң талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс. Азаматтардың билікке деген сенімі біздің әрбір әрекетімізге, қабылдаған шешімімізге, қызметтік әдебімізге тікелей байланысты. Сондықтан кез келген немқұрайлылық үлкен сенімсіздікке әкелуі мүмкін екенін ұмытпауымыз қажет, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Баяндамашылар мемлекеттік қызметшілер арасында қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, қызметтік тәртіпті күшейту, сондай-ақ қоғам тарапынан мемлекеттік аппаратқа деген сенімді арттыру мәселелері бойынша кеңінен мағлұмат берді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы Әдеп кодексіндегі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына, қызметтік қарым-қатынасына және қоғаммен байланысына қойылатын негізгі талаптар түсіндірілді.
Мемлекеттік қызмет өткеру кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға жол бермеу, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста әдептілік пен ашықтық қағидаттарын ұстану мәселелері жан-жақты қамтылды.
Семинардан соң мемлекеттік қызметшілерден сауалнама алынып, жеке қабылдау өткізілді.
«Тт» ақпарат








