Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Татами төрінде– жас дзюдошылар

Татами төрінде– жас дзюдошылар

Жыл сайын дәстүрге айналған Бесарық ауылында дзюдодан 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында «Абай-Дәулет» жүлдесіне арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Татами шеберлері бәсекесінің ашылуына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда облысы бойынша дзюдо федерациясының төрағасы Садық Мұстафаев, «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев, «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы және ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы спортшыларға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спорт саласын жетілдіруге ерекше басымдық беріп келеді. Соның нәтижесінде, аймағымызда бұқаралық спортты дамыту мен жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға көп көңіл бөлінуде. Облыста аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қол­дауымен жаңадан спорттық нысандар бой көтеруде. Облыс орталығында 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионы салынды. Заманауи талаптарға сай жаңа нысан тек спорттық іс-шаралар ғана емес, сондай-ақ мәдени-көпшілік іс-шаралар мен гала-концерттер өткізуге өте қолайлы орын. Соңғы үш жылда облыста 20-дан аса спорт кешені салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданда да жалғасын табуда. Бесарық ауылында жаңа спорттық кешен ел игілігіне пайдалануға берілді. Спорттың бұқаралық сипатының дамуына ел азаматтары өз үлестерін қосуда. Олардың қатарында «Абай-Дәулет» серіктестігі жыл сайын жасөспірімдер арасында дзюдодан республикалық турнир ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Бұл – жастарға деген зор қолдау. Спорттық іс-шараны ұйымдастырған Мұрат Абайұлына шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде Қызылорда облысы бо­йынша дзюдо федерациясының төра­ғасы, облыстық дзюдо федерациясы пре­зиденті, дзюдодан, қазақ күресінен және ауыр атлетикадан ҚР еңбек сіңірген жаттық­тырушысы Садық Шоңмұрынұлы және «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев жарыстың өткізілу барысына тоқталып, мұндай турнирдің жас палуандардың жігерін жанып жетістікке жетелейтінін тілге тиек етті. Айта кетейік, «Абай-Дәулет» ЖШС директорына рес­публикалық дзюдо федерациясының «Дзюдо тарланы» медалі мен облыстық федерацияның Алғыс хаты табысталды.

– Бұл жарыс – тек жеңімпазды анық­тайтын дода ғана емес, ол – жас спорт­шылардың шеберлігін шыңдап, дос­тық пен өзара сыйластықты нығайтатын үлкен алаң. Осындай маңызды турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас таланттарға сәттілік тілейміз. «Абай-Дәулет» турнирі – өскелең ұрпақты сала­матты өмір салтына баулып, олардың бойында қайсарлық, табандылық, әділдік секілді асыл қасиетті қалыптастыруға бағытталған игі бастама. Спортшылар – еліміздің болашағы. Бүгінгі додада тек жеңіс үшін ғана емес, өз мүмкіндіктеріңізді сынап, тәжірибе жинақтау үшін де бар күш-жігерлеріңізді саласыздар деп сенеміз. Турнирдің әділ өтуіне атсалысатын төре­шілер алқасына ризашылық білдіреміз және барлық қатысу­шыларға жарқын же­ңіс пен жоғары нәти­­же тілейміз! Садық Шоңмұрынұлы­на ерекше марапат табыс­тап жатқанына шынайы алғысымды айтамын, – деді Мұрат Абайұлы.

Биыл сегізінші мәрте ұйым­дас­тырылып отқан тур­нирге елі­міздің 7 облысы мен 1 қа­ласынан 350-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс қо­­рытындысы бо­йынша барлық спорт­шыға «Абай-Дәулет» се­рік­­тестігі атынан арнайы диплом мен және қаржылай сыйлық та­бысталды.

Б.ОРДАБЕКОВ
21 сәуір 2026 ж. 48 0