Тағзым алаңы таза болсын, рух пен тазалық – бір ұғым
Сырдария ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, тарихи-мәдени еркерткіштер мен қорымдарға тазарту жұмысы жүргізілді. Бұл ретте аудан әкімі Берік Сәрменбаев ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындарымен бірге Қалжан ахун мешіт-медресесі мен «Ешмұрат» қорымы аумағын абаттандырып, санитарлық тазарту жұмысына қатысты.Аудан басшысы қасиетті орындарды тазалаудың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады» деп атап көрсетті. Тарихи орындарды күтіп ұстау – тек тазалық мәселесі ғана емес. Бұл – ата-бабаларымызға деген құрметтің айқын көрінісі, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің маңызды бағыты. Осындай қасиетті орындарды таза әрі ұқыпты сақтау арқылы біз жас ұрпаққа өнеге көрсетеміз. Бүгінгі іс-шара – елге, жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Алдағы уақытта да мұндай игі бастамалар жалғасын табатын болады, – деді аудан әкімі.
Тазалық іс-шарасы барысында тарихи ескерткіштер мен қорымдар тазартылып, аумақтары ретке келтірілді, қоршаулар мен нысандар әктеліп, сырлау жұмыстары жүргізілді. Аталған игі жұмыстар аудан аумағындағы барлық елді мекенде жүргізілді. Киелі орындарды зиярат етудің бұрыннан қалыптасқан ережесі бар. Оның ең негізгісі тазалықпен байланысты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген даналық өткенге құрмет көрсетудің маңызын ұғындырады. Мұндай игі шаралар өскелең ұрпақтың туған жер тарихына деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге бағытталған. Тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және оларды күтіп ұстау – барша қоғамның ортақ міндеті екені айқын.
Аталған іс-шарада 50-ге жуық тарихи ескерткіш пен қорым аумағы тазартылып, оған 3 мыңнан аса сырдариялық белсенді қатысты.
«Тт» ақпарат








