Әскерден жалтару – абырой емес
Жыл басындағы қасіретті қаңтар оқиғасында еліміздің егемендігіне қауіп төнді. Ел басына күн туған кезеңде елім дейтін ерлер қауіпке қасқая қарсы тұрды. Десе де сол бір шақта мемлекеттің әскери күштік құрылымын төтенше жағдайда жедел қимылдағанымен, әлі де жетілдіру қажет екені аңғарылды. Содан да болар қаңтар оқиғасынан кейін еліміздің әскери күштері тактикалық оқу-жаттығуларды жиі өткізіп, ұлттық қауіпсіздікке аса мән берілуде.
Ұлттық қауіпсіздікті айтқанда алдымен ер жігіттердің Отанға деген адалдығын айтуымыз керек. Өйткені қай кезеңді алсақ та ер азамат үшін ең қымбат сезім – Отанды қорғау жауапкершілігі. Бұл жауапкершілік жігіт мойнынан еш уақытта да түскен емес. Ер азаматқа әуелден елді, Отанды, отбасын қорғау міндеті жүктелген. Бұл міндеттерді мінсіз атқару үшін тепсе темір үзетін жігіт тұрпатына сай болуы әсте қажет. Оның ішінде, ер болып өмірге келген соң ол еш себепсіз Отан алдындағы парызын өтеп, антына адал болуы тиіс. Сондықтан жас жігіттер әскерге шақыруды күтпей, әскерге баруға өздері үміткер болған абзал. Сол арқылы ер ел қорғаны болады.
Аға буыннан естігеніміз, бұрындары ер азаматтар әскерге барып, перзенттік парызын өтемесе, көпшілікке көріне алмайды екен. Яғни ұлттың ұлы ретінде ел қорғаны болуға қамданбаса, ол ұят саналған. Сол себепті де екі жыл әскер қатарында саптық даярлықтан өтіп, қызығы мол, қиыншылығы да жетерлік әскери өмірді көрген. Тіптен олар тап қазіргідей республика көлемінде емес, шет мемлекеттерде таныс емес жандармен қатар жүріп, азаматтық борышын өтеген. Ал қазіргі егемен елдің «ұландарына» әскерге шақыру келсе болды ат-тонын ала қашып, әскери өмірден жалтаруға дайын-ақ тұр. Олар өзге мемлекет емес, еліміздің басқа өңірлеріне барып, бір жыл уақыт ішінде төзімділік, шыдамдылық, табандылық, батылдық секілді ер жігітке тән қасиеттерді еңсеруге дәрменділік танытпауда. Осы орайда халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Қуыс кеуде болғаннан артық қорқыныш та, қорлық та жоқ» деген нақылы еске түседі. Бұл Отан алдындағы абыройлы міндетін өтеуден қашып жүрген жандарға арналып айтылғандай.
Әскерден жалтару – абырой емес. Жүрегінің түгі жоқ, бойында батылдық, батырлық болмаған бос белбеулердің антына адал азаматтардың қатарына қосылуы неғайбыл. Сырдария ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің берген мәліметінше, биылғы көктемгі мерзімді әскери шақырудан жалтарып жүргендер саны көп екен. Мәселен, аудан бойынша әскери қызметке шақыруға жататындар саны – 145 жігіт. Оларға арнайы әскерге шақыру қағаздары барған. Көктемгі шақыру наурыз айынан басталғанын ескерсек, бүгінге дейін 10 сырдариялық мерзімді әскери қызметке жолданған. Ал Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып, келмей жүргендер саны – 98. Сала мамандары көпшілігі оқу оқуына және өзге өңірлерде жұмыс істеуін алға тартып, сылтау ететіндерін айтады. Яғни жігерлі деген ер жігіттердің қолына қару ұстап, ұрыс тактикасын үйренуге, әскери өмірді көруге құлықсыз болып отырғаны аңғарылады. Айта кету керек, өткен 2021 жылы аудан бойынша мерзімді әскери қызметке 83 адам шақырту алса, бөлім арқылы 87 сырдариялық әскер қатарына алынған. Бұл көрсеткіш 105 пайызға орындалып, жақсы нәтижеге қол жеткізілген.
Биылғы жылдың өзі әлемдегі ахуалдың тұрақсыздығын көрсетуде. Көршілес елдердегі әскери жағдайдың ылаңы бізге әсер етпейді дегенге ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті де мықты әскер – қуатты мемлекеттің қалқаны болуы тиіс. Бұл ретте әрбір елдің азаматы Отанның патриоты болып, оны қорғауға қауқарлы болуы қажет. Ал бір жылдық мерзімді әскери міндеттен жалтарғандардың сын сағатта опасыздық жасауға ықтималдығы жоғары. Оларды ел қорғаны болады деп айтуға аузың бармайды. «Қашу – жаудан құтылудың жолы емес, өлімнен де жаман, ауыр опасыздық» деп Б.Момышұлы бекер айтпаса керек-ті.
Біздікі белдескеннің белін бүктіріп, тірескеннің тізесін сындыратын сарбаздардың қатары көп болып, қиындығы мен қызығы көп әскери өмірді көрмеген жігіттер оған асықса дейміз. Отан оны қорғай білетін ер азаматтарымен мәңгі жасайды.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ