Әскерден жалтару – азаматтық емес
Біраз жылдар бұрын айтыскер ақын Ринат Зайытов «Ninety one» («91») тобына қатысты өз пікірін айтқан болатын. Ақын топ мүшелеріне «Жігіттердің өзінен бір-ақ нәрсе сұрағым келеді. Менің әкемнің әскерде түскен суреті бар. Сол суретті ұстап «Мынау менің әкем» деп мақтанып көрсете аламын. Болашақта сендердің балаларың болады. Сол кезде олар «Мынау менің әкем» деп мақтанып көрсете алар ма екен?» деген болатын. Бұл жерде айтыскер ақын әскер қатарында болып, ел қорғаны ретінде Отан алдындағы абыройлы борышын өтеген жігіттердің мәртебесі жоғары екенін меңзеп тұр. Ал жүрегінің түгі жоқ, бойында батылдық, батырлық болмаған бос белбеулердің антына адал азаматтардың қатарына қосылуы неғайбыл. Сондықтан бүгінгі жігерлі деген жастар ең алдымен тәртіп пен төзімділікке баулитын әскер қатарында сап түзеп, егемен елдің ер-ұланы екенін дәлелдеуі тиіс.
Аға буыннан естігеніміз, бұрындары ер азаматтар әскерге барып, перзенттік парызын өтемесе, көпшілікке көріне алмайды екен. Яғни ұлттың ұлы ретінде ел қорғаны болуға қамданбаса, ол ұят саналған. Сол себепті де екі жыл әскер қатарында саптық даярлықтан өтіп, қызығы мол, қиыншылығы да жетерлік әскери өмірді көрген. Тіптен олар тап қазіргідей республика көлемінде емес, шет мемлекеттерде, таныс емес жандармен қатар жүріп, азаматтық борышын өтеген. Ал қазіргі егемен елдің ұландарына әскерге шақыру келсе болды «ат-тонын ала қашып», әскери өмірден жалтаруға дайын-ақ тұрады. Олар өзге мемлекет емес, еліміздің басқа өңірлеріне барып, бір жыл уақыт ішінде төзімділік, шыдамдылық, табандылық, батылдық секілді ер жігітке тән қасиеттерді еңсеруге дәрменділік танытпауда. Осы орайда, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Қуыс кеуде болғаннан артық қорқыныш та, қорлық та жоқ» деген нақылы еске түседі. Бұл Отан алдындағы абыройлы міндетін өтеуден қашып жүрген жандарға арналып айтылғандай. Кеңес Одағының батыры тағы бір сөзінде «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» депті. Сол айтқандай, жігіттік қасиеттен танбай, тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлық көрсететін ел ұланы – ел қорғаны болуы керек.
Жалпы қай кезеңді алсақ та ер азамат үшін ең қымбат сезім – Отанды қорғау жауапкершілігі. Бұл жауапкершілік жігіт мойнынан еш уақытта да түскен емес. Өткені әуелден ер жігітке елді, Отанды, отбасын қорғау міндеті жүктелген. Бұл міндеттерді мінсіз атқару үшін тепсе темір үзетін жігіт тұрпатына сай болуы әсте қажет. Оның ішінде ер болып өмірге келген соң ол еш себепсіз Отан алдындағы парызын өтеп, антына адал болуы тиіс. Сондықтан жас жігіттер әскерге шақыру келсе, жалтармай, әскерге баруға өздері үміткер болғаны абзал.
Қазақстан – дамудың даңғыл жолына түсіп, өркендеп келе жатқан жас мемлекет. Мысалмен айтар болсақ, қанаты енді ғана қатайып келе жатқан балапан құс секілді. Ол есейіп, қыран боламын дегенше жан-жақтан төнер қауіп көп-ақ. Оларға қасқая қарсы тұру үшін оған өжеттік керек. Сол секілді жас мемлекетке де сұқтана қарап отырғандар жетерлік. Олардың озбырлығына тосқауыл болу үшін қазақ әскері сақадай сай болуы тиіс. Қазір мамыражай, бірлік-береке құрып тұрған кезеңде өмір сүрудеміз. Десе де, мықты әскер – қуатты мемлекеттің қалқаны. Осы себепті де әскердің мықты болуы үшін сарбаздардың өздеріне деген сенімділігі мен батылдығы жан серігі болуы шарт. Ал белдескеннің белін бүктіріп, тірескеннің тізесін сындыратын сарбаздардың қатары көп болсын десек, бала жастан жігіттік жасқа толған ел ұландары әскери өмірді міндетті түрде көруі керек. Онда темірдей тәртіп бар. Ал тәртіп бар жерде ерлік те, елдік те, ынтымақ-бірлік те, абырой мен атақ та бар екені ақиқат.
Қолына қару ұстап, ұрыс тәсілін меңгермеген, қиындығы мен қызығы көп әскери өмірді көрмеген жігіттер оған асықса дейміз. Көп жыл қашып жүріп, бос белбеу болғанша, бір жыл міндетті борышты абыроймен атқарып, ер деген атқа лайық болған дұрыс. «Қашу – жаудан құтылудың жолы емес, өлімнен де жаман, ауыр опасыздық» дейді тағы да қаһарман батырымыз. Сол себепті де жігіттер Отанға опасыздық жасамай, әскерден жалтармай, еркектік намысқа дақ түсірмей, жігіттікке лайық болу қажет. Түптеп келгенде, Отанды қорғау – міндет!
Е.БЕРКІНБАЕВ