Ер жігіт – елдің қорғаны
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деп әрбір адамның туған елін, жерін қорғауы міндет екенін атап өткен. Расында, байтақ Отанды қорғау ер азаматтың парызы саналады. Айбарлы Ата Заңымызда да «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп көрсетілген.
Ер – елдің қорғаны. Өз елінің патриоты болып, жерін қорғауға қауқарлы болуы керек. Кішкентай кезімнен мені анам осыған тәрбиеледі. Нағыз азамат болып қалыптасу үшін батыл, қайсар мінезді болу керектігін үнемі айтып отырды. Соған сай мен бала кезімнен офицер болуды армандадым. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектепте оқып, білім алдым. Спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстандым. Күнделікті жүгіру әдетке айналып, көрші балалармен, жолдастарыммен жергілікті стадионда, көшеде футбол ойынын үнемі ойнайтынбыз. Бұл айбынды сарбаз болу үшін зор пайда тигізгенін сеніммен айта аламын.
Бозбала шақтан жігіттік шаққа жеткенде ер жігіттің алдынан Отан алдындағы әскери борышын өтеу міндеті шығады. Арманыма жету үшін алдымен қасиетті парызымды абыроймен өтеп шықтым. Елордадағы «Ұлттық ұлан» қатырында сап түзеп, әскери өмірге бейімделдім.
Әскери борышымды өтеген соң әскери оқу орнына түсуге бекініп, Петропавлдағы Ұлттық Ұлан әскери институтына грант негізінде оқуға түстім. Бұл әскери-арнайы оқу орнында болашақ офицерлерді даярлайды. Елдің шетінде жүріп ел тыныштығын қорғау – оңай шаруа емес. Әскери тәртіп қатал. Мұнда шыдамдылық, батылдық, қайсарлық, төзімділік қасиеттер қажет. Оқу барысында теориялық жағымен қатар жауынгерлік ұрыс тәсілдерін меңгерудеміз.
Жоғарыда аталған оқу орны Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 02.02.2022 жылғы Қаулысына сәйкес ҚР Ұлттық Ұланының Академиясы болып өзгертілді. Әскери академияда тиiмдi оқуға және сапалы жоғары бiлiм алуға қажеттi жағдайлар жасалған. Курсанттар жабдықталған әскери жатақханаларға орналастырылған, спорт зал, стадион, атқыш тир, клуб, далалық оқу орталығы, лазарет, асхана және басқа да қажеттi объектiлер бар. Оқу ғимараттарында дәрiсханалар, арнайы сыныптар және зертханалармен қатар, курсанттар үшiн компьютерлiк сыныптар, интернетке қосылған 100 орынды оқу залы мен кiтапхана жұмыс істейді. Мұның барлығы – қырағы офицер болып шығуға мемлекеттен жасалған қамқорлық.
Осы тұста, жаһандық жағдайларды бағамдай отырып, әскери мансапты таңдауға ниетті жігіттерді Петропавл қаласындағы академияға оқуға түсуге, сапалы білім алуға шақырамын. Отанымызға, отбасымызға, ата-анамызға қорған болу үшін қажетті қырағылық пен шыдамдылық қасиеттерді осы әскери академияда үйретеді.
Нұрдос БЕКОВ,
ҚР Ұлттық Ұланы академиясының
ІІ курс курсанты