«AMANAT AI TOT»: Сырдария ауданында оқыту жұмыстары басталды
«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының, Kyzylorda HUB және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің бастамасымен қолға алынған «Amanat AI ToT» (Training of Trainers) өңірлік тренерлерді оқыту бағдарламасы Сырдария ауданында басталды.«Әбілпаттаев» бастауыш партия ұйымында басталған оқуға «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, бастауыш партия ұйымының төрайымы Света Сақтапова қатысып, партияның цифрландыру бағытындағы бастамалары туралы айтып өтті.
– Бүгінде «AMANAT» партиясы цифрландыру бағытын стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырып келеді. Өткен жылы партия «Daryn Ustaz» орталығымен бірлесіп «Ustazga AI» жобасын іске қосты. Бұл бастама мыңдаған мұғалімнің жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына жол ашты. «Жастар Рухы» ЖҚ өңірде бірнеше жыл қатарынан 10-11 сынып оқушылары арасында спорттық бағдарламалау олимпиадасын ұйымдастырып, жеңімпаздарға Қорқыт ата университенінің білім гранттарын табыс етуде. Ал, бүгінгі «AMANAT AI ToT» бағдарламасы – сол жұмыстың заңды жалғасы. Бұл жоба – тек білім беру алаңы ғана емес, өңірлердегі цифрлық теңсіздікті азайтып, жастарға нақты мүмкіндік беретін маңызды қадам. Осы бағдарламаға ауданымыздан арнайы мамандар қатысып келді, енді олар бастауыш партия ұйымдарында оқыту жұмыстарын бастауда, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Айта кету керек, «AMANAT AI TOT» бағдарламасы барысында қатысушылар генеративті жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, нейрожелілермен жұмыс істеу қағидаттарын үйренеді. Сонымен қатар, ЖИ көмегімен мәтін, сурет және презентациялар дайындау, заманауи «vibecoding» тәсілдері арқылы бағдарламалау дағдыларын игеру қарастырылған. Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – (Training of Trainers) форматы. Яғни қатысушылар күрделі технологияларды қарапайым тілмен түсіндіруді, сондай-ақ өз өңірлерінде оқыту іс-шараларын ұйымдастыру әдістерін меңгереді.
Оқыту жұмыстары алдағы күндері «Тәжібаев», «Тоқтыбаев», «Құндызды» бастауыш партия ұйымдарында жалғасады.










