Ардақты ұстаз атындағы сынып ашылды
Шіркейлі ауылында тағылымы терең іс-шара өтті. Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейде ұлағатты ұстаз Байназар Сүлейменов атындағы бастауыш сынып кабинеті ашылды. Тарихи сәтке аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Мамытов, ауыл әкімі Т.Құламқадіров, ауыл ардагерлері мен тұрғындары қатысты.Бұған дейін аудандық газет бетінде «Ізгіден қалған із» атты «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Байназар Сүлейменов туралы кітап шыққаны жөнінде мақала жариялаған едік. Бұл ретте ұлағатты ұстаз есімі аудан тұрғындарына етене таныс.
– Байназар Сүлейменов – ұстаздық жолдағы ғибратты істерімен, ел шежіресін жетік білетін қайраткерлігімен, қаламгерлік қарым-қабілетімен қоғамда абыройлы болған ардақты азамат. Адам өмірден өткенімен, оның жақсы ісі ел есінде мәңгі сақталады. Бүгін ардақты ұстаздың есімі ұлықталып, өзі зейнетке шыққанға дейін еңбек еткен білім ордасы – Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінде ағарту саласының үздігі Байназар Сүлейменов атындағы бастауыш сынып кабинеті берілді. Бұл ұрпақтар сабақтастығының көркем көрінісі деп айтар едім. Ұстаз шәкіртімен мың жасайды. Бүгінде Байназар Сүлейменовті бір емес бірнеше буын өкілі ұстаз санайды. Халқымыз «Орнында бар оңалар» деген. Бүгінде қайраткер-тұлғаның ұрпақтары өсіп-жетілді, балалары елдің ағасы атанса, қыздары бір-бір әулеттің түтінін түтеткен ардақты ана болды. Олардан тараған ұрпақтар да іргелі әулетті көпшілікке танытып, түрлі салада нәтижелі еңбек етіп жүр. Кейінгілері озат оқушы, ізденімпаз студент, жігерлі жас маман. Олар аталарын, әкелерін мақтан тұтады және есімін тарихта мәңгі қалдыру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенін қалайды. Осы ретте ардақты азаматты еске алып, арнайы сынып ашуға үлес қосып, бастама көтеріп жүрген ағамыздың ұрпақтарына өз ризашылығымды білдіремін, – деді мектеп-лицей директоры А.Оспанов.
Өз кезегінде сынып лентасы қиылып, жас ұрпаққа табысталды. Тарихи-танымдық ақпараттар орналастырылған сыныпта жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына жағдай жасалған. Аға буын есімін ұлықтау жолында атқарылған елеулі іс-шараға ардагер ұстаздың замандастары, бірге қызмет атқарған әріптестері мен мектеп мұғалімдері куә болды. Ардақты азаматпен бірге еңбек еткен, ардагер ұстаз Қанатбек Әбілқасым келер ұрпақ үшін маңызды іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, естеліктерімен бөлісті.
– Байназар ағамыз еңбексүйгіш, үлкен жүректі азамат еді. Ол кісі ұзақ жыл бойы облыстық, аудандық газеттерде түрлі тақырыпта мақала жазып, басылым мен оқырман арасына алтын көпір бола білді. Ол кісі әркез «Алғашқы ұстазым – Қуаныш Баймағанбетов» деп айтып отыратын. Ұстазының жырларын жатқа айтатын. Меніңше, Байназар ағаның қаламгерлік қарым-қабілеті ата-анасының тәрбиесімен, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетовтей ұстазының ақ батасымен қалыптасты. Менің де ол кісіге арнау өлеңдерім бар. Байназар аға да мені інім деп жақын тартып, бірнеше рет маған арнап өлең жазып берген еді, – деген еңбек ардагері Қанатбек Әбілқасымов жаңа сыныптың ашылуымен құттықтап, мектеп оқушыларына сәттілік тіледі.
Байназар Сүлейменов – сонау 1929 жылы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Ол кезде ауыл «Қызыл Ту» ұжымшары деп аталған. Жастайынан білімге құмар, белсенді әрі епті болып өскен ол орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оқу орнында қоғамдық жұмыстарға, іс-шараларға белсенділікпен қатысып, оқытушы ұстаздардың оң бағасына ие болады. Кейіннен өзі түлеп ұшқан ауылға келіп, алтын ұя мектепте ұстаздық еңбек жолын бастайды. Бір білім ордасында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелейді. Ел балаларының өмірден өз орнын табуына жол ашып, бағыт-бағдар берген абзал азаматтың жолын бүгінде ұрпақтары жалғап келеді.
Айта кетейік, жаңадан ашылған сыныпта ұстаздың өмір жолы, қоғамдық қызметіне байланысты қабырға стендтері, алған марапаттары мен портреті кабинет төрінен орын алған. Осындай құнды деректер жиналған кабинеттер оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, ұстаз жолынан үлгі алуға үлкен септігін тигізері анық.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ








