Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел игілігіне арналған жобалар талқыланды

Ел игілігіне арналған жобалар талқыланды

Сырдария ауданында жергілікті халық қалаулылары көпшілікпен кездесіп, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалуы туралы жөнінде ақпарат беруде. Кездесуге Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Ембергенов пен Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, аудандық мәслихаттағы депутаттық Фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Марат Бакуов қатысты.

Халық қалаулылары Тереңөзек кен­тінде Халыққа қызмет көрсету орта­лығы, «Руханият орталығында», Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектеп базасында кездесу ұйымдастырды.

– «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Сыр­дария ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Бағдарлама аясында халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар атқарылуда. Аудан көлемінде жол жөн­деу, ауызсу, денсаулық сақтау және білім беру салаларында қолға алынған жобалар – соның айқын дәлелі. Әсіресе, елді мекендердегі өзекті мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуі тұрғындардың билікке деген сенімін арттырып келеді. Бұл ретте, бағдарламаның басты қағидаты – халықпен кері байланысты күшейту мен ашықтықты қамтамасыз ету. Жергілікті атқарушы органдар мен партия өкілдерінің бірлескен жұмысы нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беруде. Ал­дағы уақытта да «Халықпен бірге!» бағдарламасы аясындағы бастамалар жалғасын тауып, Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенеміз, – деді облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов.

Өз кезегінде Сырдария аудандық мәс­­­лихатының депутаты А.Ибрагимұлы «AMANAT» партиясынан ұсынылып, сай­лан­ған аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы­ның, аудан әкімі орынбасарларының, бөлім басшыларының қабылдаулары да тұрақ­ты түрде өткізіліп келе жатқанын айтып, жетекші партияның халық игілігі жолында атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.

– Қабылдауға келушілердің мәселесі жан-жақты зерттеліп, тиісті бөлім, ме­кеме басшыларына тапсырма беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Пар­тиямен бірлесе өткізген әр қабылдауда жеке және заңды тұлғалар тарапынан көтерілген әр сұрақ, әр өтініш, әр ұсыныс назардан тыс қалмайды. Олар біздің жіті бақылауымызда, түбегейлі шешіліп, орындалғанға дейін жұмыс істейміз. Осы ретте партияның аудандық филиалында «Құқықтық көмек» және «Халыққа көмек» партиялық жобалары аясында аудан әкімінің, аудандық мәслихат төра­ғасының, аудан прокурорының және аудандық полиция бөлімі бастығының бірлескен қабылдауы да өткізілгенін айта кетейін. Мұндағы басты мақсат – халықтың мәселесін бірлесе ақылдасып, бірлесе шешу. Мәселесі бар тұрғын өз өтініш-ұсынысы бойынша әкімге бір барып, мәслихат төрағасына бір барып, прокуратура мен полиция бөліміне бір барып, уақыт құртпауы керек. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасы осындай жүйелі жұмыстарға сәйкес келеді. Жалпы, партия бірлескен қоғамдық қабылдаулар мен көшпелі қоғамдық қабылдауларды өткізуді жүйелі ұйымдастырып келеді және алдағы уақытта да жалғастыратын болады, – деді А.Ибрагимұлы.

Расында, «AMANAT» партиясынан ұсы­нылып, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған халық қалаулыларының басты міндеті, ол – жұртшылықты өзекті мәселелерін шешуге атсалысу екені мәлім. Яғни, депутаттық сауалдар мен ұсыныстар енгізу бағытындағы жұмыстарға атқарушы хатшы кеңінен тоқталды.

– «AMANAT» партиясынан ұсы­ны­лып, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған депутаттар сауал жол­дап, ұсыныс енгізіп қана қоймайды, олардың шешілуіне атқарушы ор­ганмен бірлесе жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысымен «AMANAT» партиясының мүшесі болып табылатын аудандық мәслихат депутаттары та­ра­пынан барлығы 132 депутаттық сауал жолданды. Сауалдардың басым көпшілігі аудан әкіміне және аудан әкімінің орынбасарларына, дербес бөлімдердің басшыларына, кент және ауылдық округі әкімдеріне жолданған. Бүгінде облыс және аудан әкімінің қолдауымен депутаттар жолдаған сауалдардың 73-і толық орындалса, 52-і орындалу үстінде. Ал 7 сауалдың шешілу жолдары қарастырылуда. Айтып өту керек, аудандық мәс­лихаттың да, партияның аудандық фи­лиалының да тарихында бір жылдың ішінде «AMANAT» партиясының мүшесі болып табылатын аудандық мәслихат депутаттары тарапынан 132 сауал жолданған кез болған жоқ. Фракция мүшелерінің атқарып жатқан жұмысы, депутаттық сауалдарының мазмұны мен сапасы, өзектілігі, оның орындалуы Фракция отырыстарында талқыланып, депутаттардың есебі тыңдалып келеді, – деді А.Ибрагимұлы.

Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, Фракция мүшесі Марат Бакуов ауылдың әлеуметтік-эконо­микалық, қоғамдық-саяси дамуы жо­лында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы басым бағыттар туралы айтты. Халықтан түскен ұсыныс-пікір­лер негізінде жолдаған депутаттық сауалдары мен партиялық жобалар жөнінде ақпарат берді.

– Аудан инфрақұрылымын жаң­ғырту, елді мекендердің инженерлік желілерін жетілдіру, тұрғындарды сапалы медициналық және білім беру қызметтерімен қамту бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың табысын арттыру мәселелері де негізгі ба­сымдықтардың қатарында. Жүргізіліп жатқан барлық жұмыстың тиімділігі – нақты көрсеткіш пен халықтың күнделікті тұрмысындағы оң өзгерістер арқылы көрініс табуда. Бұл өз кезегінде бағдарламаның өміршеңдігін және оның ел сұранысына сай әзірленгенін дәлелдейді. Бағдарламаның орындалу барысындағы ашықтық пен есептілік қағидаттарының сақталуы, сондай-ақ тұрғындармен тұрақты кері бай­ланыстың орнауы – атқарылып жатқан жұмыстың сапасын арттыра түсуде, – деді Марат Бакуов.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
21 сәуір 2026 ж. 49 0