Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫН ТОЛҒАҒАН ТУЫНДЫ

ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫН ТОЛҒАҒАН ТУЫНДЫ


Әбдіжәміл Нұрпейісов – ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан Қазақстанның Халық жазушысы. Халық сүйіп оқитын қаламгердің шығармалары әрдайым талданып отырады. Осы орайда, облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында «Теңіз тағдырын толғаған туынды» тақырыбында дебат өтті. Онда мамандар Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз романын талдады.
Басты мақсат – Қазақстанның халық жазушысы, әлемнің бірнеше тіліне аударылып, төрткіл дүниедегі қалың оқырманға танымал болған Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын талдау арқылы бәсекелік қабілет пен сананың ашықтығын дамыту, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, әлемдік мәдениет көшіне ілесу әрі ең бастысы қазақ халқының рухани бай дүниесін паш ету.
  Заңғар жазушының туған топырағында өткен шараның ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов: «Мінекей, бүгін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жазушы шығармашылығына терең үңіліп, «Соңғы парыз» романын талдау арқылы қазақ халқының рухани бай дүниесін паш ету көзделіп отыр. Ендеше, ойы орамды, тілі жүйрік қаламгердің шығармашылығын талдауға келген барша дебат қатысушыларына сәттілік, тілеймін!» - деп, ізгі ниетін білдірді.
  Облыстық сайысқа Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Арал аудандары мен Қызылорда қаласынан келген ұстаздарынан құралған жеті топ қатысты. Ал әділқазылар құрамында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қ.Есемсейітова, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы Ә.Әбдіқалықова мен «Рухани қазына» бөлімінің басшысы С.Қосанов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты А.Айтбаева, «Өрлеу» БАҰО АҚ Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, халықаралық тренер М.Омарова болды.
  Дебат барысында әр топ шығарма желісіндегі оқиғалар легін «жақтаушы» және «даттаушы» негізінде қарастырып, романдағы көріністерді жік-жігімен талдап, ой орамдарын ортаға салды. Сайыста әр ұстаз өн бойындағы дара қасиеттері мен білімі арқылы оқушылардың белсенді азаматтық болмысын, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыра алатын деңгейде екендіктерін дәлелдеп шықты.
  Төрт сағатты қамтыған сайыста Шиелі ауданының тобы озық ойлылығымен танылды. Келесі жүлделі орынды Арал ауданының тобы иемденді. Ал, Қазалы ауданының қатысушылары ІІІ орынға тұрақтады.
 Айта кетейік, шараны аудан әкімдігі мен аймақтық "Рухани жаңғыру" орталығының ұйымдастырды. Тартымды өткен дебат аясында "Ә.Нұрпейісовтің шығармалары арқылы оқырмандық қызығушылықты қалыптастыру тәжрибемізден» атты көрме ұйымдастырылды. Оған облыстық шараға қатысушы командалар белсене қатысып, өздерінің көрме бұрыштарын таныстырып өтті.
Көрме сайысының қорытындысы бойынша I орынды - Арал ауданы, келесі жүлделі орынды Қазалы ауданы, ал III орынды Жалағаш ауданы иеленді.
Бұған қоса, сайысқа белсене қатысқан мұғалімдерге Алғыс хаттар табысталды.



23 сәуір 2018 ж. 1 073 0